ЖЫЛДАРДЫҢ ЖЫЛНАМАСЫН ЖАЗҒАН…
— Ойлап қарасақ, 93 жыл көп уақыт болғанымен, газеттің небәрі 20000 нөмірі жарық көріпті. Бұл дегеніңіз, газет шығару процесінің оңай еместігін, үлкен еңбекті қажет ететіндігін көрсетіп тұрғандай. Сол себепті, басылымның 20000 нөмірі шығар сәттің алдында, яғни, тарихи күнге орай газет оқырмандарымен кездесуді жөн санадық. Осы мақсатта «Атырау» газетінің күндерін Жылыой, Исатай, Махамбет аудандарында, сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауыты, «ЕмбіМұнайГаз» АҚ тағы басқа кәсіпорындарда өткізіп, оқырмандарымыздың пікірін білудің сәті түсті, — деді бас редактор Исатай Құндызбайұлы.
Кездесу барысында оқырмандарымызбен ашық әңгімелесуге мүмкіндік туды. Атырау мұнай және газ институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әли Әбішев сөз алды.
— Институттың жаңалықтары, студенттер мен оқытушылардың жетістіктері үнемі «Атырау» газетінен көрініс тауып жүр. Еңбек жолымды мұнайлы аймақта бастаған едім. Сондықтан, газетті өте жақсы білемін. Бірінші кезекте газетте еңбек адамдары, қоғамның оң өзгерістері жарияланып тұратын. Бүгінгідей ақпарат заманында да басылым өз биігінен түскен жоқ. Жолынан жаңылыспады деп айта аламын. Қазіргі ақпарат ғасыры дегенді тек техникамен, компьютермен байланысты айтуға болмайды. Өйткені, білім де, ғылым да, сауда да ақпарат түрінде келіп жатыр. Қазір экономиканың өзі ақпаратқа айналды. Осындай ақпарат заманының ең басында әрине, танымал бұқаралық ақпарат құралдары жүр.
1993 жылдан бастап АҚШ университеттерімен тығыз байланыста жұмыс жасап, жобалар мен бағдарламаларды іске асырған едік. Байқағаным, шетел жұрты әлемдегі жаңалықты емес, әуелі өз аймағындағы, қаласындағы, сол штаттағы болып жатқан жаңалықты бірінші білуге асығады. Себебі, еуропада аймақтық деңгейде шығатын ақпарат құралдары өте жоғары деңгейде дамып кеткен. Ал, біздің өңірден шығатын «Атырау» газетін сондай белді басылымдар қатарынан атауға болады. Газеттегі мақалалардың берілуі де тартымды, оқуға жеңіл. Осы жерде бір айта кететін жай қазір бұрынғыдай бір мамандықпен шектеліп қалуға болмайды. Мысалы, спортшы болғанымен, ол шығармашылықпен айналысуы ықтимал. Сондықтан, жазған дүниесін әлеуметтік желіге жариялау арқылы танымал болып шығуы әбден мүмкін. Ақпарат тасқынына қарамай, газеттің деңгейін ұстап, сол басылымды әлі де қажеттілік ретінде көрсетуде «Атырау» газеті тілшілерінің зор еңбегі бар.
Сол үшін мыңдаған оқырмандар атынан газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, — деді институт ректоры.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
бұқараның сенімді серігі
– Мен бұл басылымды «Социалистік құрылыс» кезінен бастап оқимын. Комсомолда қызмет жасап жүргенімде жастардың еңбегін, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған кезімде аймақтағы ауыл шаруашылығының жай-күйін осы газетке мақала етіп жазбасам көңілім көншімейтін. Сол әдетім әлі де жалғасын тауып келеді. Газет көтермейтін мәселе жоқ. Ол жастардың тәрбиешісі де. Аймақтың бас газетін тағатсыздана күтіп, отбасымызбен бірге оқимыз, талқылаймыз.
Сондай-ақ, институтта атқарылып жатқан қыруар жұмысты да газет бетінен көргенде марқайып қаламыз. Біз кадр дайындаймыз, сол түлектердің еңбегінің жанғанын кейде газет бетінен оқығанда төбеміз көкке тигендей болады. Қазір студенттер 15 күн оқиды, 15 күн өндірісте еңбек етеді. Бұл – өте тиімді әдіс. Жастардың жауапкершілігін күшейтіп, мамандығын меңгеруін қамтамасыз етеді. Институтта оркестр құрылды, домбыра үйірмесі, би үйірмесі жұмыс жасайды. Осы жетістіктер облыс халқына осы газет арқылы жетеді. «Атыраудың» 20000 басылымы – үлкен тарихи оқиға. Сондықтан, газет ұжымын, облыстың барша оқырманын құттықтап, табыс тілеймін.
