Жарнама
Қоғам

Жүрекке ұялаған қасиетті үн

Күллі мұсылман жұртын сағындырып жететін Рамазан айының кіруіне санаулы уақыт қалды. Бұл айда күндіз ораза ұстап, кешке мешітке жиналған жамағат тарауық намазын оқуға асығады. Тарауық намазы – Рамазанның маңызды сүннеттерінің бірі. Бұл қасиетті айда Құранды толық хатым ету дәстүрі бар, ал оны мәнерлеп оқитын қарилардың еңбегі зор.

c90a41a5 8f84 4a4a b3b6 179a682618e2

Атырау қаласындағы «Иманғали» орталық мешітінің ұстазы, қари Еркебұлан Жақсылықовтың есімі мұнайлы өңірге жақсы таныс. Үш жылдан бері мешіт мінберінде Құран аяттарын мәнерлеп оқып, жамағаттың рухани білімін арттыруға үлес қосып келе жатқан ұстаздың ерекше дауысы мен терең білімі жамағат үшін зор рухани азыққа айналды.

Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келген Еркебұлан Жақсылықовтың балалық шағы металлургтер мекенінде өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары рухани білімге деген сұраныстың артқаны байқалды. Еркебұлан да осы кезеңде, 2007-2008 жылдары Теміртау қалалық мешітінде тәжуид ілімін меңгеруге ден қойды. Сол уақытта Мұхаммед Абдулла есімді өзі құралпы досымен танысты. Кейін досы жазғы демалыста Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылындағы медресеге Құран жаттауға аттанғанда Еркебұлан да бауыр басып қалған досын іздеп, сол жаққа қарай аңсары ауып, баруға ынтызар болыпты. Әжесі мен әке жағынан туыстары да діндар жандар болғандықтан, медресенің маңызы мен орны туралы жиі айтып отыратын. Ол ауылда алма, алмұрт, қараөрік, таңқурай, құлпынай, жаңғақ секілді жеміс ағаштары мен өсімдіктер өсетінін де айтып, ынтымағы ұйыған берекелі ауылға деген қызығушылығын арттырыпты. Осылайша, немересінің Құран жаттауға деген ықыласын көрген әжесі оның медреседе оқуына рұқсатын берген. Досының артынан еріп барып, орта білімді де сол жақтағы мектепте жалғастырады. Медресеге баруына досы себеп болса, ол да досының Құранды толық жаттауына септігі тиеді. Өйткені үш айлық лагерьге барған досы Еркебұланның тұрақты қалатынын білген соң екеуі бірге болуға бел буыпты.

– Құран жаттаудың өзіндік қиындықтары бар. Әсіресе араб тілінің өзіндік ерекшеліктерін меңгеру оңай емес. Мысалы, кейбір сөздердегі әріптердің дыбыстары оқылмай, келесі әріптермен бірігіп кетеді. Алайда үйренудің өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Құран оқудағы созылыңқы дыбыстарды анықтау үшін арнайы белгілер бар. Бұл белгілер тұрған әріптер 2-4-6 харакатқа (4-5 секунд) дейін созылып оқылады, — дейді Еркебұлан қари.

Медресе тек білім алатын орын емес, өмірге бейімделіп, өзін-өзі дамытуға ықпал ететін орта. Қаридың айтуынша, медреседе әртүрлі мінезді шәкірттер кездеседі. Солардың ішінен есте сақтау қабілеті бар жастар ерекше көзге түседі екен.

– Менің жаттау қабілетім аса мықты емес еді. Біз бір сабақты бір күнде әзірлесек, ал зерек оқушылар ұстаз тапсырма берген бойда жаттап алатын. Дегенмен, табандылық пен тұрақты қайталау арқылы Құранды толығымен меңгеріп шықтым. 2010 жылы медресеге түсіп, төрт жыл бойы жаттадым. Сосын бір жыл бойы қайталаумен айналыстым, — дейді қари.

Қасиетті Құранды жатқа білетін қарилар Қазақстанда аз емес. Олардың біразы ұстаздық етіп, имамдық қызмет істеп жүр. Еркебұлан да өзін жетілдірудің, рухани және зияткерлік дамудың жолы ретінде 2018 жылы республикалық Құран жарысына қатысып, үшінші орынға ие болды. Осы жетістігінің арқасында Мәскеуде өткен халықаралық жарысқа да жолдама алған. Сондай-ақ Индонезия елінде өткен Құран жарысына да қатысты.

– Сол жарыста марокколық қари Ілияс Хажримен таныстық. Оның оқылу мәнері мен қирағаты ерекше әсер қалдырды. Жалпы Құранның жеті түрлі қирағаты, яғни жеті түрлі оқылу түрі бар. Қазақстанда алғаш рет 2023 жылы ұйымдастырылған халықаралық Құран жарысында Ілияс бауырымыз бас жүлдені иеленді. Оның еңбегін жоғары бағалаймын, — дейді Е.Жақсылықов.

Еркебұлан қари алғаш рет 2015 жылы Тараз қаласының маңындағы «Қызыл жұлдыз» ауылында тарауық намазын Елнар есімді қаримен бірге өткізді. Келесі жылы Теміртауда, 2017 жылы Масаншы ауылында, 2018-2019 жылдары Қордай аудандық мешітінде тарауық намазын жүргізді. Ал 2020-2021 жылдары пандемия салдарынан мешіттер жабық болғанымен, үй жағдайында тарауық намазын жалғастырды. Соңғы үш жылдан бері «Иманғали» мешітіндегі тарауық намазында имамдық етіп келеді. Сонымен қатар «Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтының» Құран иджаза бөлімінде білімін жалғастырып жатыр.

– Тарауық намазына имам болу – тек Құран оқу ғана емес, жоғары рухани міндет. Құранды жаттап алу жеткіліксіз, оны жүректе сақтап, үнемі қайталап отыру қажет. Өйткені хадистерде Құранды жаттап, кейін ұмытып кеткен адамның күнәсі ауыр екені айтылады. Сондықтан қасиетті кітапты қайталау – әр қаридың басты міндеті. Кейде мешіт жамағаты дүниеден өткен жақындарына бағыштау үшін Құранды толық хатым етуге өтініш білдіреді. «Хатым қылу» деп қасиетті кітапты басынан аяғына дейін түгел оқуды айтады. Тәжірибеге сүйенсек, Құранды үш күнде, екі аптада немесе бір айда хатым түсіретін кездер болады. Меккеде жасаған умра сапарымда алты-жеті күн ішінде Құранды толық хатым етуге тырыстым, — дейді қари.

Еркебұлан Сержанұлы отбасының тұңғышы. Тілеуін тілеп отырған ата-анасы, жанашыр бауырлары бар. Үйленген, екі баланың әкесі.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button