Жарнама
Қоғам

ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫНА НЕГЕ РЕНІШ КӨП?

 

«Дөңгелек үстел» басында Атырау қаласында тұтынушыларға жолаушы көліктерімен қызмет ету сапасы, билеттің қолжетімділігі, жолаушылардың қауіпсіздігі, басқа да шешімі табылмай отырған мәселелер талқыланды.

Ағымдағы жылдың басынан бері облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне 43 шағым-арыз түскен. Яғни, тұрғындар қоғамдық көліктер қызметіне қанағаттанбайды. Атырау қаласы бойынша жолаушыларға қызмет көрсету жайы сын көтермейді. Мәселен, жолаушылар көліктерінің азаюы, жүргізушілердің тәртібі, жолаушы тиеген автобустардың бір-бірімен жарысып жүретіні, жол ережелерінің бұзылатыны, аялдамаға жетпей тоқтайтыны, жүру кестесін сақтамау жиі кездеседі. Сондай-ақ,  көлік жүргізушілер мен кондукторлардың жолаушыларға қызмет көрсету мәдениетінің төмендігі, төлем билеттерінің берілмейтіні, мүгедектер мен оқушы балаларға дөрекі сөйлесіп, балаларды  мінгізбеу немесе мектеп оқушыларынан жолақы талап ету жайттары туралы арыз-шағымдар жеткілікті екен.

Басқосуда Тұтынушылардың  Ұлттық  лигасының Атырау облысы бойынша өкілдігінің  директоры Марина Мұхтарова тұтынушылар құқығын қорғау мәселесіне тоқталды. Оның  айтуынша, әрбір тұтынушы өз құқығын қорғап, шағымдана алады. Арыз үш күн ішінде қаралады. Тұтынушы өзіне жасалған қолайсыздықтарды тізімдеп, сотқа арыз беруге де құқылы. Ол көлік жөніндегі заңда қарастырылған.

Ал, тұрғындардан түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі  №1, 2, 6, 12, 14, 30, 30а маршруттарының жұмыстарына қатысты болып отыр. Сондай-ақ,  №7 маршруттың қызметіне де реніштер аз емес. Бұл жағдайды «Такси» ЖШС-ің басшысы Бағыт Меңдешев көліктердің жетіспеушілігімен байланыстырады.

Бұдан әрі сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім меңгерушісі Асхат Кенжеәлиев,  «Данияр и К» ЖШС басшысы Лариса Ульченкова, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және авто  жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі  Қуаныш Ибрагимов, басқа да компания басшылары жолаушылар тасымалы қызметінде орын алып отырған  кейбір түйінді  мәселелерді атап айтты.

Басқосу қорытындысында тұтынушыларды көлікпен қамтамасыз ету мекемелерінің басшыларына шешімін таппай отырған  мәселелерді жою, яғни тұтынушылардың мүддесіне қарай жолаушылар қызметін жақсарту бағытында ұсыныстар берілді.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button