Әдепті қызметкер – мемлекет айнасы

farida Құқық

Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы. Яғни, сала қызметкерлеріне қарап, елдің бағыт-бағдарына баға беруге әбден болады. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты қағидаты әдептілік болып саналуы да осы мақсат-мүддеден туындаса керек.

Жалпы тәртіп бар жерде нәтиже де болатыны белгілі. Ендеше, бүгінде сала мамандары арасында бұл үрдіс аса қажет. Атырау облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметовамен сұхбат мемлекеттік қызметшілер мен бұқара арасындағы байланыс көпірінің қазіргі деңгейі аясында өрбіді.

– Фарида Төлегенқызы, бүгінде облыста әдеп жөніндегі уәкілдің жұмысы қалай ұйымдастырылуда?

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысын арнайы бекітілген жоспарға сәйкес ұйымдастырып жатыр. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілерге, жеке және заңды тұлғаларға консультациялық көмек беріледі. Былтыр облыста 2 мыңға жуық азаматқа осындай көмек көрсетілді. Оның ішінде, 775-і – мемлекеттік қызметші, 1152-сі – жеке немесе заңды тұлға.

Консультациялық жұмыстар аудандарды аралау арқылы да жүзеге асырылды. Мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі әлеуметтік қолдау, жұмыс кестесінің икемділігі, жалақы төлеудің жаңа факторлық жүйесі, мемлекеттік қызметшілерді қысқарту, еңбек заңнамасы аясындағы құқықтары, басшылық тарапынан берілетін тапсырмалардың заңдылығы, карантиндік талаптар аясында, басқа да қызмет кезінде туындаған сұрақтармен жүгінді.

Ал, жеке және заңды тұлғалар атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жол салу, медицина саласындағы және пандемия кезеңімен байланысты туындаған мәселелер, сондай-ақ, мемлекеттік органға жүгінгенде орын алған кедергілер аясындағы сұрақтармен хабарласты. Оларға қолданыстағы заңнамалар негізінде тиісті мемлекеттік орган өкілінің қатысуымен кеңестер берілді.

Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелілігін арттыру үшін жергілікті атқарушы орган басшыларының жеке және заңды тұлғаларды қабылдауын жандандыру, өтініштерін қарау барысында өтініш берушінің мәселесін толыққанды зерделеп, кедергілерге барынша жол бермей, сұраған қажеттіліктері заңды немесе заңсыз екенін көрсете отырып, объективті түрде қарау, мүдделер қақтығыстарын болдырмау жөнінде 46 ұсыным енгізілді. Барлық деңгейдегі әдеп жөніндегі уәкілдердің қатысуымен есепті кезеңде қала және аудандарда «Бірыңғай консультациялар күні» өткізіліп, тұрғындармен кері байланыс орнатылды.

Тіркелген арыз-шағымдар аяқсыз қалмауы керек қой. Осыған орай, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары жөнінде білсек…

– Былтыр қаралған барлығы 41 өтінішке қолданыстағы заңнамалар шеңберінде жауаптар беріліп, өтініш берушінің тиісті құқықтары қалпына келтірілді. Атап айтқанда, 14 өтініш жеке тұлғадан, 2 мемлекеттік органнан, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 9, басқа көздер бойынша 6 өтініш тіркелді. Арызданушылардың барлығының құқықтары мен заңды мүдделері қайта қалпына келтірілді. Барлық өтініш әдеп жөніндегі уәкілдің қызметіне қатысы болмаса да, сұрақтар тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, жауаптар берілді.

Ал, биыл алғашқы төрт айда «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы азаматтардан 15 арыз түсіп, 2 шағым бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тергеп-тексеруге ұсыным берілсе, 1 лауазым иесінің әдептілік нормаларын бұзуына қатысты шағым департамент жанындағы әдеп кеңесінің қарауына жолданды. Қазір 1 лауазым иесіне қатысты шағым қаралуда. Қалған шағымдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті жауаптары берілді.

– Әдеп жөніндегі түсіндірме және алдын алу жұмыстары қалай насихатталуда?

– Біз бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Былтыр газеттерде 45 мақала жарияланса, әлеуметтік желі арқылы жүргізілген жұмыстар да аз емес. Биыл да бұл жұмыстар жақсы қарқынмен жалғасын тауып жатыр. Бүгінде әдеп жөніндегі уәкілдердің әлеуметтік желідегі белсенділігі мен танымалдығы артты. Мысалы, әлеуметтік желі арқылы 15 рет тікелей эфир, 30-дан астам бейнеролик, мемлекеттік қызметтегі шектеулер мен тыйымдарды қамтитын мәліметтер жарияланды. Сондай-ақ, телеарналар мен радиода мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және әдеп жөніндегі уәкілдердің функциялары жөнінде сұхбат берілді.

«Адал көмек» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің алаңында тікелей эфирге шығып, мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік органда корпоративтік мәдениетті нығайту, салауатты әлеуметтік-психологиялық еңбек ахуалын дамыту, халықпен сындарлы диалог орнату және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бөлігінде маңызды роль атқарады. Атырау облысы әкімдігінің арнайы сайтында бейнероликтер жарияланып, «Мемлекеттік органда этикалық нормаларды сақтау бойынша қабылданатын шаралар қаншалықты тиімді?» тақырыбында бұқара арасында сауалнама өткізілді. Сондай-ақ, тиісті құзырлы орындармен бірлескен «дөңгелек үстелдер», басқа да басқосулар жиі ұйымдастырылуда.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің бастамасымен қолға алынған «Тәлімгерлер кеңесі» жобасының аясында кеңес мүшесі ретінде мемлекеттік әкімшілік басшылық лауазымға жаңадан тағайындалған бірінші басшылардың алдағы жоспары мен міндеттері талқыланды. «Атырау – Адалдық алаңы» жобасымен бірлесіп, шалғай ауылдарды аралап, тұрғындармен 12 рет қабылдау, 25 рет халықпен кездесу ұйымдастырылды. Облыстағы «Ақиқат», «Аналар үндестігі», басқа да үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру мақсатында диалог алаңдары қолға алынған. Танымал блогерлермен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілердің бұқаралық ақпарат құралдарында жағымсыз жағынан көрінуін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«АMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде қабылдаулар өтіп жүр. Биыл «Ауыл» демократиялық партиясы, қоғам белсенділері және журналистердің қатысуымен мемлекеттік қызметшілерге бекітілген қызметтік көліктердің тиімді пайдалану жағдайына мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 5 құқық бұзу дәйегі анықталып, ұсыным берілді.

– Мемлекеттік қызметте ұжымның әдептілік деңгейін анықтап, тексеріп отыру маңызды. Осы бағыттағы жұмыстар қалай, қандай форматта қолға алынған?

– Мемлекеттік органдарда жылына кем дегенде екі рет қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, сондай-ақ, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін талдау мақсатында жасырын сауалнама жүргізіліп тұрады. Былтыр сауалнамаға қатысқан респонденттердің 95%-ы еңбек ұжымдарындағы моральдық-психологиялық ахуалдың ұнайтынын көрсетті. Жауап берушілердің 97,2%-ы тікелей басшылық ұжымда тек  іскерлік қатынастардың қалыптасуына мүмкіндік жасайтынын айтқан.

Былтыр басқармалар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша 330 респонденттің 93,9%-ы «менің әріптестерімнің маған деген қарым-қатынасы әр кезде әдепті және сыпайы» деп көрсетсе, 5,7%-ы «үнемі емес», ал 0,4%-ы «жоқ» деп жауап берген.

Сұхбаттасқан

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз