Жарнама
Қоғам

Жұбайлар бар әңгімесі таусылған…

Қателеспесем, біздің кішкентай күнімізде ерлі-зайыптылардың заңды түрде ажырасып, екі жаққа кетуі сирек кездесетін. Мұндай жағымсыз жайт орын алса, естіген жұрт кәдімгідей уайымдап, «не болдылап» жатушы еді. Ал, бүгінде кеше ғана қосылған жастардың ертең ажырасып жатуы күнделікті көрініске айналғандай. Былайғы жұрт ернін жыбырлатып «Құдай басқа бермесін» деп отыра береді. Себебі, халқымыздың өмір сүру салтына жат бұл келеңсіздік, сорымызға қарай, тым жиілеп кетті.

Жас отбасы ойран болды

Ешкім де баласына жамандық тілемейді. Бар гәп баланы жақсы көрудің реті мен орнында шығар, мүмкін. Өмірде орын алған мына жағдайға мән берейікші…

Атырау қаласында жоғары оқу орнында оқып жүріп танысқан Нұрай мен Айболдың арасындағы мөлдір сезімге (есімдері өзгертіліп алынды) курстастарының бәрі қызыға қарайтын. Әрі олардың бақытты отбасы болатындарына сенімді еді. Дипломдарын алғаннан соң екеуі отбасы құру туралы шешім қабылдады. Қос жақ та дүркіретіп той өткізді. Айбол үйдегі төрт баланың екіншісі болса, Нұрай – құдалар шаңырағының бары да, нары да – жалғызы. Бәлкім, еркелігінің басылмағаны ма, төркінін сағынып қамкөңіл болғаны ма, әйтеуір, ол жаңа отбасына үйренісе алмады. Біресе, «үй тар…» деді, енді бірде «ауылда тұра алмаймын» деді. Қызығы, сәл нәрсеге ренжіп қалса, анасына телефон шалып «Мама!..» деп қиылып, көз жасын көлдетуге дайын тұратын. 

Мұндайда анасы жұбайын ертіп алып, жанын шүберекке түйіп, шетелдік көлігімен бұлар тұратын шалғайдағы ауылға зыр етіп келе қалады. Қызы қолына сөмкесін ұстап, зып етіп үйден шығып кете қояды. Келіннің кезекті «сапарының» соңын ала жігіттің ата-анасы құда-құдағайымен мәмілеге келуге барған. Бұларды селқостау қабылдаған қыздың ата-анасы қабаттаса «Әңгіменің ашығына көшсек, сіздікінде кісі көп, үй тар. Біздің қызымыз қалада өскен, ауылдың тірлігіне үйренбеген. Қысқасы, оның көңіл-күйі болмай жүр. Күйзеліске түскен… Біз қалада тұрамыз әрі үйіміз үлкен. Сондықтан Айбол екеуі осында тұра берсін. Бізде бәрі жетеді. Қайда тұрғанда да бәрібір емес пе? Бастысы, екеуі бақытты болсын» деп екпіндей сөйлейді.

Қапелімде ауыздарына сөз түспеген жігіттің ата-анасы үйлеріне келіп, бар жайды ұлдарына жеткізеді. Мұны естіген Айболдың одан бетер көңілі аласұрып, өзінің қайын жұртына бармайтынын, қажет болса, ең соңғы амал – ажырасуға бел буатынын кесіп айтады. Екі ортада әке-шешесі шыр-пыр болып, баласының әлі де ойлануын, оған қоса жақын арада әке атанатынын есіне салды. Ақыр аяғында, келін бұл үйге келмеді, соңынан күйеуі іздеп бармады. 

Арада 3-4 ай уақыт өткен соң құдасы қоңырау шалып, қызының жеңілденгенін хабарлады. Бір айдан соң тағы қоңырау шалып, бұларды шілдеханаға шақырды. Бойын намыс өртеген Айбол мен оның ата-анасы бұл шақыртуға барған жоқ. «Өмірімізді қол ұстасып бірге өткіземіз» деп ойлаған жігіттің шамадан тыс ерке келіншегінен әбден көңілі қалған еді. Ойлана келе бұл некенің еш болашағы жоқ екенін біліп, ажырасуға өзі арыз берді. 

