Жарнама
Қоғам

Жұмыссыздар саны неге көбейді?

БИЫЛДАН БАСТАП КӘСІП КӨЗІН АШЫП, МЕМЛЕКЕТТЕН ГРАНТ АЛАМ ДЕУШІЛЕРГЕ ШЕКТЕУЛЕР АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ МӨЛШЕРІ ДЕ ӨСТІ. СОНДЫҚТАН «ENBEK.KZ» ПОРТАЛЫНА ЖҰМЫССЫЗ РЕТІНДЕ ТІРКЕЛІП, ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫНЫ ИГЕРУГЕ ТАЛАПТАНЫП ЖАТҚАН ЖАНДАРДЫҢ САНЫ АРТТЫ. БҰЛ АЙМАҚТАҒЫ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫНЫҢ КӨБЕЙІП, КӨРСЕТКІШТІҢ КҮРТ КӨТЕРІЛУІНЕ СЕПТІГІН ТИГІЗДІ. ОНЫҢ ҮСТІНЕ ТЕҢІЗ КЕНІШІНДЕГІ КЕЛЕШЕК КЕҢЕЮ ЖОБАСЫ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ АЯҚТАЛУЫ ДА «ЖҰМЫССЫЗДАР АРМИЯСЫНЫҢ» ҚАТАРЫН ТОЛЫҚТЫРЫП ОТЫР.

Қазіргі таңда облыс бойынша жұмыссыздар саны 16 459 адамды құрайды. Бірақ, жұмысынан айырылған 10 388 адамға əлеуметтік төлем төленіп үлгерген. Бұл жөнінде Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде «2022 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту шаралары туралы» өткізген брифинг барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Əбілқасымов мəлім етті.

Оның айтуынша, облыстағы жұмыссыздық мəселесіне үнемі талдау жасалып тұрады. Соның нəтижесінде биыл 23 956 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, көрсеткіш 24 741-ге жеткен. Оның 15 285-і тұрақты, ал 9 456-ы уақытша жұмысқа орналасқан. Осы құрылған жұмыс орнының 10 654-ін ұлттық жобалар шеңберінде ашу көзделген еді. Желтоқсанның 1-і күнгі дерек бойынша 8 356 адам қамтылып, оның 1 260-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Əрмен қарай жоба аясында қос қолға бір кəсіп көзін тапқан жандардың дерегін сала-сала бойынша жіліктеген Еркебұлан Нұрланұлы облыс бойынша ұйымдастырылған бос жұмыс орындарының жəрмеңкесі жайлы да мағлұмат келтірді.

– Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба бойынша жоспарланған əлеуметтік қолдау шараларына 3 733,9 млн. теңге бөлініп, 24 034 адамды қамту жоспарланды. Соның ішінде 1 000 адамды «БастауБизнес» жобасымен кəсіпкерлік негіздеріне оқытып, 595 адамның өз ісін ашуы үшін гранттар беруді көздедік. Бүгінде «Бастау-Бизнес» бойынша кəсіпкерлік негіздеріне 2559 адам оқып шықса, кəсіптік бағдарлаумен 12598 жұмыссыз қамтылды. Əсіресе жастарды кəсіпкерлікке тарту мақсатында жаңа бизнес-идеяларды үнемі қолдап келеміз. Бұл бағыттағы мемлекеттік грант мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылып, оған тілек білдірушілер қатары да өсті. Соның нəтижесінде 552 адам мемлекеттік грантқа ие болып, бастаған ісін ілгерілетуде. Бұл мақсатқа бөлінген 505,8 млн. теңге игерілді. Грант алған кəсіп иелерінің 242-і жастар болса, 343-і, яғни 62,1 пайызы ауыл тұрғындары, — деді басқарма басшысының орынбасары Е.Əбілқасымов.

Грант алғандар қатарында əлеуметтік осал топтағы адамдар да бар екен. Айталық, 552 грант иегерінің 226-ы көпбалалы ана болса, 8-і аз қамтылған отбасынан шыққан атаулы əлеуметтік көмек алушылар. Олардың арасында 30 мүмкіндігі шектеулі жан мен мүгедектігі бар адамды асырап отырған 38 азамат, асыраушысынан айырылған 8 жас та бар. Осындай игі бастаманың арқасында жұмыссыздық қамытын киіп жүрген 453 адам кəсіпкер ретінде тіркеліп, өзіне лайықты кəсіп көзін тапқан. Оның 331-і ауыл тұрғыны екенін ескерсек, онда келешекте бұл салада да соны серпіліске жол ашыларына сенім мол. Брифингте халықты жұмыспен жəне кəсіппен қамту бағытында атқарылып жатқан өзге де іс-шаралар хақында баяндалды. Соңынан Еркебұлан Нұрланұлы журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button