Жарнама
Құқық

Адам тағдырының арашашысы

Ұлттың рухани байлығы

– Табиғи құқықтар адамның тіршілік етуінен туындайды, ал әлеуметтік құқықтар адамның мемлекетпен өзара әрекеті процесінде пайда болады. Адам құқығы – адамның мүддесін қанағаттандыруға бағытталған, заңмен қорғалатын ең жоғарғы демократиялық құндылық. Сондықтан да әрбір адам өзінің де, өзгелердің де осы құндылығын бағалап, оған ешқандай зиян келтірмеуі тиіс, — деді Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Аманкелді Абдолов.

Оның айтуынша, қазақ халқының рухани байлығы – отбасы құндылықтары ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрмен ұштасып жатыр. Ұлттың тәрбиелік жүйесінің негізі – отбасындағы мызғымас байланыс, ұрпаққа жалғасатын өнегелі тәрбие.

– Қазақ халқы өзінің ұрпағын ата-баба дәстүрімен, ата-әже тәрбиесімен, ата-ана қамқорлығымен тәрбиелеген. Мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттер отбасында қалыптасады. Бұл – отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен өзара байланысты реттейтін сенімдер мен қағидаттар жиынтығы, — деді А.Абдолов.

Әкенің отбасындағы рөлі туралы да ол ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл ұғым қазақ қоғамына ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ моральдық биік өлшем.

a0dcb53e 5715 490f 80c5 45465d4fc77f

– Әке – отбасының тірегі. Мысалы, Жүсіп Баласағұн бабамыз «Ұл туса – әкеге тартар» десе, Американың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтон «Әке болу – бұл тек ұрпақ жалғау емес, сонымен бірге ұрпақ тәрбиелеу» деп көрсеткен. Яғни, әр әке – ұрпаққа жол көрсетуші тұлға, — деді ол.

Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл – адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, олардың сақталуы мен құрметтелуін қамтамасыз ету мақсатында Конституция талаптарының орындалуын қадағалайтын лауазымды тұлға. Оның қызметі заң аясында қатаң тәртіппен реттеледі.

– Біздің басты міндетіміз – адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, оларды ілгерілетуге ықпал ету. Уәкіл өз қызметінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық қағидаттарын басшылыққа алады, — деді Аманкелді Абдолов.

Уәкіл Республика Президентіне, Парламентке, Үкіметке азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша заң жобаларын әзірлеу және ұлттық заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізе алады. Мемлекеттік органдарға, жергілікті басқару құрылымдарына, түрлі ұйымдар мен лауазымды тұлғаларға құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оларды қалпына келтіруге бағытталған ұсынымдар жолданады.

Омбудсмен бұл бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатқанын айтып, тұрғындар қандай мәселелер бойынша көмек сұрайтынын тілге тиек етті.

Адам құқықтарының қорғалуы әділетті әрі өркениетті мемлекеттің басты тірегі. Ол – қоғамда заң үстемдігін, азаматтық теңдікті қамтамасыз етудің іргетасы. Аманкелді Абдоловтың пайымдауынша, бұл бағыттағы әрбір жүйелі қадам ел азаматтарының өмір сапасын арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыра түседі. Ал Уәкіл институты – сол жолдағы сенімді әрі тиімді тетік.

Уәкіл қандай жұмыс атқарады?

Өткен жылы азаматтардың құқықтарын қорғауда Уəкіл кеңсесіне 6,5 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 11 пайызға артық. Өтініштер санының артуы жұртшылықтың омбудсменді өз құқықтарын қорғаудың нақты тетігі ретінде көретінін аңғартады. Өтініштерді қарау барысында 94 лауазымды тұлға тəртіптік, 5-еуі əкімшілік жауапкершілікке тартылған. Уəкіл өкілдерінің көмегімен 4 қылмыстық іс тіркеліпті.

Еліміз бойынша адам құқықтары жөніндегі Уəкіл Артур Ластаев соңғы екі жылда Үкімет пен мемлекеттік органдарға жүйелі мəселелерді шешуге бағытталған онға жуық бастама көтерді. Олардың қатарында оқшауланған сотталғандардың жоғары білім алуына мүмкіндік беру, облыс орталықтарында көп бейінді колониялар салу, сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсарту жəне қақтығыс аймақтарынан оралған адамдарды қоғамға бейімдеу мақсатында заңнамаға өзгертулер енгізу бар.

