
Жұмысшы мамандықтар жылы: Атырауда 9 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады
Атырау облысында жұмысшы мамандықтар жылына орай арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Ол 6 бағытты қамтиды. Жоспарланған жұмыстардың бірі – колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту. Осы мақсатта 9 арнаулы білім беру ұйымы материалдық-техникалық базасын жаңғыртады. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов айтты,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

— Студенттерге жайлы орта жасау мақсатында 3 колледжде жалпы саны 750 орындық жатақхана салынады. Сондай-ақ, 3 колледждің жұмыстарына өзгерістер енгізіліп, өндірістік цехтарды ашу жоспарланып отыр. Оған қоса 17 колледжде қайталанатын 21 мамандықты 5 оқу орнының базасына жинақтау арқылы мамандардың кәсіби құзыретін арттыруға мүмкіндік жасалмақ. Бүгінде өңірге қажетті мамандықтардың нақты тізімі дайындалып, 8 мамандықты оқыту үшін колледждерді дайындау, оқытушылардың біліктілігін және кәсіби құзыретін дамыту бағытында бірқатар іс қолға алыуда. Атырау қаласындағы О.Көшеков атындағы агро-техникалық колледждің жанынан 420 орындық құзыреттік орталық салу арқылы жас мамандардың тұрақты тәжірибе жинауына жағдай жасау — алға қойған міндеттердің бірі, — деді Д.Шамұратов.

Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, жылдан жылға жұмысшы мамандарды дайындау мақсатында жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінетін грант саны көбейіп келеді. Оған дәлел, 2023-2024 оқу жылында 3600 студент тегін білім алса, 2024-2025 оқу жылында 4500-ден аса грант берілді.
Айта кетейік, бүгінде өңірде 24 колледж жұмыс істейді. Оның 12-сі жұмысшы мамандық иелерін оқытады. Жалпы колледждерде 62 мамандық бойынша 159 біліктілікті 19 мыңнан аса студент меңгеруде.