Жарнама
ҚұқықСарапTime

«АДАМИ ҚАСИЕТІҢДІ ЖОҒАЛТПАУ… бәрінен де маңызды»

– СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ СОТ САЛАСЫНДА БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛЫП ЖАТЫР. АТАП АЙТҚАНДА, ӘКІМШІЛІК ӘДІЛЕТ ИНСТИТУТЫ ҚҰРЫЛЫП, СУДЬЯ ЖӘНЕ СОТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ БЕЛГІЛЕНДІ. СОНЫҢ ІШІНДЕ, ТАРИХИ ОҚИҒАЛАРДЫҢ БІРІ – БИЫЛ ӨТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМДА КОНСТИТУЦИЯҒА ЕЛЕУЛІ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗІЛДІ. ЖЕР ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚОЙНАУЫ, СУ КӨЗДЕРІ, ӨСІМДІКТЕР МЕН ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ, БАСҚА ДА ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ХАЛЫҚҚА ТИЕСІЛІ БОЛАТЫНДЫҒЫ АЙТЫЛДЫ.

Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады, өлім жазасына тыйым салынды. Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейді. Азаматтардың белсенділігі артып, құқық қорғау саласы нығайды, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдері жетілдірілді, — деп бастады әңгімесін Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихова. – Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесіне қоғам бір адамдай атсалысты. Қазақстанның әр аймағында осы мәселе кеңінен талқыланған болатын. Әр аймақта түрлі отырыстар, жиындар өтіп, оған үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық даму институтының өкілдері қатысты. Республикалық референдумда қабылданған маңызды өзгерістер жаңа Қазақстан құруда және еліміздің одан әрі өркендеуіне ықпал ететініне сенімім мол.

– Облыстағы судьялардың біліктілігі туралы не айтасыз? Осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Судья – Қазақстан Республикасындағы сот билігінің өкілі. Ол Конституциялық тәртіппен сот төрелігін жүзеге асыру және өзінің міндеттерін кәсіби негізде орындау өкілеттіктеріне ие. Объективті және бейтарап сот ісін жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында судьяларға белгілі бір талаптар қойылады. Әрине, судья болу үшін ең бастысы, өз ісінің білікті, білімді маманы болуы қажет. Абай хакім «адам бол» дегендей, біздің қызметте ең бастысы, адами қасиетіңді жоғалтпау міндет. Атырау облысында облыстық соттан басқа 7 аудандық сот, Атырау қалалық соты, азаматтық, қылмыстық істерді қарайтын қалалық соттар және мамандырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы, қылмыстық, ювеналды, тергеу, әкімшілік, экономикалық соттар бар. Облыстың судьялары еңбек қызметі үрдісінде шеберлікті шыңдау мақсатында қайта даярлау курстарына, сот практикасы бойынша семинарларға тұрақты қатысады. Заңнамадағы жаңашылдықтарды пайдалану және облыстық соттың оқу орталығында біліктіліктерін арттырып, республика Жоғарғы соты жанындағы сот төрелігі академиясынан біліктілікті арттыру курстарынан тұрақты негізде өтіп тұрады.

– Бүгінде сот залында көп қаралатын істерді атасаңыз? Осы тұрғыда сізді не толғандырады?