Артур Ластаевтың мəжбүрлеп некеге тұру мақсатында адамды ұрлау үшін жауапкершілікті белгілеу туралы бастамасы қолдауға ие болып, жуырда заң қабылданды. Қылмыстық кодекске адамды некелесу мақсатында ұрлаған қылмыскерді өз еркімен босатқан жағдайда да оны қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігін жоққа шығаратын арнайы бап енгізу арқылы жаза қатайып отыр. Көпсалалы колониялар салу мəселесі де қарастырылуда.

Отан отбасынан басталады десек…

Өткен жылы ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне əйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жəне «Қазақстан Республикасының Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне əйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды. Бұл заңдар отбасын қорғауға бағытталған.

Атап айтқанда, Неке жəне Отбасы туралы кодекстің 2-бабына «Дəстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту жəне ілгерілету туралы» толықтырулар енгізілді. Заң балаларымызды педофилден қорғайды. Енді мұндай қылмыс жасағандар өмір бойы түрмеге тоғытылады. Кішкентай балаларды өлтіргені үшін де дəл осылай жазаланатын болады. 16 жасқа дейінгі балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін қамауға алынатын жаңа заң енгізілді. Түзетулер күшіне енген сəттен бастап балаларға жөнсіз қол тигізу, ұятсыз ұсыныстар білдіру жəне тағы басқалары жазасыз қалмайтын болады. Балалар мен олардың ата-аналары өз елінде өздерін қауіпсіз сезінуге тиіс.

Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді. Бұл шара пайда болған көптеген сайттарды, арналарды, чаттарды, суицидтік бағыттағы топтарды заң жүзінде бұғаттап қана қоймай, олардың ұйымдастырушыларының сыбайластарымен бірге бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға əкеледі. Аталмыш өзгерістер, тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп тану мемлекеттің азаматтық қоғаммен бірлескен жеңісі деуге болады.

Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке бір адамның мәселесі ғана емес, бұл – тұтас қоғамның дертін көрсететін күрделі құбылыс. Мұндай зорлық адамға физикалық тұрғыда зиян келтірумен шектелмейді. Ол өлімге, жетімдікке, балалардың жарақаттануына себепші болып қана қоймай, жалпы отбасылық және әлеуметтік байланыстардың іргесін шайқалтады. Адам өмірінің, денсаулығының, қол сұғылмаушылығының құнсыздануына әкеледі.

– Отбасы – қоғамның іргетасы. Егер сол іргетас әлсіресе, бүкіл құрылым шайқалады. Сондықтан біз тек құқықбұзушылықтың алдын алуға күш салуымыз керек. Адамның өмірі мен қадірі бәрінен қымбат. Осы ұстаным біз үшін басты қағидаға айналуға тиіс, -деді омбудсмен.

Әйел мен баланың құқығы қалай қорғалған?

Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою – өркениетті ел болудың басты талаптарының бірі. Қазақстан осы бағытта маңызды халықаралық міндеттемелерді мойнына алып, 2001 жылы шілдеде Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның факультативтік хаттамасын ратификациялады. Осы арқылы еліміз Конвенцияда баяндалған құқықтардың бұзылуы туралы шағымдарды қарау жөніндегі Комитеттің құзыретін ресми түрде мойындады.

– Адам құқығы әйелдің құқына нұқсан келтірмеуден басталады. Бұл құр сөз емес, халықаралық құқықпен дәлелденген ұстаным. Зорлық-зомбылық көрген әйелдердің үнін есту, оларды қорғау – мемлекеттің ғана емес, тұтас қоғамның парызы. Біздің еліміз бұл міндеттемелерді мойындап, нақты әрекеттерге көшті, — деді Аманкелді Аманиязұлы.

Комитет өз ұсынымдарында зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер мен аман қалғандарды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін қаржылық қолдаумен қамтамасыз ету, тегін немесе арзан, сапалы заң көмегін, медициналық, психоәлеуметтік және кеңес беру қызметтерін ұсыну, қажет болған жағдайда, қауіпсіз баспана беруді мемлекеттердің негізгі міндеттерінің бірі ретінде қарастырады.

Заң адамға қызмет етпесе, әділеттің салтанат құруы мүмкін емес. Ал әділет бар жерде  сенім бар. Сенім бар жерде мемлекет пен халықтың арасында мызғымас көпір бар. Сол көпірді нығайту жолында Адам құқықтары жөніндегі өкілдіктің атқарып отырған еңбегі өлшеусіз.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button