
Жолдардағы шұрық-тесік пен ескі «зебра»: мәселе кеңесте талқыланды
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің отырысында өңірдегі жол құрылысы мен жол қауіпсіздігі мәселелері қаралды. Жиында мердігер мекемелердің жауапкершілігі, жаңа технологияларды қолдану және жол қозғалысын реттейтін құралдардың уақтылы орнатылуы негізгі тақырып болды.

Өңірлік кеңестің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Құлбарақов жол сапасының төмендігін сынға алды. Оның айтуынша, кейбір учаскелерде мердігерлер жұмысты талапқа сай атқармағандықтан, жолдар шұрық-тесік күйде қалып, қарапайым тұрғындар зардап шегуде.

– Жол саласында жүйелі бақылау жоқ, жауапкершілік те біржақты. Осыған халық кінәлі емес, мердігерлер мен тиісті мекемелер нақты жауап беруі тиіс, — деді ол.
Жиынға қатысқан «ПП Автодор» ЖШС директоры Михаил Бессонов тұрмыстық пластикалық қалдықтарды қайта өңдеп, оларды полимерлі қоспаға айналдыру тәжірибесін таныстырды. Оның айтуынша, бұл қоспа 2016 жылдан бері Қазақстанда қолданылып келеді және уақыт сынынан өткен.
– Астанада, Алматы – Астана дәлізінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстандағы бірқатар жолдарда біздің өніміміз пайдаланылды. Бүгінде ол сапасын дәлелдеді. Барлық шикізат – отандық, жұмысшылар да өзіміздің азаматтар. Біз экологияға да, экономикаға да үлес қосып отырмыз, -деді ол.

Сонымен қатар, компания мердігерлермен ашық жұмыс істеуге дайын екенін, өндірістік зертханасында ең оңтайлы құрамды әзірлеу мүмкіндігі барын айтты.

Атырау облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Тілепберген Ақболатов жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты өзекті проблемаларды көтерді. Оның айтуынша, жол белгілері мен таңбаларды орнатудағы кешігулер үлкен қиындық туғызып отыр. Бұрын бұл жұмыстарды қала әкімдігінің бір бөлімшесі атқарса, қазір ауылдық округтер жеке сатып алу рәсімдерін өткізуде.
– Соның салдарынан жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп маңындағы «зебралар» уақытша бояумен сызылып, аз уақытта өшіп кетеді. Оларды термопластикалық таңбамен белгілеу қажет. Жолдағы қауіпсіздік – тұрғындардың өмірі мен денсаулығының кепілі, — деді ол.
Жол құрылысының сапасы мен қауіпсіздігі – тек мердігерлердің емес, барлық жауапты мекемелердің ортақ міндеті. Орталықтандырылған жүйе арқылы жол белгілерін уақтылы орнату, мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерін сапалы материалмен сызу және қысқы күтімге жеткілікті техника бөлу – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттары болып қала береді.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттер автордікі