Дүйсен МЫРЗАҒАЛИЕВ, ғылым докторы:
Өндіріс пен ғылымды
қатар насихаттайды
– Газет тілшілері аймақта болып жатқан жаңалықтар мен оң өзгерістерді, өнеркәсіптегі табыстарды көзбен көріп, қолмен ұстатқандай етіп жазады. Мұнайлы аймақ болғаннан кейін мұнайдың болашағы туралы да толғанатынымыз рас. Қазіргі өндіріп жатқан кен орындарындағы мұнай көп болса 20-30 жылға жетеді. Ол біткесін қолымызды қусырып қарап отырамыз ба? Сондықтан, жаңа мұнай көздерін іздестірген дұрыс. Қазіргі таңда «Қашаған» мұнайын өндіруге бар күшті салып жатырмыз. Ол қаншаға жетеді? Осының бәріне жауапты аталмыш басылымнан табатынымыз шындық.
Сонымен қатар, айта кететін жай — ескі кен орындарында жаңа техникалық инновациялық жаңалықтардың пайдаланылуы кемшін. «Ембімұнайгаз» басшылығына осы жағдайларды сараптама жасау жөнінде ұсынысымды айтайын деп барсам, олардың қабылдауға уақыты бола бермейді. Міне, осы орайда газет бізге көмекке келеді. Пікірлер, ұсыныстарымызды жариялауға жағдай жасайды. Ғылым мен өндіріс туралы сараптамалық материалдардың шығып жататынына қуанамын. Алдағы уақытта да мұнайлы өңірдің мұң-мұқтажына құлақ түріп, алдағы болашақта жүзеге асар жоспарларды бірлесіп талдауға мүмкіндік беретін газеттің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.
Алпамыс ҒИЛЫМОВ, байырғы оқырман:
Барлық жағынан үлгі
– Біріншіден, газет арқылы елімізде және аймақта болып жатқан жаңалықтармен танысамын. Сараптамалық мақалаларды оқып, сауатымды ашамын.
Екіншіден, «Атырау» газеті – қазақ тіліндегі ең сауатты басылым. Сөздердің дұрыс жазылуын осы газеттен қарап, тексеріп алуға болады.
Үшіншіден, газет – қазыналы аймақтың үлкен жылнамасы. Мұражай мен мұрағат мекемелеріне бармай-ақ, өткен күндердің естелігін газеттің ескі нөмірлерін парақтай отырып, тауып аласың. Өзім білім беру ұйымдарында көп жыл қызмет атқардым. Жай қызметкер де, басшы да болдым. Сол кезде де, қазір де аталмыш басылымға жазылып, оқып отыруды үзбей дәстүрге айналдырып келемін. Болашақта төмендегідей жайларға назар аударса деймін.
Ең алдымен, балаларға арналған арнайы бет болса екен. Сосын газеттің біраз көлемін алатын қаулы-қарарлар газеттен бөлек басылса, журналистермен жиі кездесу ұйымдастырылса, ғалымдардың сараптамалық материалдары көбірек жарияланса деген тілегім бар. Тұрақты оқырман ретінде ұжымға зор шығармашылық табыс тілеймін.
Әбілсейіт МҰХТАР, Атырау мұнай және газ институтының ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор:
ТАСҚА БАСЫЛҒАН СӨЗДІҢ ҚУАТЫ
Сонау он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқының ұлы ағартушылары елдің болашағының кітаппен, ғылыммен, жалпы алғанда әдеби-мәдени басылымдармен байланысты екенін өз еңбектерінде шегелеп айтып кеткені баршаға аян. Содан бергі уақытта бұқара халықтың мұңы мен қуанышы, қол жеткен табысы мен алған биігі «Дала уәлаяты», «Серке» сияқты алғашқы газеттерде жарық көрді. Тасқа басылған хат-хабардың, әдеби шығарманың ешқашан өлмейтініне оқырманның көзі әбден жетті.
Бүгінгі таңда сол бір алаш арыстарының арманын жалғастырып келе жатқан облыстық газетіміз — елдің асыл ұлдарының көзі сияқтанады да тұрады. Интернет алғаш шығып, сайттар мен интернет-газеттер, әлеуметтік желілер пайда бола бастағанда «ендігі жерде газеттің жағдайы қандай болады?» деп алаңдағанымыз да рас. Алайда, жоғарыда айтқандай, хатқа түсіп, тасқа басылған сөздің қуатына ешнәрсе жетпейді екен. Газетті қолға алып, әр бетін ашып қарап, оқыған кездегі оқырман алатын ақпарат пен интернетке қарап, көзбен шолудың арасы жер мен көктей.
Ендеше, ғасырға жуық аймақ тұрғындары ғана емес, бүкіл алаш жұртымен біте қайнасып кеткен «Атырау» газетінің 20 000 нөмірін көру – тек газет ұжымы үшін ғана емес, жанкүйер оқырман үшін де зор қуаныш. Осылай ақпарат тасқынын жедел түрде бұқараға таныстырып, өткен мен болашақты жалғай беріңіздер дейміз.