Осылайша, тағы бір жас отбасының іргесі бекімей жатып, ойда-жоқта ойраны шықты. Ерлі-зайыпты екі жаққа кетті. Ал дүние есігін енді ғана ашқан нәресте тірі жетім атанды… 

Назар салып көрсек, осындай түймедей ғана себеп-сылтаумен қанша жастың жолы екіге айырылып жатыр. Артық айтқандығымыз емес, бірақ кейбір ата-аналардың өз балаларын шамадан тыс жақсы көріп, өбектеуінен талай шаңырақтың шайқалып жатқаны жасырын емес. Өкінішке қарай, мұны ата-аналардың өздері (екі жақтағы құда-құдағайлар) мойындағысы келмейді. Өйткені, олардың ойынша «үлкендер ешқашан қателеспейді». Оның үстіне «әркімнің өз жейдесі өз етіне жақын».

Нақ осы оқиға Атырау облысында болған. Біреуді даттайын демесек те, құрылмай жатып күл-талқаны шыққан жас шаңыраққа жанымыз ашығаны рас. Егер бір тарап екіншіге байлығын, дәулетін айтып төсін қақпаса, кім біледі, мұндай жағдай болмас па еді?! Осыдан-ақ «Тең теңімен, тезек қабымен», «Өзімшілдік пен менмендік – адамның маңдайының соры» деген аталы сөздің босқа айтылмағанына тағы бір дәлел тапқандай боласыз.

Шаңырақ неге шайқалады?

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды…» болған  ажырасу тақырыбы әлеуметтік мәселеге айналып үлгергелі қашан?! Жыл сайын жаңа статистика жаға ұстатады. Еуропа елдерінің ішінде ажырасу деңгейі жоғары Бельгия, Португалия, Венгрия елдері болса, дәстүрлі дінді ұстанатын мемлекеттердің арасында Қазақстандағы ажырасудың деңгейі бәрінен жоғары. Бұл статистика ресми некелескендердің нәтижесі ғана. Азаматтық некеде тұрып, кейін екі жаққа кеткендер бұл тізімге енбеген. Өйткені олар туралы нақты қорытынды цифр шығару қиын. Демек, бұл – еліміз бойынша өсім артпаса, кемімейді деген сөз. Сонымен бірге үй алу үшін өтірік ажырасқан жұптар да жоқ емес. Олардың саны статистиктердің «құрығына» ілінбей отыр. 

«Себепсіз салдар болмайтыны» да шын. Сауалдардың нәтижесі бойынша, қоғам дертіне ең бірінші себеп – жастардың бірін бірі жақсы танымай жатып, бас қосуы. Ажырасуға арыз беретіндердің басым бөлігі өз шешімдерінің себебін мінездерінің үйлеспегендігімен, тұрмыста ортақ тіл табыса алмағандығымен түсіндіретін көрінеді.

Жастар көбінесе тұрмыс тауқыметін себеп қылады екен. Көзіміз де көріп жүр, арқасүйер азаматтары ішкілікке салынады. Әйелін ұрады. 

– Күйеуім табыс таппады, жатыпішер, жалқау.  Егер ер адам отбасын құруға, бір отбасыны асырауға шамасы жетпесе оған несіне сенім артамын? Соқыр сезіммен үйлендім  бе, алдандым ба, білмеймін? Некеміздің  соңы ақыры  ажырасуға әкелді. Себебі әйел жаратылысынан ер адамнан қамқорлық пен мейірім күтеді. Арқасүйер ер-азамат іздейді. Сол сенім үдесінен шыға білу ләзім,- дейді Алмагүл есімді келіншек (есімі өзгертілген).

