АЛАЯҚТАР АРБАУЫ
Алдауға әйелдер бейім келеді
Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Қамбар Нұрышевтің айтуынша, бүгінде жергілікті соттарда алаяқтық қылмыстарға байланысты қаралған қылмыстық істің саны көп. Сот үкімі шыққан жағдайлар да жеткілікті.
— Қазіргі күні Атырау облысының аумағында үлкен құрылыстар жүріп, тұрғын үйлер көптеп пайдалануға берілуде. Бұл жағдайды алаяқтар тиімді пайдаланып қалуға ұмтылатындай. Соңғы кезде тұрғындарды «арзан пәтер алып беремін» деп алдап, қыруар ақшасын иеленіп, ізін жасырып кететін жағдай жиілеп кетті. Сонымен қатар, «жалақысы көп жұмысқа орналастырамын» деп оңай олжаға кенелетіндер де табылуда. Қынжылтатыны, аталған қылмыстарды көбіне әйел адамдар жасайтыны анықталып отыр. Сот және өзге құзырлы орындар мұндай жандардың заңсыз тірлігіне уақытында тосқауыл қоюда. Дегенмен, жұртшылықтың өзі алаяқтардан сақтануға күш салуы керек. Ақпарат құралдары көлденең жағдайларды болдырмауға үлес қосса деген тілегім бар, — дейді Қамбар Жұмабайұлы.
«Қылмыс әлемінің элитасы»
Алаяқтар «қылмыс әлемінің элитасы» саналады екен. Асылы, бұл олардың басқа қылмыскерлерден өзгешелігінде, жоғары интеллектуалдылығы мен адам психологиясын жақсы меңгергендігінде болса керек. Мамандардың пікірінше, заңсыз жолға түскендер кез келген жанмен тіл табысып кете алады және оны өзіне қаратып алуға әккіленген. Жан-жақты, экономика, ақпараттық технология, өзге салалардан хабары мол жандардың қулығына шыныменен де құрық бойламайды. Атырау қалалық прокурорының көмекшісі Айболат Бектен биылғы тек бір айдың өзінде 124 алаяқтық дерегі тіркелгендігіне тоқталып отыр. Оның әңгімесінен ұққанымыз, алаяқтық қылмыстар көбіне ақша қаражаты мен ұялы телефондарға қатысты орын алып жатады. Көлік құралдары, зергерлік бұйымдар мен асыл металдар, техника, құжаттар, соның ішінде жылжымайтын мүлік құжаттары, азық-түлік тауарлары қылмыстың негізгі нысаны болып табылады.
Алаяқтардың адам санасына терең бойлап, олқы тұсын дәл басатыны белгілі болып отыр. Оңай жолмен олжа табамын дегендер олардың құрығына тез түседі екен. Осының айғағы дерліктей қылмыс жуырда Атырауда орын алды. Облыстық ішкі істер департаментінің қылмыстық полиция қызметкерлері атыраулық фирманың бірінің директорын ұстады. Оның үстінен «Алаяқтық» бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары қолға алынды. Әңгіменің кейіпкері әрбір қадамын әбден ойластырыпты, әрекеті де майдан қыл суырғандай жымысқы. Ол «бізге ақша салсаңыз, ай сайын 30 пайыз көлемінде сыйақы алып отырасыз» деп көпшіліктен қыруар қаражат жинаған көрінеді. Онымен қоймай, «Үй», «Автокөлік» деген секілді бағдарламалар ойлап тауып, табысын одан әрі үстей түскен. Алданғанын енді білген тұрғындар еріксізден сандарын соғуда.
— Қазіргі күні күдіктіге қатысты шағымданушы адамдардың саны 70-тен асты. Ал, келтірілген материалдық шығынның көлемі 41 млн. теңгенің көлемін құрайды, — дейді осы іске қатысты облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтаровадан сұрағанымызда.
Алаяқтар өзін қалай ұстайды?
Құқық қорғаушылар «тұрғындардың өздері алдануға жол беріп жатады. Жеңілдетілген несие алу үшін банкке, арзан баспана иемдену үшін тиісті мемлекеттік мекемелерге барса, көлденең жағдайлар көбірек кездеспес еді» дейді. Ал, тәжірибелі психолог Гүлмира Гумарова пысықайлардың өз ойлағандарына қол жеткізу үшін неше түрлі амал-айлаға баратынына көпшіліктің назарын аударады.
— Алаяқтар өздерін өте ықпалды, өмірде жолы болған, табысы артқан адам ретінде көрсетеді. Әңгімелескенде де тілі жұмсақ. Алғашқы жалған әсер туғызғаннан соң болашақ құрбанына әңгіме барысында әдеттегіден тиімді келісім ұсынады. «Жалақысы жоғары жұмысқа орналастырамын, кезексіз пәтер немесе жер алып беремін» деп ұсыныс айтқанында ауыз аштырып, көз жұмдырғандай. Сөзінің «өтірік еместігін» дәлелдеу үшін шағын қойылым ұйымдастыруы да мүмкін. Оның сөзіне иланғандар ақыр аяғы асығыс жасалған әрекетінен опық жеп, қатты өкініп жатады, — дейді психолог маман.
Азамат БАЗАРБАЕВ.