5 жылға сотталған атыраулық ақталып шықты
Атырауда 5 жылға бас бостандығынан айырылған азамат Жоғарғы соттың үкімімен ақталып шықты, деп хабарлайды ATPress.kz.
«Жазықсыз жаза арқаладым»
Жылыой ауданының тұрғыны былтыр есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ұсталып, аудандық соттың үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Алайда сот үкімімен келіспеген айыпталушы өзінің жазықсыз екенін айтып, апеляциялық сотқа шағымданыпты. Бірақ, одан да нәтиже болмай, үкім күшінде қала берді.
Құлсарылық азаматтың бір сенері Жоғарғы сот болды. Абырой болғанда үміті ақталып, бүгінде ол бостандыққа шықты.
ATPress.kz сайтының тілшісі жазықсыз бес жылға сотталып, кейін ақталған азаматпен тілдесіп, мән-жайды анықтады. Өзінің өтініші бойынша материалда айыпталушының аты Самат деп өзгертіліп берілді.
«2021 жылдың 18 маусымы күні полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетімен жазықсыз қамалып, 5 жылға жаза арқаладым. Менің кінәсіз сотталуым ең бірінші анама ауыр тиді. Сол себебепті заңның алдында адалдығымды дәлелдегім келіп, қорғаушым Жандос Бейсеновтің көмектесуімен ҚР Жоғарғы сотына арыздандық» дейді айыпталушы.
«Досым сатып кетті»
Айтуынша ол марихуана тәріздес шөптің темекі ішіне салынған 2 данасын көшеден тауып алып оны, жолдастарына көрсеткен. Куә болғандардың ішінде жақын досы да бар. Кішкентайынан құлын-тайдай тебісіп бірге өскен әлгі досы есірткінің бір данасын сұрап алып, оны полиция қызметкерлеріне тапсырып және неге екені белгісіз есірткіні досынан сатып алғанын айтыпты.
«Осының бәрін алдын ала ұйымдастырғанын кейін түсіндім, себебі мен оған есірткі шөпті тауып алғанымды айтқанмын. Бұл жерде досым менен бір данасын алып, ал полиция қызметкеріне 2 дана қылып тапсырған. Оны кейін маған байқатпай түсірген бейнежазбасынан да көрдік. Неге екені белгісіз, досым «Екі данасын сатып алдым» деп маған нақақ жала жауыпты. Бұл жерде жоддас жігітімнің бұрын есірткі затымен ұсталғанын білетін полиция қызметкерлері оны маған әдейі жіберген деп ойлаймын» дейді ол.
«Иса менің бала күнгі досым еді, оны өзі кірген лас іске мені де қатысы қылып шығарады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Досымның сатқындығы жазықсыз темір торға қамалып, тар қапас түрмені көруіме себеп болды, онда кінәсіз отырудың өзі денсаулығыма әсер етіп, күйзеліске ұшырадым. Жалалы болудың қандай ауыр екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екен» дейді өткенін ойға алған ол.
Самат – үйдегі жалғыз бала. Әкесі қайтыс болған, жалғыз анасы ғана бар.
«Қай жағдайда да күресе білу керек. Сона ғана мақсатыңа жетесің. Осыған көзім жетті. Өзім сияқты әділдік іздеген жандарға айтарым, сенімсіздіктен арылу керек. Менің көз жеткізенім — Жаңа Қазақстанда әділдіктің салтанат құра бастағанын айтқым келеді. Өйткені, заңгерлердің айтуынша, бұндай істер қайда жүгінсең де көбіне-көп өзгеріссіз сол күйі қалады екен. Ал, бұл жолы Жоғарғы сот істі жан-жақты саралап, әділ үкім қылды. Енді ары қарай өзіме келтірілген шығындар мен моральдық өтемақыны талап ететін боламын» дейді Самат.
«Дәлелсіз соттай салды»
Атырау облысының адвокаттар алқасының мүшесі Жандос Бисенов қорғауындағы азаматтың бұл іске ешқандай қатысы жоғын айтады. — Мен бұны қылмыстық іспен танысқанымда қорғауымдағы азаматтың жазықсыз екенін анық байқадым, — дейді адвокат. Өйткені, оның кінәлі екенін дәлелдейтін ешқандай дәйек жоқ.
— Қай нәрсені болмасын саудалау үшін сату мен сатып алу рәсімі, яғни, белгілі бір тауардың бағасы, сатып алушы мен сатушының талаптары болады. Ал, бұл жерде есірткі саудасы болды деп нақты айту үшін екеуара мәміле болғандығы жайлы ақпарат қажет. Бұндай мәліметтер жоқ.
Одан бөлек қалалық сотқа бірнеше өтініш бергенмін, белгісіз себептермен ол да қанағаттандырымады. Сөйтіп соттық алғашқы отырысында кінәсі дәлелденбесе де қорғауымдағы азаматқа 5 жыл бас бостандығынан айыру үкімі кесілді. Заңсыз. Оған мен келісе алмадым. Сөйтіп, опелляциялық шағым бердім. Алайда, апелляциялық сатыда да соттың үкімі өзгеріссіз күйінде қалып, менің өтінішім қанағаттандырылмады, — дейді заңгер.
Заңды қорғайтын органдардың бұл әрекетіне таңырқаған адвокат ҚР Жоғарғы сотына кассациялық арыз беруге мәжбүр болады.
– Жоғарғы сот істі егжей-текжейлі қарап, қорғауымдағы азаматтың аталған қылмысқа еш қатысы жоқ екендігін, бұдан бөлек ҚР процессуалдық қодексінің талаптары бұзылғанын анықтап, кассациялық шағымда өтінішім қанағаттандырылды. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 297 бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыс әрекеті болмаған, бұдан бөлек заң талаптары бұзылған. Осыған орай іс тоқтатылып, азамат кесілген жазадан босатылды, — дейді адвокат.
Заңсыз жауапқа тартқандар жазалануы мүмкін
Толықтай ақталып шыққан Самат жоғарғы соттың қаулысымен жазадан босап, бүгінде қызметіне қайта орналасты.
Жоғарғы сот жіберген хабарламада оның заңсыз жауапқа тартылуы мен сотталуына байланысты келтірілген залалдарды талап етуге құқылы екендігі түсіндірілді.
«Толықтай ақталып шығуыма ҚР жоғарғы сотының судьялары Ә.Жүкенов, А.Рахматулин, Н.Әбдіқанов және қорғаушым Жандос Нұрболатұлы мырзаларға алғыс білдіремін» деген жазықсыз айып арқалаған азамат ендігі мақсаты отбасылы болып, жалғыз анасының үмітін ақтау екенін айтады.
Серікбол Панабердиев