Екі жаққа кетісудің тағы бір себебі – ер адамдардың құмар ойындарына, одан қалса жүріс жасауға әуестігінің басымдығы. Бұлар – әйелдің сабырын түбі бір тауысатын жаман әдеттер. Содан отбасы екі жаққа бөлініп тынып жатады.

Түйін: 

Қандай жағдай болмасын, отбасын құру – еріккеннің ермегі емес. Ол – мемлекетіміздің уығы. Одан тарайтын бүлдіршіндер – келешегіміз. Бұл дүниеде не тәтті, әрине бала тәтті. Не сүйкімді, не қымбат, не артық деп сұралса, бәрінен де бауыр етің балаң десек қателеспейміз. Ең бастысы, осы жауапкершілікті сезінген абзал. Өйткені бала – біздің көзқуанышымыз, жанымызға жылу сыйлайтын, ізімізді жалғастырушы ұрпағымыз. Осы бір жайтты естен шығармайық, өмірде орын алған сансыз түйткілдерге бала кінәлі емес, құрметті оқырман. Әр бала бақытты болуға лайықты!

Еркеназ ҚАЛИЖАН

*Сіз не дейсіз?

Гүлжазира Төлегенова, 

қос келіннің енесі (Атырау қаласы):

Басты байлық – отбасы

Қазір көп ата-ана қыздарын «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп емес, «Ертең бір өзің қалып қойсаң, аш болмайтындай дипломың, жұмысың болсын» деп тәрбиелейді. Бұрынғы аналарымыздай үйінде отырып ерін күтіп, бала-шағасын тәрбиелейтін әйелдің басты қызметі бұл күнде ұмыт болып барады. Баяғыда балалар анасының «Әкең келе жатыр!» деген сөзінен именетін. Өкінішке қарай, бұл тәрбиенің де жұрнағы қалмады. Өйткені қоғамда әкелердің рөлі түсіп барады. Оның үстіне қазіргі психологтер де жастарға көмегінен гөрі, кесірін көп тигізіп жүр. Әлеуметтік желілерде психологтер мен коучтардың «әйел өз қалауынша өмір сүруі керек, ол ешкімге бағынышты емес» деген әңгімесі қаптап кетті. Психологтердің ақыл-кеңесінен әбден миы «уланып» қалған бір әйел: «Мен уақытымды босқа өткізіппін. Өзімді дамытуым керек, биік мақсаттарға жетуге тиіспін» деп күйеуінен ажырасып кеткен көрінеді. 

«Отбасының жанжалы – қана ішпеген шайдан туады» дейді дана халық. Дегенмен, отбасында әйелдер мұндай құндылықты сақтай алмай отыр. Себебі, сегіз сағаттық жұмысы мен қоғамдық қызметтері ерін күтуге мұрша бермейді. Содан соң ер мұндай жылулықты өзгелерден іздеп кетуі әбден мүмкін. Жас маман, әрі жас ана атанған қыз-келіншектерге айтарым, ең бастысы қызмет емес, ең басты байлық – отбасы екенін ұғынса екен.

Ғалия Хажитова, 

көп балалы ана (Исатай ауданы):

Ата-ананың еңбегі еленбейді

Қазіргі жастардың арасында ата-анасына жаны ашымайтындары көбейгеніне таң қаламын. Олар баласы үшін қаржыны тірнектеп жинап, жетпегенін банктен қарызданып, тойын өткізіп берген соң екі ай өтпей айырылысып жатады.

Бір танысымның қызы мектеп бітіргеніне екі жыл өткенде өз қалауымен бір сұңғақ бойлы, көркем жігітке тұрмысқа шықты. Қыздың  анасы (әкесі қайтыс болған) бар ақшасын жинап, банктен қарыз алып, намысқа тырысып, дүрілдетіп ұзату тойын жасады. Тойға барған біз екі жастың махаббаты шынымен де берік екендігіне куә болғандай едік. Бірақ қателесіппіз. Көп ұзамай екі жас екі жаққа кете барды. «Ата-анамыз біз үшін жанын салып, бақты ғой» деген ой жігіттің де, қыздың да санасына келген жоқ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button