– Қазіргі таңда сот залында азаматтық істер бойынша – отбасылық ажырасу туралы арыздар және қарыз ақшаны өндіру, қылмыстық істер бойынша – статистикаға сәйкес алаяқтық туралы, ал әкімшілік құқық бұзушылық бойынша – жол көлік ережелерін бұзу немесе ұсақ бұзақылық туралы істер қаралады. Сот қарайтын істер санының көбеюі негізінен даулы істердің өскенін ғана емес, сондай-ақ, қарапайым жұртшылықтың сотқа деген сенімінің арта түскенін де айғақтайды. Осы тұрғыдан алғанда, сот қарайтын істер қатарының өсуін уақыт талабынан туындап отырған табиғи құбылыс деп санау қажет. Еліміз бағыт ұстанған құқықтық[1]демократиялық қоғамда барлық даулы істер сот арқылы шешімін табатыны белгілі. Яғни, қарапайым жұртшылық өз құқықтарын сот арқылы қорғауға бет бұра бастады деген сөз. Енді оның шығу төркініне келетін болсақ, қазақта бір дана сөз бар ғой «Отан – отбасынан басталады» деген. Әр адамның бойында адамгершілік, жауапкершілік, тәрбие деген қасиеттер басым болса мүмкін бұл жағдай да жақсарар ма еді деп ойлаймын. Халқымыз сонау заманнан отбасылық құндылықтарға көп көңіл бөлгенімен, осы құндылықтарымызды өкінішке қарай жоғалтып алғандаймыз. Ұлттық құндылықтарды жандандыру жұмыстарын жүргізу керек деген ойдамын.

Ананың қуанышы

– Қызмет барысында, жұмыс процесінде сан-қилы жағдайлар орын алып жатады ғой. Өзіңіздің басыңыздан өткен ерекше есте қалған оқиғаны айта отырсаңыз…

– Бізде жаңадан ашылған әкімшілік сот алқасы құрылғалы азаматтардың мүддесін қорғауда үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Қызмет барысында бастан өткерген көп балалы ананың жағдайы есіме түсіп отыр. Әлеуметтік осал топтардың қатарына жататын көп балалы ана тұрғын үй[1]коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің үстінен оны тұрғын үйге мұқтаж адамдар тізімінен шығару бойынша әрекетін әкімшілік сотта даулаған болатын. Даудың мәні бойынша талап қоюшы 2016 жылдан бастап көп балалы отбасы ретінде есепке алынған. 2019 жылы кезекте 919-шы болып тұрады. Алайда, 2021 жылы кезектен шығарылған. Бұл жайтқа оның атына тіркелген тұрғын үйдің болуы себеп болған екен. Дегенмен, бірінші сатыдағы сот әкімшілік органның әрекетін заңсыз деп танып, талап қоюшының кезектегі бұрынғы орнын қалпына келтіруге міндеттеді. Апелляциялық сатыдағы сот та бірінші саты шешімімен келісті. Талап қоюшының атына анасы сыйға берген үйдің тіркелгені расталғанымен, үй апатты жағдайда, құрылыс және санитарлық нормаларға сәйкес келмейтіндігі, тұруға жарамсыздығы тиісті сараптамалармен дәлелденді. Осыған байланысты, сыйға алынған тұрғын үй «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес келмейтіні анықталды. Мұндай жағдайда әкімшілік органның талап қоюшының тұрғын үйге мұқтаж емес деген тұжырымы негізсіз. Бұдан басқа, көп балалы ана «Күміс алқамен» марапатталған. Ал, заңның 73-бабына сәйкес аталған алқамен марапатталған көпбалалы аналар заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үй алғанға дейін баспана кезегінен шығарылмайды. Осылайша, екі инстанцияның сот актілері заңды күшіне еніп, кассациялық тәртіппен дауланған жоқ. Сол кездегі ананың қуанғаны әлі көз алдымнан кетпейді. Бұдан басқа, осы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық емес отбасы, әлеуметтік аз қамтылған, осал топтар тізіміне жататын азаматтардың құқықтары қорғалды. Облыста сот шешімдерінің бұзылу фактілері орын алып жата ма? Сот шешімінің бұзылуына қатысты пікіріңізді білсек, бұл қалыпты құбылыс па, әлде арагідік орын алып жататын дүние ме? Мұның себебі неден болады? Сот жүйесі 3 сатыдан тұрады, ол бірінші сатыдағы соты, апелляциялық және касациялық саты. Дау болған соң сот шешіміне екі тараптың бірі қанағаттанса, енді бірі міндетті түрде шағымданып жатады. Азаматтардың сот процесінің қатысушылары болып, сот шешімімен келіспейтін немесе шығарылған шешімді әділ емес деп санайтын жағдайлары орын алып тұрады. Кейбір тараптар шешіммен келіспей апелляциялық сатыда татуласуға келіп жатса, кей кезде тараптар арыздан да бас тартып жатады. Осындай жағдайда бірінші сатының шешімі бұзылады. Жұмыс барысында кемшіліктер де орын алып жататындығы жасырын емес. Бірақ, бұл салада көптеген жұмыстар жүргізілуде. Судьяларға тәлім беріп, сот тәжірибесін талқылау секілді біліктілікті арттыру курстары тұрақты негізде өтіп тұрады.

