
Абырой биігіне бастаған жол
Биылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның мамандары мемлекеттік қызметшілер санатына теңестірілді. Бұл – ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жандардың абыройы мен мәртебесінің артқанының көрінісі. Осы абыройлы міндеттің жүгін арқалап, адал еңбегімен халықтың алғысына бөленіп жүрген жандардың бірі – халыққа қызмет көрсету бойынша Атырау қалалық №1 бөлімінің кеңесшісі Жанар Бисенова.
2007 жылдан бері осы салада табандылықпен еңбек етіп келе жатқан Жанар Сәнжанқызы осы саладағы құрылымдық өзгерістердің, реформалық жаңғырудың куәсі болды. Бұрынғы қағазбастылықтың орнын цифрлық жүйе басқан уақытта да ол өз қызметін мінсіз атқарды.
– Саладағы қызмет әр адамға көмектесуге дайын болу, әр өтінішке мұқият қарау, сабырмен тыңдай білу, жылы шырай танытумен байланысты. Біздің алдымызға сан түрлі тағдыр иелері келеді. Бірі – зейнеткерлікке құжат өткізуге асығып тұрса, екіншісі – жаңа туған сәбиіне куәлік алуға келген жас ана. Сондайда әрбірінің көңіліне қарап, шама-шарқынша көмектесу – менің адамдық парызым, — дейді Жанар.
Жанар Сәнжанқызы еңбек жолын қалалық соттан бастаған.
– Ол кезде жаңа орта, үлкен жауапкершілік болды. Бірақ адам бойында адалдық пен ұқыптылық болса, кез-келген жұмыстың жүгін көтере алады екен. Құжатпен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік, — деп еске алады ол алғашқы еңбек жолын.
2000 жылы Атырау инженерлік-гуманитарлық институтына оқуға түсіп, заңгер мамандығын меңгерген Жанар 2004 жылы қалалық ішкі істер бөлімінің архивінде, 2005 жылы төлқұжат рәсімдейтін мекемеде (паспортный стол) қызмет атқарады. Әрбір саты оны шыңдап, шынықтырып, халықпен тіл табыса білуді үйретеді.
2007 жылы Халыққа қызмет көрсету орталығына маман ретінде жұмысқа қабылданған Жанар арада бірнеше жыл өткенде құжат қабылдайтын бөлімнің кеңесшілігіне ауысады. Қазір күніне ондаған адамға кеңес беріп, қызмет көрсетіп отыр.
Халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек еткелі Жанар қызмет көрсету мәдениетінің де, технологиялық мүмкіндіктің де қалай өзгергенін көзімен көрді. Бұрын санаулы ғана қызмет көрсетілсе, қазір 1300-ден астам мемлекеттік қызмет түрі осы орталық арқылы ұсынылады.
– Уақыт талабына ілесіп отыру – біздің міндетіміз. Кейде зейнет жасындағы ата-әжелер келіп, электронды жүйені түсінбей жатады. Ондайда қолыма қалам алып, бәрін қағазға жазып асықпай түсіндіріп беремін, — дейді Жанар.
Жанардың есінде ерекше қалған жайттың бірі – бір қарт кісінің жоғалып кеткен үй құжатын қайта рәсімдету ісі. Сексенге таяған ақсақал орталыққа ескі папкасын құшақтап келген екен. Сөйтсе, бұрынғы үйінің құжаты өрт кезінде жанып кеткен, архивте де тіркеу табылмайды. Шарасыз күйдегі қарияға Жанар жан-жақты көмек көрсетеді. Архивтерді ақтарып, дереккөздерді іздестіріп, қажетті анықтамаларды жинақтап, бір ай ішінде үйдің құжатын қалпына келтіреді.
– Қызым, сен болмасаң, мына баспанамның қағазын қайдан алар едім? Жанашыр жан барда жұрт та жүдемейді екен. Жасай бер, қызым! — деп разылық білдірген ақсақал батасын беріпті.
Жанар осы сәтті ерекше ілтипатпен еске алды. Өйткені ризашылық – адамның жүрегінен шыққан шынайы алғыс. Ол ешқандай орден мен медальге тең келмейді.
«Әйел – үйдің ырысы» дейді дана халық. Жанар Сәнжанқызы үшін қызмет пен отбасының үйлесімі – өмірінің қос қанаты.
– Бала тәрбиесі мен қызметті қатар алып жүру – оңай емес. Бірақ екеуі де – менің өмірлік тірегім. Қанша тығыз жұмыс болса да, кешке үйге барған соң бала-шағамның күлкісінен қуат аламын, — дейді Жанар толқыныспен.
Кейіпкеріміздің қызмет жолындағы жетістіктері де аз емес. Кәсіби біліктілігі мен қоғам алдындағы адал еңбегі ескеріліп, ол «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен облыстық басқармалардан да көптеген Алғыс хаттарға ие болған екен.
– Келушілердің бірқатары көрсеткен қызметімізге ризашылықтарын білдіріп, баталарын беріп, алғыстарын айтып кетеді. Ал бізге одан артық марапат жоқ, — дейді ол.
Майра ЕРҒАЛИ