АҚШАҒА ҚЫЗЫҚҚАН ҚАРАҚШЫЛАР
Қылмыстық іс материалдарында анықталғандай, 2012 жылдың наурыз айында екі таныс Ақтөбеден пойызбен Құлсары қаласына келеді. Осы жерде жергілікті тұрғынға жолығып, үшеуі қылмыстық жоспар құрады. Соңғы аталған таныс әлгі екеуге «Кең Жылыой» ықшамауданында ауқатты адамдар тұратынын, олар үйлерінде көп ақша ұстайтынын айтады.
Сөйтіп, қылмыстық топ сол жылдың 16 наурызы күні алдын ала ойластырған үйге барады. Біреуі сыртта күзетіп қалып, өзге екеуі үйдің терезесін сындырып, ішке енеді. Олар бөлме ішінен 400 мың АҚШ доллары, 2 мың евро, 8 миллион теңге ақша алады. Осы сапарларында қаскөйлердің қаражаттан өзге де бағалы дүниелерге қолдары жетеді. Соның дәлеліндей, құны 3 миллион теңге тұратын бриллиант білезік, сақина, сырғалар, 700 мың теңгенің бриллиант алқасы және жалпы құны 90 мың теңге болатын алтын бұйымдар салынған сейфті ұрлап, ен байлықты еншілейді. Қазынаға қарқ болғандар оқиға болған жерден бой тасалап қашады. Баукеспелер осылайша жәбірленушіге 71 миллион теңгеден астам шығын келтірді.
Бірақ, қылмыс жасағандар алысқа ұзамай, қолға түсті. Нақты дәлелдердің нәтижесінде олардың қылмыстары әшкереленді. Сот үкімімен сотталушылардың екеуі 7 жылға, ал біреуі 6 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен алынған материал бойынша дайындалды.