Жарнама
Қоғам

Жылу желге ұшпасын десек…

zhulyzhelgeАл, қазіргі ахуал тіпті де өзге-ше. Тесік тұрба ауыстырылып, жарық құбыр жаңартылды. Олар сенімді оралып, сыртқы қабаты мықты қорғалды. Соның бәрі, сайып келгенде, соңғы жылдары қолға алынған инвестициялық бағдарламаның нәтижесі. Жақында журналистер «Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамында болып, мұнда жасалып жатқан жұмыстармен тағы да танысты.
Облыстық табиғи монопо-лияларды реттеу департаментінің басшысы Балжан Досмұхамбетованың айтуынша, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес әрбір коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорын белгілі бір кезеңде атқарған жұмысы жөнінде халық алдында есеп беруі тиіс. Мұны қоғамдық тыңдаулар арқылы өтей ме, әлде тұтынушыларға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арқылы жеткізе ме – оны монополия мекеме өзі біледі. Әйтсе де, бізде жиі қолданылатын тиімді тәсіл – журналистермен жүздесіп, жұмсалған қаражаттың текке кетпегендігіне алдымен солардың көзін жеткізу. Айтпақшы, мұндай шараларға кейде жергілікті мәслихаттар депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер жетекшілері де қатысады. Мұның бәрі коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындардағы жұмыстардың жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Өйткені, тарифтің сәл ғана өсуінің өзіндік сырын жұртшылықтың білуіне құқы бар.
Ал, облыстық табиғи моно-полияларды реттеу департаменті арқылы үш жылға бекітілген «Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы 2011 жылы бастау алды. Кәсіпорын басшысы Нұреден Шамшатовтың айтуынша, аталмыш бағдарламада негізгі міндеттемелер нақты көрініс тапқан. Яғни, әбден ескірген жабдықтарды жаңғырту, желі бойындағы апатты оқиғаларды және жылу жоғалтуды барынша азайту, жөндеу-қалпына келтіру шараларына жұмсалар шығындарды кеміту, т.б. жұмыстар қарастырылған. Соның нәтижесінде тұтынушыларға жылу энергиясын жеткізуді көбейту көзделген. Осы шаралар барысында жылу энергиясын пайдалану көлемін ұдайы қадағалау алдыңғы кезекке шығарылады. Өйткені, кез келген коммуналдық қызмет түрін тұрақты есептеп отыру – бүгінгі күннің басты талабы.
Міне, жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру үшін 909,14 млн. теңге бөлінді. Бұл қомақты қаражат кезең-кезеңімен игеріледі. Яғни, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті қаражат көздерінің бірі — тариф десек, оны күрт көтеруге уәкілетті органдар жол бермейді. Демек, қайткенде де тұтынушы құқы қорғалады. Осы орайда өткен жылғы жоспарлы жұмыстарға 369 млн. 700 мың теңге бөлініп, ол уақытында игеріліпті. «Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамының президенті Нұреден Шамшатов сол жұмыстарды жіліктеп шағып, рет-ретімен баяндап берді.
Алдымен, «Вокзал маңы» ықшамауданындағы көп пәтерлі үйлерді жылумен сенімді қамтамасыз ету қажеттігі өткір туындап отыр. Мұндағы сонау кеңестік кезде жүргізілген құбырлардың әбден ескіргені, олардың қазіргі қуаттарға төтеп бере алмайтындығы анық. Оның үстіне, диаметрі тар тұрбалармен жылу да жеткілікті жеткізілмейді. Сондықтан, диаметрі 250 милиметрлік бұрынғы тұрбалар екі есе үлкендерімен ауыстырылуда. Мұндағы жұмыстардың қиындығы – кезінде сол тұрбалардың теміржолдың астымен тартылып кеткендігі. Соларды жер үстіне шығаруға тура келді. Вагондар қозғалысына кедергі болмауы үшін теміржолшылармен келісілді. Мұның бәрі айтуға ғана оңай, әйтпесе қаншама жүйке жұқарды. Міне, осы шараларға 23 млн. 800 мың теңге бөлініп, ол толық игерілді.
Ақырында, кезінде темірмен тартылған құбырлардың бойы әбден бітелген. Оның үстіне, бұрын өзге желі тартылмағандықтан жалғыз құбырға үлкен салмақ та түсуде. Сондықтан, былтыр ұзындығы жарты мың шақырымнан аса құбыр ауыстырылды. Диаметрі де 500 милиметрге жеткізілді. Осы жұмыстарға 32 млн. 100 мың теңге жұмсалған.
zhulyzhelge 2Одан әрі, қаланы екіге бөліп тұрған орталық көпір астындағы жылу желісі толық жаңартылды. Бұл қандай қажеттіктерден туды? Соңғы жылдары қаланың оң жақ бетінде құрылыс қарқын алды. Мемлекеттік бағдарламамен де, коммерциялық тәсілмен де тұтас жаңа ықшамаудандар пайда болды. Бұған бірінен соң екіншісі кезегімен пайдалануға берілген бірнеше әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды қосыңыз. Міне, соның бәрін өзінің мүмкіндігін сонау 2005 жылы тауысқан көпір астындағы ескі құбыр көтеруші ме еді? Әрине, жоқ. Оның үстіне, жаңа тұрбаның диаметрі 426 милиметрге жеткізілді. Өткен жылы осы тың желі есепті қысыммен гидравликалық сынақтан өтті. Сөйтіп, жаңа жылу беру науқаны алдында қолданысқа енгізілді. Бұл ауқымды жұмыстарды мәреге жеткізуге 204 млн. 300 мың теңге жұмсалды. Әйтсе де, қомақты қаражаттың қайтарымы да мол, оң жағалаудағы тұтынушылар қажетті жылу энергиясына ие болды.
