Жарнама
Құқық

Академик Салық Зимановтың 100 жылдығына орай республикалық конференция өтті

Академиктің туғанына 100 жыл толуына арналған шара Н.Балғымбаев атындағы даму және коммуникациялар орталығында жалғасты. Шара модераторы облыстық сот төрағасы Бауыржан Жұмағұлов конференция жұмысына сәттілік тіледі.

«Салық Зиманов және қазақ мемлекеттілігі: тарихы мен құқықтық дамуы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция академиктің ғылыми мұрасына арналды. Пленарлық мәжіліске бейнебайланыс арқылы қатысқан Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов, Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов Салық Зимановтың адами болмысы мен ұлттық құқықтық жүйесінің қалыптасуына қосқан ерен еңбектерін саралады.

cd41cc8e ff80 4181 9d1d 724cd40b9e5d

Салық Зиманұлының есімі отандық юриспруденцияның тарихына алтын әріптермен жазылған. Бұл туралы облыстық әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихова әңгімеледі. Оның айтуынша, Салық Зиманов Тәуелсіздіктің 30 жылындағы сот реформасының бастауында тұр.

Өз кезегінде қалалық №2 сотының судьясы Дәуренбек Даумов қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі екеніне тоқталды.

– Бұл туралы академик Салық Зиманов өзінің төрт тілде шыққан «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» дейді. Расында, қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол»  деген тамаша тәмсіл бар. Дала заңдары үстемдік құрып тұрған тұста әрбір қазақ отбасы ұрпағынан би шыққанын қаласа керек, — деді Д.Даумов.

Тәуелсіздік жылдарындағы өңірлік университеттердің дамуы және кәсіби мамандар дайындаудағы академиктің ролі ерекше екені белгілі. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов осы тақырып төңірегінде тұжырымды пайымдады.

– Атырау өңірінің интеллектуалдық әлеуетінің өсуі мен жаңа форматтағы мамандар дайындауда зор үлес қосқан академик Салық Зиманов болатын. Атырау өңірінде кәсіби заңгер мамандарын дайындау мақсатында 1998 жылы құқықтану мамандығы ашылып, 1999-2000 оқу жылында заң факультеті ашылды. Бүгінде екі кафедра —   азаматтық-құқықтық пәндер және қылмыстық-құқықтық пәндер кафедралары болашақ заңгерлерді дайындайды, — деген ол студенттерге білікті мамандар дәріс беретінін айтты.

Панельдік отырыста «Қылмыстық процестің үш буынды моделі – адам құқықтарын қорғаудың жаңа кепілі» деген тақырып талқыланды. Алдымен Парламент Мәжілісінің депутаты Нәзилә Раззак Қазақстанның құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің қызметін жақсарту жөніндегі заңнаманың кейбір тармақтарын сараптады.

Қазақ гуманитарлық заң университетінің ғылыми сараптама және талдау институтының директоры Марат Қоғамов, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдары академиясының профессоры Виталий Хан қылмыстық іс жүргізудің негізгі функциялары туралы пікірлерімен бөлісті.

Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал Гилим, полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев, қалалық №2 сотының төрағасы Мейрамбек Нағашыбаев қылмыстық процестің үш буынды моделін жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Конференция қатысушылары «Салық Зиманұлының Тәуелсіз қазақ мемлекетінің құқықтық платформасының қалыптасуындағы ерен еңбегі ел жадында қалады» деген пікірмен шараны қорытындылады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button