
Алаяқтың арбауына түспеу үшін…
Бүгінде интернет біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Керегімізде онлайн режимде сауда-саттық жасаймыз, білім аламыз, қаржылық операцияларды орындаймыз, басқа да шаруаларымызды жүзеге асырамыз. Бұны қазіргі заманның артықшылығы ретінде бағаласақ, оның кері әсері мен тигізер залалы, келтірер қаупі де аз емес. Соның айғағындай, қоғамда күннен күнге интернет алаяқтық белең алып, оның түрлері де көбейе түсуде. Сондықтан қауіптің алдын алып, азаматтарды, қарапайым адамдарды алаяқтардың арбауына түспеуі үшін одан сақтандырудың маңызы зор.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен, Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қолдауымен форум өткізілді.

«ХХІ ғасырдың сандық триггерлері» тақырыбында ұйымдастырылған іс-шараға жергілікті құқық қорғау құрылымдарының жауапты қызметкерлері, барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутатттары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.
Форумды облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов кіріспе сөзбен ашып, ұйымдастырылып отырған шараның мәні мен маңызына тоқталды. Форумның жұмысына сәттілік тілеп, оның мәселеге мүдделі тараптар арасындағы ашық диалог алаңына айналарына сенімділігін білдірді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілген форумның күн тәртібіне сәйкес, спикерлер интернет аялаяқтықтың алдын алу, бұл салада цифрлық сауаттылықтық деңгейін көтеру, ақпараттық компаниялар құру, техникалық қорғаныс құралдарын қолдана білу, құқықтық және заңнамалық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету төңірегінде әңгімеледі.

–Интернеталаяқтық – бүгінгі цифрлық қоғам үшін маңызды мәселе. Сол себепті оның алдын алып, жолына тосқауыл қою, бұл қауіпті кеселдің тамырына балта шабу, осы тұрғыда батыл әрекет етіп, қарқынды қарекет қылу – қоғамның алдында тұрған мерейлі міндет, түпкі мақсат. Тек сонда ғана азаматтарды, отандастарымызды алаяқтардың арбауына түсірмей, тұзағынан құтқара аламыз, — деп түйіндеді Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының міндетін атқарушы Балнұр Есенгелдинов.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