Жарнама
Қоғам

ЖОЛДА ЖАЗЫЛҒАН ӨМІРБАЯН

Бұл бағыттағы жолаушылар пойызы сонау жылдары ауызекі әңгімеде «адай пойызы» атанатын. Сірә, қазақтың осы батыр руы көбірек мекендеген Маңғыстау жарты аралына дейін жететіндіктен болса керек. Ескі вагондармен ерсілі-қарсылы тарта беретінбіз. Бүгінде заман талабына сай вагон депосында да жаңғырту жүріп жатыр.
Жолсеріктерінің жұмысымен жете танысу үшін «Атырау-Маңғышлақ» пойызына отырып, Мақат стансасына дейін жүріп баруға тура келді. Жолаушылар орындарына жайғасып, әбден орнығып болған соң бүгінгіше бригадир, бұрынғыша пойыз бастығы аталатын Қуаныш Қадыровпен тілдесуге мүмкіндік алдық. Онымен алдыңғы таныстығымыз онша емес еді. Рас, бірер мәрте ол жетекшілік ететін вагонмен жүргеніміз бар. Өзі де қызметін жолсеріктен бастап, бүгінде басшылық лауазымды иеленген жігіттің бұл саладағы тәжірибесі де толымды.
— Қазір заман өзгеше, — дейді ол толғана сөйлеп, — соған сәйкес талап та басқа. Жолаушылар алысқа бара ма, әлде жақын жерден түсе ме – бәріне де бірдей сапалы қызмет көрсетуге тиіспіз. Олар тарапынан ешқандай ыңғайсыздық сезінбеуі керек. Айтпақшы, жүріңіздер, вагондарды бірге көріп шығалық.
Орнымыздан көтерілдік. Купе дейміз бе, плацкарт дейміз бе – бәрінде де жинақылық пен тазалық. Ине-жіптен жаңа шыққандай ақжаймалар жолаушыларға таратылып жатыр. Айтпақшы, оларды сонау жылдардағыдай ақша төлеп, сатып та алмайсыз. Құны жолақысына қосылған.
Бұл пойыз Атыраудан күндізгі 11.55 сағатта аттанады. Оған дейін жолсеріктер резервінің басшысы Әлмұхан Есқалиев жолға шыққалы тұрғандарды жинап, әдеттегідей міндеттерін түсіндіреді, жұмысында шикілік шықпауын ұғындырады. Бұл — әдеттегі құбылыс. Жолсеріктер талай жылғы қызметінде толымды тәжірибе жинақтағанымен, осындай шара міндетті түрде ұйымдастырылады. Сонау кеңестік кезден қалған «Тұтынушы тілегі қашанда дұрыс» деген қағида қазір де бар. Сондықтан, алдымен оның көңілін табу керек.
Біздің білуімізше, Қуаныш Қадыровтың бригадасына әзірге жолаушылар тарапынан реніш жоқ.
— Бүгінгі жолаушылар өте талапшыл, — дейді ол, — олар өз құқықтарын жақсы біледі. Біз де бәрінің тілектерін орындауға тырысамыз.
Әйтсе де, кейде жолаушылар тарапынан да кемшіліктер туындап жатады. Мәселен, вагонда спиртті ішімдіктер ішуге тыйым салынған, ішкі тазалықты сақтау керек, жолда тұтынған ақжаймаларды түгел тапсыру қажет. Кейде әлдекімдердің орамалдарды өзімен бірге ала кететіні де бар. Ал, кейін оның орнын кім толтырмақ? Осы орайда есімізге сонау кеңестік кезде осы вагондарда вахтамен істейтін бұрғышылардың, геофизиктердің, құрылысшылардың тұтас бригадалары араққа тойып алып, талай төбелес ұйымдастырғаны түседі. Қазір оған жол берілмейді. Тіпті жолсеріктердің өздері жұмыс уақытында темекі тартпайды.
«Атырау-Маңғышлақ» пойызы жолда барлық разъезге тоқтайды. Кейбіреулер бұған да ренжиді. Бірақ, шағын елді мекендердің халқын да қамту қажет емес пе? Олар орталықпен қалай байланыс жасайды? Рас, кейде көбірек кідіруге де тура келеді. Қарсы беттен жүрдек немесе жүк пойыздары кездеседі. Әйтсе де, жолаушылар діттеген жеріне дер кезінде жетеді.
Пойыз басшысы вагондарды аралап, жолсеріктерді таныстырып келеді. Олардың есімдерін өңірлеріндегі белгілерінен де білуге болады. Қалима Бекенова, Шолпан Байманова, Серік Көшкінбаев, Зәмзәгүл Қадекешева, Раузя Сағиденова, т.б. Бұлар осы жолмен қаншама мәрте жүрді екен?! Қаншама жанмен жүздесіп, кейбірімен сырласып та үлгерді екен?! Бәрі де жылы жымиып, әсем күлкісімен амандасуда. Қандай жарасымды!

Қайырбек ЕРМҰХАН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button