«Ембіден» басталған еңбек

– Жауапкершілігі зор қызметте бірнеше жылдан бері еңбек етіп келесіз, бұл салаға келуіңізге не себеп болды? Сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?

– Мамандық таңдау деген өзіңнің жаныңа жағатын қызметті ғана таңдап қоймай, өзің араласатын ортаны да таңдау деп түсінемін. «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеуі керек: бірі жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» дейді ғой. Ендеше, менің де мақсатым – білікті заңгер болып, халыққа қолымнан келген көмегімді тигізу болды. Әкем өмір бойы музыкалық мектепте сабақ берді. Ал, анам мекен-жай бюросында жұмыс істеді. 1987 жылы бала кезден армандаған арманымды арқалап Талдықорғандағы заң техникумына оқуға тапсырдым. Ол кезде 1 орынға 30 адам тапсыратын. Қазақстан бойынша ең білімі мықты оқу орындарының бірі болды. Ал, жоғары оқу орнына түсу үшін сол уақытта екі жыл еңбек өтілі талап етілетін. Осылайша, бұрын-соңды Атыраудан жалғыз шығып көрмеген мен шабаданмен Алматыға жол тартып, әрі қарай Талдықорғанға жеттім. Өзім армандаған мамандығымды ойдағыдай аяқтап, 1989 жылы туған жерге оралдым. Ең алғашқы қызметім Ембі (қазіргі Жылыой) аудандық сотында сот отырысының хатшылығынан басталды. Кейін кеңшардың заңгері, әділет департаментінде, банкіде, жеке фирмаларда заңгер болып еңбек еттім. Мамандығыма деген адалдығымнан болса керек, 2000 жылдары Астана қаласынан судьялыққа біліктілік емтиханын тапсырып, сәтті өттім. Көп кешікпей Президенттің Жарлығымен Атырау қалалық сотының судьясы болып тағайындалдым. Мен үшін судья атану ең үлкен жетістік. 2002 жылдың 9 ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттарды құру туралы» Жарлығымен мамандандырылған ауданаралық соттар ашылды. Сол жылы осы сотқа алғашқы судьялардың бірі болып тағайындалдым. «Алдыңғы көштің жүгі ауыр» демекші, жаңа ашылған сотта жаңа тәжірибе қалыптастыруда үлкен жұмыс атқардық. Қызметте бірнеше жылдық тәжірибемді шыңдаған соң, 2019 жылы Атырау облыстық сотының судьясы болып тағайындалдым. Еліміздің аумағында әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді. Осыған орай, республика бойынша жаңадан мамандандырылған әкімшілік соттар жұмысын бастады, облыстық соттарда жаңа әкімшілік алқа құрылды. Еуропа елдерінде бұл соттар бұрыннан бар. Атырау облыстық сотының әкімшілік алқасының төрағасы лауазымында күні бүгін қызмет атқарып келемін. Әлбетте, басшылық қызмет зор жауапкершілік жүктейді. Өйткені, өзің үшін ғана емес, өзгелер үшін де жауапты боласың. Менің жолымды жалғастырған қызым бүгінде жеке компанияда заңгер болып қызмет жасайды. Шүкір, бүгінде жолдасым екеуміз балаларымыз бен жиен немерелердің қызығына бөленіп отырған жайымыз бар.

– Әділдіктің ақ туы жолында абырой тілейміз!

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button