«ЖУРНАЛИСТЕР ҮЙІ БОЙ КӨТЕРСЕ…»
— Қуандық Батырұлы, әңгімемізді «Жылдың үздік редакторы» атануыңызбен құттықтаудан бастағанды жөн көріп отырмыз. Мұндай құрметке ие болуда ақпарат айдынында елу жылға жуық үздіксіз еңбек етіп, Атыраудан шығатын «Сахара» газетіндегі редакторлық қызметіңіздің өзіндік ерекшелігі ескерілгені болар…
— Рахмет. Иә, дәстүрлі кәсіби мерекеміз — Баспасөз күні қарсаңында республикалық деңгейдегі жоғары сыйлыққа ие болу осы саладағы ұзақ жылғы еңбегімнің жемісі деп білемін. Журналист Евгений Толмачев атындағы сыйлық пәрменді, қуатты сөздің еркіндігі үшін табысталады. Бұл жүлдені қазылар алқасының төрағасы, ұлтымыздың аса көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов өз қолымен табыс етті. Мұндай марапаттың бізге әрі зор жауапкершілік жүктейтінін түсінемін. Алға қарай да оқырмандар көкейінен шығу жолында ізденіспен жұмыстана беретін боламыз.
— Сіз ұзақ жылдардан бері Қазақстан Журналистер Одағының Атырау облысы бойынша филиалына да басшылық жасап келесіз. Шығармашылық одаққа мүше журналистердің басын біріктіріп, ұйымшылдығын арттыру, кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
— Еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда, Одақ мүшелері көп өңірлердің бірі – Атырау облысы. Атқарылған жұмыстардың нәтижесіне орай үш жыл қатарынан рейтинг бойынша біз алдыңғы орындардан көрініп келеміз.
Жыл сайын кем дегенде алты-жеті журналисті әртүрлі мазмұндағы оқуға жіберіп отырмыз. Сондай-ақ, журналистердің біліктілігін арттыру мақсатында жылына екі рет семинар-кеңестер өткізіп тұрамыз.
Қазіргі таңда облыс бойынша 24 журналист ҚР Мәдениет қайраткері атағын алды. Он екі журналист Үкіметтің марапаттарын алса, 19 қызметкер Қазақстанның Құрметті журналисі атанды.
— Кеңес Одағы кезінде журналистер демалысын ұйымдастыру, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу ұйымдастырылып тұрғаны белгілі. Қазір сол кездің озық істерін неге қалпына келтірмеске?
— Соңғы екі жылда төрт адамды шет елдерде халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу үшін оқу курстарына жіберіп алдық. Ал, демалыс ұйымдастыру мәселесі оңайлықпен шешілмей тұр. Себебі, бәрі қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан, журналистер қорын құру қажет-ақ. Оған, әрине, аудан, қала, облыс әкімдіктері қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Дегенмен, бұл мәселе аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Журналистердің шеберлігін арттыру мақсатында бірнеше жыл қатарынан Қазақстан Журналистер Одағы, «Атырау-Ақпарат» ЖШС және «Теңізшевройл» компаниясы бірігіп, үздік мақалаларға бәйге жариялап келеміз.
— Заман талабына сай масс-медианы дамыту, сайтпен жұмыс жасау, блогтар ашу төңірегінде облыс журналистеріне семинар-тренигтер өткізіліп тұра ма?
— Журналистер Одағы мүшелерінің күшімен мұндай шаралар жиі ұйымдастырып тұрады. Осы орайда «Атырау-Ақпарат» ЖШС-не қарасты «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубының бірқатар істері бар.
— Шығармашылық одақ, негізінен, журналистердің құқығын қорғайтын ұйым. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
— Журналист шығармашылық тұлға болғандықтан, даулы мәселелерге жиі араласады. Өз тарапын қорғап, журналистерге шағым айтатын жайттар да кездесіп отыратыны — заңды құбылыс. Тіпті, бір әріптен қате кетіп, шу көтеріліп жататын жағдайлар да кездесті. Облыста Одақтың филиалы құрылғалы бері оннан астам журналистің құқығы қорғалды.
— Одақ мүшелігіне жастардың тартылуы қалай?
— Айта кетсек, бұрынғы кезде Одаққа кез келген мамандық иесі қабылдана беретін. Полицей қызметкері де, саудагер, мұғалім және тағы басқалары да. Кейін Президенттің тапсырмасымен шығармашылық ұйымдарды кері жандандыру мақсатында біздің Одақ 2004 жылы қайта құрылды. Әсіресе, соңғы жылдары жастар арасында үлкен серпіліс байқалып келеді. Алайда, облыстық газеттер мен телерадио арналарда қызмет жасайтын жастар көбірек болғанымен, олардың мүше болуға белсенділіктері төмендеу. Біз, негізі, газет журналистерін қабылдауға баса назар аударамыз. Қазіргі таңда одақ мүшелерінің 98,2 пайызы – газет қызметкерлері.
— Журналист мамандарды дайындау мәселесіне көзқарасыңыз қандай?
— Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті 2000 жылдардан бері журналист мамандарды дайындап келеді. Аталған оқу орнымен журналист мамандарды дайындау жөнінде келісім-шарт жасақтадық. Биылғы жылдан бастап жас журналистерді ынталандыру, тәжірибесін шыңдау мақсатымен ардагер журналистер Ізтілеу Көпбаев, Ізни Нұрқасымов және Теңдік Жауыров атындағы шәкіртақы тағайындап отырмыз.
Сын айтылатын жайттар да туындайды. Ұсыныстарымызды да беріп, біріккен шаралар ұйымдастырудамыз. Алайда, университет қабырғасында студенттер теориялық білім алып шыққанымен, тәжірибеге келгенде осалдау шығады. Сондай-ақ, жасыратыны жоқ, он түлектің біреуі ғана сала бойынша жұмыс жасайды.
Қолына диплом алған жас маманды, ең алдымен, аудандарға жіберу туралы үнемі ұсыныс білдіремін. Аудандық газеттерден бастасын. Ауылдың ыстығына күйіп, суығына тоңбаған, даланың иісін сезбеген адамнан жақсы журналист шықпайтыны белгілі. Ал, жастар ауылға барғысы келмейді. Бұл да жас журналистердің мамандық бойынша қызметке орналасуына әсерін тигізеді.
— Алға қандай жоспарларыңыз бар?
— Әрине, жоспар аз емес. Атыраудан Журналистер үйін салуды ойластырып отырмыз. Мұндай нысан Астана мен Алматыда бар. Енді мұнайлы астанадан да неге ашпасқа? Бұл өлкедегі журналистердің басын біріктіретін, тәжірибе алмасатын орын болары анық. Қазір бұл идеямыз Қазақстан Журналистер Одағының басқармасы тарапынан қолдау тауып жатқан сыңайлы.
Журналистер мұражайын ашуды да жоспарлап отырған жайымыз бар. Тағы бір өзекті мәселе – әлі күнге журналистердің статусы белгіленбей келеді. Бұл біздің құқығымыздың қорғалуына, әртүрлі әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына қиындық туғызып отыр.
— Сұхбатыңызға рахмет.