Баспасөз туры кезінде журналистер «Нұрсая» ықшамауданын орталықтандырылған жылу желісіне қосу жайын да сұраған. Сөйтсек, «Атырау жылу желілері» АҚ оған дайын екен. Тек жергілікті атқарушы билік тиісті құбырын тартуы тиіс.
Сонымен қатар, 3,278 км ма-гистральды құбыр жаңа орамдармен оралды. Жасыратыны жоқ, бұрынғы жылдары олардың бойымен жылу далаға кетіп жататын. Жалпы, бізде жылу желісі негізінен жер үстінде жүргізілген. Бұл тұрбаларды жер астына жасырудың өзіндік қиындықтары бар. Өйткені, су көздері жақын, ылғалы мол болғандықтан тез тозады. Кезінде жергілікті атқарушы билік осы тұрбаларды жер астына жасыру қажеттігін айтқанда осындай себеп көлденең тартылған-ды.
Әрине, тұрбалардың жер үстімен тартылуының жақсы тұсы да бар. Өйткені, ағып жатқан суды, жарылған жерін тез аңғаруға болады. Әйтсе де, жер үстіндегі тұрбалардан нормадан тыс ысырап та көп. Себебі, сыртқы қоршаған орта тура әсер етеді. Міне, 2012-2014 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның бір мақсаты – осы шығындарды барынша азайту. Бұл жерде тұрбаларды сенімді ораммен қамтамасыз ету шарасы мықтап қолға алынды.
Осы орайда 2002 жылдан жылу таратушылар тұрба орайтын жаңа материалды қолданысқа енгізгенін айтқан жөн. Сарғыш түсті көбікпен оралған тұрбалар өзінің сенімділігі жөнінен бұрынғыларымен салыстырғанда анағұрлым артық, қызмет мерзімі де ұзақ. Рас, жаңа материалдың бағасы да қымбат. Сондықтан, инвестициялық бағдарламаға оның құнын сатылап енгізу жоспарланған.
Әйтсе де, мамандар көбікті орамның кейбір кемшіліктерін де атайды. Мәселен, оны шашу кезінде төңірегіне де шашырап, біраз ластайды. Бұл жаңа материалды қала жағдайында қолдану аясын шектеген-ді. Дегенмен, кәсіпорын мамандары оның да тетігін тауыпты. Осындай әдіс нәтижесінде былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда құбыр бойындағы жылудың нақты ысырабы 4,6 пайызға кеміді. Жалпы, өткен жылы кәсіпорында нормадан тыс ысырап мөлшері барлық жылу көлемінің небәрі 2,5 пайызын құраған. Ал, алдыңғы жылы ол 32,4 пайыз болатын-ды. Міне, «Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық бағдарламаның нақты нәтижесі.
Сондай-ақ, кәсіпорында магистральдық желі бойындағы жылу энергиясын дәл анықтауға да баса назар аударылған. Қазір Атырау жылу-электр орталығынан шығар тұсқа да, құбыр бойына да есептеу жабдықтары орнатылған.
Үстіміздегі жылдың соңына дейін 20 жылу бекетінде, 36 бақылау нүктесінде диспетчерлік жүйе жасақталып, іске қосылмақ. Жиырма шақты жыл бойы қолданыста болған бұрынғы жабдықтар әбден ескірген. Енді соларды да ауыстыруға тура келмек.
Ақырында, бірнеше жаңа қуатты арнайы техника алынды. Мұның бәрі кәсіпорын жұмысының тиімділігін арттырмақ.
Сонымен, бұл жолғы бас-пасөз туры да «Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық бағдарламаның оң нәтижелерге бастайтындығын көрсетті. Жоғарыда айтқанымыздай, бізде жылу энергиясына тапшылық жоқ. Оны Атырау жылу-электр орталығы да жеткілікті шығаруда, таратушылар да тұтынушыларға шығынсыз жеткізуде. Мәселе – соны халықтың тиімді пайдалануында. Жертөлелердегі тесік тұрбаларды бітеп, дәліздерді дұрыстап жөндесе, жылу да желге ұшпайды. Жалпыүйлік жылу есептегіш құралдарын орнатуға да тұрғындар аса мән бермей келеді. Қазір мамандар айтып жүргеніндей, осындай жабдықтар арқылы тұтынушылар өз қаражатын еселеп үнемдей алады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button