ЖӨНДЕУДЕН КЕЙІНГІ ЖҮЙКЕ ТОЗДЫРУ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша Тәртіптік кеңесінің кезекті отырысынан екіұдай пікір түйдік. Біріншіден, әрине, қолданыстағы заңдылықтардың бұзылуына жол берген жан жазалануы тиіс... Әйтсе де, екіншіден, мемлекеттік қызметті атқарып, мекемелерге басшылық жасап отырған адамдардың өздерінің сол заңды білмеуі таң қалдырады. Талқыланған мәселелерді таратып көрсек, құрметті оқырман, оған өзіңіз де көз жеткізесіз. Сонымен...

Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік және Балқұдық елді мекендері орталықтан 300 шақырымдай қашықта орналасқан. Кеңестік кезде ядролық сынақтарымен аты шыққан Азғыр аумағында. Сүйіндіктегі мәдениет үйі сонау 1975 жылы салынғанымен, содан бері ешқандай күрделі жөндеу жүргізілмеген. Балқұдықтағы осындай нысанның «жасы» бұдан да әрі, ол 1961 жылы тұрғызылыпты. Осы уақыт аралығында оны да жөндеу ешкімнің ойына келмеген.

 Міне, қос мәдениет үйлерінің директорлары Ш.Шаданов пен С.Абдуллина жөндеу жұмыстары жүргізілуіне балаша қуанған. Қыстың келіп, қыспаққа аларына да қарамастан, істің басталғанын қалаған. Кейін сергелдеңге түсерін қайдан білсін?..

Сонымен, өткен жылғы 29 қарашада Сүйіндік селолық мәдениет үйі мен «Сұңқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында 35 млн. 898 мың 240 теңгеге күрделі жөндеу жүргізуге шарт жасалған. Осындай келісім дәл сол күні 48 млн. 917 мың теңгеге Балқұдық мәдениет үйі мен «Версаль Констрактион Ко ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында да істеледі.

Бірақ, бір айдан соң қытымыр қыс келіп қыспаққа алғанда алыс ауылдарға қатынас қиындайды, құрылыс материалдары жеткізілмейді. Оның үстіне, аязбен алысып, жұмыс та жүрмейді. Содан алдында жасалған шарттардың мерзімін биылғы 27 ақпанға дейін ұзартуға қосымша құжат жасақталады. Міне, заңсыздық осы жерден кетіпті. Тексерушілер «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 37-бабы 6-тармақшасы бұзылғанын байқайды. Яғни, бұл келісім бір қаржы жылынан асатын мерзімге заңсыз істелген.

Ақыры, Сүйіндіктегі селолық мәдениет үйі үстіміздегі жылдың 14 сәуірінде, ал Балқұдықтағы осындай нысан 22 мамырда қатарға қосылған. Жоғарыда айтқанымыздай, мамандардың пікірінше, жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілген.

Сонымен, іс бітті ме? Енді тексерушілер мердігер мекемелердің келісімде көрсетілген мерзімді бұзғандығын, яғни жөндеу жұмыстарын уақытында жүргізбегенін көлденең тартады. Әрине, құзырлы орындар өкілдерін де кінәлауға болмайды, заң талаптары орындалуы тиіс. Яғни, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 37-бабы 4-тармақшасының талаптарына сәйкес, тапсырыс беруші келісім жасағанда уәдесін орындамаған мердігерден шарттың толық сомасынан тұрақсыздық төлемін өндіруі жөніндегі міндетті көздеуі керек екен. Рас, бұл талап биылғы 28 қаңтарда өзгертілген. Енді негізсіз орындалмаған жұмыс көлемінен 0,1 пайыз тұрақсыздық айыбы алынады. Сүйіндік пен Балқұдық мәдениет үйлерінің директорлары былтырғы 29 қарашада жасаған шарттарында соңғысын басшылыққа алып кеткен көрінеді. Расында да, әлі өзгеріске ұшырамаған заң талаптары алдын ала қалай қолданылған? Прокуратура өкілінің бас ауыртып отырғаны да осы болса керек.

Жә, сонымен, Балқұдық пен Сүйіндік мәдениет үйлеріне қатысты оқиғадан не ұқтық? Алдымен, қолданыстағы заңдылықтардың әлі жетілдірілмегендігін айтқан абзал. Мәселен, осы мәдениет ошақтарын жөндеу жөніндегі тендерді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жүргізген. Яғни, мердігерді сол анықтайды. Қаржыны село әкімі иемденеді. Ал, директорлар біткен істің құжатына қол қояды. Сонда бір нысанның жөндеу жұмыстары үш қолдан өтеді екен. Ақырында, нысанды қабылдап алған адам жауапты саналады. Бұлардың құрылысшы маман еместігі, жөндеу жұмысының сапасынан еш хабары жоқтығы есепке де алынбайды. Рас, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуды жүйелеу үшін орталықтандырылған құрылым құрылмақшы. Бірақ, соның өзінде де мәдениет үйінің басшысы немесе мектеп директоры жөнделген нысанның жауапкершілігінен құтылмайды. Демек, осы талапты реттеген жөн.

Одан әрі, әр мәдениет үйінде немесе мектепте заңгер болуы мүмкін емес. Егер қолданыстағы заңдылықтар жиі өзгерістерге ұшырайтындығын ескерсек, өз шаруасымен әуре болып жүрген директор оны қалай қадағаламақ? Тәртіптік кеңеске түсінік берген лауазым иелерінің шарасыздығын көрдік. Демек, ресми құжаттарды жасақтағанда аудандық әкімдіктегі мамандардың, әсіресе заңгерлердің, қатысқаны дұрыс емес пе? Әйтпесе, әрбір мемлекеттік қызметкермен немесе мекеме жетекшілерімен заңдылықтар жөнінде семинарлар өткізу керек. Рас, солардың бәрі мемлекеттік қызметке орналасар алдында тиісті заңдылықтарды білуі тиіс еді ғой…

 Тәртіптік кеңесте, сонымен қатар, Жылыой аудандық өкпе аурулар ауруханасына қатысты мәселе қаралып, оның шарасын алу облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданды.                    

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз