800 мың теңге пара алған шенеунік 32 млн теңге айыппұл арқалады

1 Құқық

Атырау облысында пара алған ауыл округі әкіміне 32 млн теңге айыппұл салынды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құрманғазы ауданында ауылдық округ әкімі серіктестік директорынан 800 мың теңге пара алған. Осы дерекке байланысты қозғалған қылмыстық іс қозғалған. Құрманғазы аудандық сотында округ әкіміне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен пара алу, 369-баптың 1-бөлігімен қызметтік жалғандық жасау дерегімен, ал, серіктестік директорына ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 2-бөлігімен пара беру, 385-баптың 1-бөлігімен құжаттарды қолдан жасау дерегімен айыптау үкімі шығарылды.

«Х. ауылдық округ әкімі лауазымын атқара отырып, әкім аппаратына тиесілі ғимаратты сатуға жәрдемдескені және сотталушы К. жалған мәліметтер енгізген ресми құжаттарды тіркеуші органға бергені үшін ЖШС директоры К-дан 800 000 теңге сомасында пара алған. Сотталушылардың кінәсі өздерінің мойындауымен, жедел-іздестіру шараларының және жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерімен, бейнефонографиялық сараптаманың қорытындысымен, мемлекеттік аудитордың қорытындысымен, банк құжаттарымен дәлелденді. Сот жаза тағайындау барысында Х-ның асырауында мүгедек баласының, ал, К-ның қарт ата-анасының барын ескерді. Екі сотталушы да өз кінәсін толық мойындады», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Құрманғазы аудандық сотының үкімімен ауылдық округ әкімі Х-ға 32 млн теңге, серіктестік директоры К-ға 16 млн теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сотталғандардың екеуі де мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

inform.kz

Фото: ашық дереккөз

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз