Жарнама
Қоғам

ЖОРЫҚТЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Байғазы Баетов 1914 жылы 9 мамырда Кулагино селолық Кеңесінде  дүниеге келген. 1942 жылдың 15 тамызынан Қызыл әскер қатарына шақырылып, Сталинград шайқасына қатынасқан. Соғыстан оралған соң орта мал дәрігерлерін дайындайтын қысқа мерзімді  курста оқып, сол алған білімі бойынша ауданның Хозауыл, Тума зооветпункттерінде, «Правда» колхозында ветеринарфельдшер, кейіннен Кулагино зооветучаскесіндезоотехник міндеттерін атқарған.

«Қолына қару алып көрмеген біздерге соғыста атудың қыр-сырын үйретіп, түрлі сыннан өткізді. 80 қадам жерге ақ тақтайды қағады да, ортасын қара ноқатпен белгілеп атқызады. Үш рет тигізген мені взвод снайперіне шығарды. Снайпер мылтығын берді. Өзінің құралдары бар. Қарудың ерекшелігі сол, алысты жақындатып, кішкентайды үлкейтіп көрсетеді, 4,5  келі тартады. Басқа мылтықтардан 1,5 келідей артық салмағы бар», — дейді қарт майдангер.

— Сегізінші  ротаның  200-дей солдаты Сталинград майданында Дон аталатын бекіністе  сайда болдық. 15 күндей сол сайда үлкен шабуылдар жүрді. Харьковты немістер басып алған болатын. Сол шайқаста көп адам жарақаттандық. Бірақ, жауды қуып шығып, Харьков қаласын қайтарып алдық — деген қарттың иегі кемсеңдеп, көзіне жас алды. –  Әр ротада  200-ден солдат бармыз. Жанған отты көзіміз шалды. Он шақырымдай жерге еңбектеп келеміз. Оңай емес, шынтақ пен тізенің терісі сыдырылып түседі. Саймен жүгіріп өтіп, қалаға жетіп бардық. Қала дегенім, өртенген үйлер, бәрі қираған, тас-талқан. Бір мезетте үстіне қара жамылып, белін буынып алған, қолында таяғы бар бір кемпірді көрдік. Әрлі-берлі дамылсыз жүрген жүрісінен-ақ көңілі алаңдаулы екені көрініп тұр.

— Мынаған барсақ қайтеді. Өзі қойманың қасында. Бір күн демалуға рұқсат етер, — деп жаңағы кемпірге қарай жақындадық. Ұлты украин екен. Әлгі кемпір ананы-мынаны айтады, кешеден бері жанып тұрған отты меңзейді. 

— Біз орысшаға түсінбейміз, мына кемпір не айтады? Қолын былай сілтейді, олай сілтейді. Бізге де айтшы , — дедік әлгі украин жігітке. Ол өзі қазақшаны там-тұм білетін еді.

— Кеше фашистер келіп, осындағы кемпір-шал, бала-шағаны айдап шығып, өртеді. Анау от сол. Қыз-келіншектерді өздерімен бірге алып кетті. Ішінде мына кемпірдің қызы да бар екен, — деп аударып берді  әлгі жігіт оның сөзін.

… Жуынып-шайынып, тамағымызды ішіп, ұйқыға жаттық. Түн ортасында музыканың даусынан оянып кеттік. Сөйтсек, барлаушылар мен пулеметшілер немістердің көзін жойып,  қаланың тұтқындалған тұрғындарын босатып алып келген екен. Жаңағы кемпірдің қызы да келді. Жараланғандарға алғашқы көмек көрсету үшін әскер қатарына алынды. Бұл Харьковты азат ету операциясы еді. Осындайға куә болдық, қарағым. Соғыста көрмегеніміз жоқ. Сендер – бақытты ұрпақсыңдар. Мұндай қиын-қыстау заман болмасын.

Осылай деп әңгімесін аяқтаған Байғазы ақсақал көзінен, аяғынан алған жарақатының жанын жегідей жейтінін айтты.

— Соғыс жылдары аяғымнан оқ тиген еді. Сол жарақат кештен таңға дейін сырқырап, жанымды қоярға жер таппаймын. Бұрын облыс орталығына барып ауруханада емделіп, массаж алатынмын.

Қазір, жасым ұлғайған сайын жол көтере алмаймын. Атырау қаласынан үй берілсе, сол баспанамда жатып, жақын жерден қатынап, ем алар едім, —  деген ақсақалдың үлкен тілегі бұл. 

Бүгінде Байғазы Баетов Есбол ауылында тұрады. Бала-келіні Марат пен  Сараның қолында, немере-шөберелерінің қызығын бірге көруде. I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Ерен еңбегі үшін»,  бұдан басқа сегіз мерекелік медальмен марапатталған.    

Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

ДЕРЕКТЕР  МЕН  ДӘЙЕКТЕР

*Майданда жауға қарсы атылған әр оқтың тоғызын Қазақстан дайындап берді. Атыраудан өндірілген мұнай Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Сол жылдарда Атырау–Қандыағаш темір жолы тәулігіне 10-12 пойыз қабылдап, қалада ірі депо құрылды. Шойын жолдармен майданға мұнай жөнелту үшін елге сырттан  1,5 миллион халық пен 308 кәсіпорын көшіріп әкелінген.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button