Журналист заманауи трендтен қалыс қалмауға тиіс
Бүгінде қазақ журналистерінің заман талабына сай біліктілігін арттырып, кәсіби маман ретінде табыс табу жолдары көп. Кез келген журналист қарқынды түрде бағыт ала бастаған бұл жаңашылдықтарды меңгеріп, кәдеге асыруына әбден болады. Бұл үшін ізденіс пен ынтаны тоғыстырып, креативтілікке бет бұрған жөн-ақ.
Атырау қаласында өткен «Журналистикадағы жасанды интеллект және YouTube» тақырыбындағы семинар-тренингтің негізгі мақсаты да осы болды.
Түркітілдес журналистер қоры мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Association — WFPA) «Шеврон» компаниясы серіктестігінің «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған басқосуда креативті журналистикаға қатысты тың ақпараттар айтылып, журналистердің біліктілігі арттырылды.
Семинарға қатысушылар жасанды интеллект бойынша жұмыс жасап, ақпараттардың дұрыс-бұрыстығын тексерді. Жаңарған платформалардың қыр-сырымен танысып, заманауи трендтерді де меңгерді.
Атыраулықтарға арналған семинар-тренинг ертең, 19 қыркүйекте де жалғасады.
«Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергеннің айтуынша, мұндай семинарлар тізбегі тек қана қазақ тілді журналистер арасында өткізіледі.
-Аталған қордың негізгі мақсаты да осы — қазақ тілді журналистиканы дамыту. Осындай семинарларды бұған дейін Семей мен Қарағандыда өткіздік. Тамыз-қараша аралығында Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Өскемен, Көкшетау қалаларында жалғасын таппақ, — дейді Н.Жоямерген.
Айта кету керек, семинар-тренингтердің нәтижесінде қатысушылар «Әлеумет — қоғам айнасы» байқауында бақ сынай алады. Байқау жеңімпаздары Алматыда өтетін IV Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумының салтанатты кешінде марапатталады.
IV Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумына Қазақстанның барлық облыс, аймақтарынан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Германия, Британия, Нидерланд, Швейцария, Австрия, Бельгия, Италия т.б. елдерден БАҚ басшылары, журналистер, баспасөз хатшылары, PR менеджерлер, журналистика факультеттерінің оқытушылары мен студенттері, travel-блогерлер қатысады деп күтілуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА