Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Биылғы жыл өзінің ауыртпалығымен, тараған індеттің қауіптілігімен ел есінде ұзақ сақталатыны сөзсіз.
Осы орайда, қасиеті мол Құрбан айт мейрамының да келіп жетуі мұсылман қауымы үшін сөзсіз үлкен мереке болғанымен, оның қауіпсіздік тұрғысында талаптары сақталуы керек.
Атап айтқанда, карантин жағдайының талаптарына толықтай мойынұсына отырып, жылдағыдай аста-төк той жасап, садақалар бермегеніміз абзал. Жергілікті әкімдік пен құзыретті орган өкілдері айтқан қауіпсіздіктің барлық талаптары сақталған жағдайда ғана аталған аурудан толықтай айығатынымызды өмірдің өзі дәлелдеп келеді емес пе?
Бұл жай тұмау емес, жаман қатерлі екені даусыз. Мұнымен бүкіл әлем күресіп жатқанда, біздің той тойлап, құрбан шалып, садақа беріп шайқалып жүруіміз жараспас.
Сондықтан, реті келсе ақ адал малымызды өз үйімізде шалып, үй-үйді жағаламай, айттамай тыныш отырғанымыз дұрыс. Көктемнен бері шадап келеміз. Қай-қай нәрсенің де шарықтау шегі, бітетін кезі болады ғой. Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамай қалғанымыз келіспес.
Талайлы сынақты басынан кешірген халық емеспіз бе, бұл індетті де жұмыла көтеріп, жеңеміз деп ойлаймын.
Құрбан айт мерекесі құтты болсын. Адал ақ ниет тілектеріміз қабыл болсын. Ауызбірлікте, әрқашан да бірге болайық!
Мұрат Бектенов, Исатай ауданының Құрметті азаматы, ардагер мұнайшы