Жарнама
Қоғам

ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ

 

Смартфон тәртіпке шақырады

Бүгінде Атырау қаласында және оған қарасты елді мекендердің жолаушылар тасымалында сегіз мекеме жұмыс жасайды. Бес жауапкершілігі шектеулі серіктестік және үш жеке кәсіпкер қызмет етеді. Жалпы, қоғамдық көліктер саны – 355, оның ішінде 213 – автобустар, 142-сі шағын автобустар. Өткен жылмен салыстырғанда биыл автобустар саны 86 данаға көбейген. Оның 70-ін «АйсТрансХолдинг» компаниясы өз қаражаттарына сатып алды.

Атырау қаласында жаңа мөлтек аудандардың салынып, тұрғындардың көбеюіне байланысты автобус маршруттарының да саны артуда. Мәселен, биыл Нұрсая-Дина бағытындағы №4 маршруттың қатарына он  көлік қосылды. Жалпы, олардың тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыруда бірқатар жұмыстар қолға алынған.

Дәлірек айтқанда, қозғалыс кестесінің сақталмауы, маршруттағы көліктердің кешкісін уақытынан ерте кетуі, жүргізушілердің тәртіпті сақтамауының алдын алуда ашылған диспетчерлік орталықтың мәні зор. Айта кетейік, орталық смартфонға жүктелген қосымшаның көмегімен маршруттардың арақашықтығы туралы ақпарат алып, мейлінше бақылап отыруға мүмкіндік береді. Тәртіп бұзушылықтар орын алған жағдайда оларға телефон шалынып, жүргізушілердің әрекеттері түзетіліп отырылады.    

Қордаланған проблемалар көп

Бұл жайларды мәлімдеген Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Ибрагимов бүгінде қоғамдық көліктер қанша бақылауға алынып жатса да, тәртіп бұзушылықтардың азаймай жатқанын алға тартты.

– Аталған құрылғы 250 автобусқа орнатылды. Бұл маршруттар кестесін сақтап, жүру жылдамдықтарын бақылап отыруда маңызы зор. Алайда, кейбір жүргізушілердің құрылғыны өз еріктерімен ажыратып тастауы әлі де орын алуда. Бұл әсіресе, №№8, 52, 14 маршруттарда кездеседі.

Ал, заңдылыққа бағынбай, жылдамдығын шамадан тыс арттырып, көлікті бір-бірімен жарыса жүргізгендер де баршылық. Мәселен, құрылғының көмегімен қала ішінде №57 маршруттың бірі 90 км/сағ. жылдамдықпен, №12 маршруттың бірі 74 км/сағ, №52 маршруттың бірі 67 км/сағ жылдамдықпен жүргендері анықталды. Мұның бәрі – диспетчерлік орталыққа бір күннің ішінде тіркелген мәліметтер. Осындай жайлар  тұрғындардың наразылығын тудыруда, — дейді Қ.Ибрагимов.

Оның айтуынша, бөлімге бүгінде қоғамдық көлік мәселесіне қатысты 70 арыз түсті. Мұның өзі маршруттардың қадағалаусыз қалуы салдарынан орын алып отырғанын көрсетеді. Белгіленген серіктестіктер өздеріне қарасты қоғамдық көліктерді өз тараптарынан бақылауда ұстамайды. Тек «Нұр Отан» партиясы филиалдарының немесе жергілікті әкімдіктің ескертуінен кейін ғана жұмыс жасағандай сыңай танытады.

Сондай-ақ, жиын барысында демалыс күндері қоғамдық көліктер санының азайып кететіні, бұл уақытта қызмет көрсету сапасының  көңіл көншітпейтіні айтылып, оның шараларын алу жауапты адамдарға міндеттелді. 

«Ақылды қала» – мәселенің шешімі

Қалай десек те, диспетчерлік орталық қоғамдық көліктердің жұмысын бақылауда қажеттілігін дәлелдеді. Ал, жұмыс сапасын одан әрі арттырып, тұрғындарға жоғары деңгейде қызмет етуде қолға алынғалы жатқан «Ақылды қала» жобасының мәні тіптен зор.

«Ақылды қала» – «Smart Аtyrau» жобасының басты мақсаты – қала тұрғындарының тұрмыс дәрежесін, әл-ауқатын арттыру, шаһардың инфрақұрылымын жақсарту. Бұл заманауи жобаның негізгі операторы – «Аtyrau Innovations» компаниясының директоры Азамат Асылбековтың айтуынша, негізгі мақсат – инновациялық стартаптарды қолдау.

«Smart Аtyrau» бағдарламасының шеңберінде «Смарт мектеп», «Смарт емхана», «Смарт көлік», «Смарт автотұрақ» және «Смарт жарықтандыру» жобалары қолға алынған. Жобаның алғаш болып жүзеге асатын бір тармағы «Смарт көлік» бағытында бірқатар жұмыс жасалады.

Ендігі уақытта қоғамдық көліктерде электронды билетті енгізу арқылы жолақы жинаушылардың дөрекілігі мен мәдениетсіздігінен құтыламыз. Бұл ретте әрбір жолаушы жолақыны электронды кәртішкемен төлейді. Арнайы кәртішкесі жоқ сырттан келген меймандар үшін кондукторсыз қолма-қол негізде жолақы төлеу мәселесі де жолға қойылмақ.

«Қоғамдық көліктегі қордаланған мәселенің басты шешімі – осы болмақ. Диспетчерлік орталық арнайы құрылғы арқылы көліктердің жүру аралығын, жылдамдығын қадағалап отырса, «Ақылды транспорт» жобасы арқылы үлкен мәдениеттілікке қол жеткіземіз. Қазіргі уақытта жүргізушіге 70-80 мың теңге еңбекақы төленсе, бұл жоба іске қосылғанда жүргізушінің жолақысын 100-120 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік болады.

Ал, жобаны іске асыру шамамен 220-250 миллион теңгені қажет етеді. Қаржы жергілікті бюджет есебінен қаралмақ. Оны жүзеге асыруда тұрғындардың тарапынан айтылған ұсыныстар да қалыс қалмайды» деді Атырау қаласының әкімі Н. Ожаев.

Сондай-ақ, ол заңсыз таксилерді жою мақсатында тұрғындарға қолжетімді бағамен машруттық таксилерді ұйымдастыруды да  тапсырды.

Автобустарға бейнебақылау орнатып, жолаушылар тасымалына қатысты құзырлы органдар мен операторлар арасында келісім-шартты қайта жасақтау, рейдтік тексерулерді тұрақты ұйымдастыру қажеттігі де қаперленді.

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button