Жұмыс бірдей: жалақы неге әртүрлі?

200131085229040e Қоғам

Жұмыс беруші тарапынан еңбек құқықтары бұзылса, жалақысы уақытылы төленбесе, жұмыстан заңсыз шығарылса қызметкер еңбек инспекциясына шағымдануы тиіс. Еңбек келісімшартының жасалмауынан соңғы кездері осындай жағдай жиі кездесе бастаған. Сала мамандары «құрылыс, мейрамхана-кафе, сауда орталықтарында еңбек заңдылығы жиі бұзылады» дейді.

– Заңды түрде рәсімделмеген еңбек қатынасы кейін жұмыс берушінің түрлі қитұрқылыққа баруына жол ашады. Бұлай деуіме қоғамдық тамақтану орындарындағы заң бұзушылықтар дәлел. Мәселен, олар жастарды даяшылыққа сынақ мерзімімен қабылдап, бір аптадан кейін «сынақтан өтпедің» деп шығарып салады. Расында, көп жағдайда жұмысшы басшыдан келісімшартты талап етпейді. Мұның соңы түсінбеушілікке, заңбұзушылыққа апаратыны жасырын емес. Жұмысқа қабылдау барысында жұмыс беруші міндетті түрде еңбек шартын жасауы тиіс, онда сынақ мерзімі туралы шарттар да енгізілуі мүмкін. Одан бөлек, жұмыс беруші қызметкерді атқаратын жұмысы бойынша нұсқаулықпен таныстыруы міндетті. Мұндай келеңсіз жағдайда дер кезінде әрекет ету үшін «1302» қауырт желісіне хабарласу керек, – дейді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубәкіров Демек, еңбек қатынастарының екі тарапқа да тиімді болуын қамтамасыз ету мақсатында ұжымдық шарт болуы міндетті.

Бұл құжаттың еңбек ұжымының әлеуметтік талаптарын (демалыс ұзақтығы, материалдық көмек және т.б.) айқындауға себепкер болатыны даусыз. Мемлекет басшысы жалақы төлеуде теңсіздікке жол бермеуді тапсырғандығы белгілі. Осы орайда аталған мәселе еңбек инспекциясының күн тәртібінен түскен емес.

Айта кету керек, бірқатар кәсіпорын-мекемелер инфляция жағдайын ескеріп, шарықтаған бағаны есепке алып, жалақыны өсіруге ынталы емес. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысының айтуынша, аймақта еңбек жанжалдары орын алуы ықтимал 25 кәсіпорында тиісті шаралар қолданылып, 18 кәсіпорында бұл мәселе жұмысшылардың пайдасына шешілген. Ал, 7 кәсіпорынға қатысты тиісті жұмыстар әлі де атқарылып жатыр.

Жалпы, жалақыны көтеру, мерзімінен кешіктірмеу, міндетті әлеуметтік аударымдарды төлеу, өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелері өңірлік үшжақты комиссия отырысында тұрақты талқыланады. Комиссия отырысында қаралған еңбек дауларын шешу мақсатында қабылданған тиісті шаралардың нәтижесінде 14 кәсіпорында еңбекақы көтерілсе, ал 337 жұмысшыға 59,4 млн. теңге жалақы берешегі төленген.

Халықаралық еңбек ұйымының дерегіне жүгінсек, жыл сайын әлемде тек өндіріс орындарынан 270 миллион адам түрлі деңгейдегі жарақат алатын көрінеді. Ал, оның 160 миллионы мүгедек болып қалады екен. Мұндай жағымсыз жағдай біздің облыста да бар.

Мәселен, былтыр өндіріспен байланысты 43 жазатайым оқиға орын алып, оның салдарынан 6 жұмысшы қаза тапқан. Осы тұста еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз ету үшін 12 кәсіпорынға «Сенім» сертификаты берілгенін айта кету керек. Инспекцияның араласуымен 122 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау жөнінде өндірістік кеңестер құрылған. «Өндірістік жазатайым оқиғалар жұмыс берушілердің тарапынан тиісті деңгейде бақылаудың жоқтығынан болады» дейді сала мамандары. Мәселен, былтыр «Инфра Дел Проджектс Казахстан» ЖШС-нің құрылыс объектісінде қайғылы оқиға орын алды. Теңіз кен орнындағы жұмыс кезінде (құбыр жүйесіне үлкен қысымдық ауамен сынақ жасаған сәтте) бекітіліп тұрған үлкен қысымдағы шланг босап кетіп, компания жұмысшысының басына тиген. Ол осы жарақаттың салдарынан сол жерде қаза тапқан.

Тергеп-тексерудің нәтижесінде өндірістік жазатайым оқиғаның орын алуы 100 пайыз жұмыс берушінің кінәсінен екендігі дәлелденіп, жұмыс берушіге бірқатар ұсыныстар көрсетілген акт жасақталды. Сондай-ақ, жергілікті және шетелдік кадрлар арасындағы еңбекақы теңсіздігі әлі де бар. Расында жұмыс ауқымы бірдей, бірақ, айлық неге әртүрлі? Еңбек инспекциясы осындай фактіні анықтап, тиісті шарасын алыпты. Тек былтырдың өзінде облыс прокуратурасымен бірлесіп, шетелдік жұмыс күшін тартатын 61 кәсіпорын тексерілген. Оның барысында 23 қазақстандық жұмысшының еңбекақысын төмендету, 33 шетелдік жұмысшы берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазым да қызмет атқару, 59 шетел азаматының білімі лауазымына сәйкес келмеу дерегі анықталған. Тізбектей берсек, мұндай заң бұзушылықтар жеткілікті.

Қалай десек те, еңбек адамының мүддесі мен еңбек қауіпсіздігі мемлекеттің ұдайы назарында тұрғанын ұмытпаған жөн. Жоғарыда айтқан қызметкер құқығының бұзылмауы үшін еңбек инспекторлары жұмыс берушілерге де, қызметкерлерге де әртүрлі құқықтық көмек көрсетуге дайын.

Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз