Жобалар неге кешікті?

«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында бөлінетін қаражаттың мақсатты жұмсалуы «Нұр Отан» партиясының бақылауында. Жақында партия жанынан құрылған «Индустриялдық, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, кіші және орта кәсіпкерлікті қолдау» жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осы мәселе талқыға түсті.

Жиында сөз алған Атырау облысы құрылыс басқармасының басшысы Тілек Махуов бағдарлама аясында жүзеге асуы тиіс кейбір жобаларды мерзімінде тапсыруда кедергілер кездесіп отырғанын айтты. Мәселен, Махамбет ауданы, Алмалы селосындағы құс фабрикасы құрылысының уақыты «КТК-К» АҚ-мен трансформаторлық стансаларын орнату орнын келісуге байланысты созылуда. «Себебі, трансформаторлық станса «КТК-К» АҚ мұнай құбырынан 90 метр қашықтықта орналасқан. Ал, негізгі талап бойынша арақашықтық 200 метр болуы тиіс», – дейді ол.

Құрылыс мердігерінің айтуынша, мәселені шешу үшін құрылғыны 2 метр биіктікте орнату қажет. Бірақ, бұл мәселеге қосымша қаражат қаралмаған. Жағдайды жан-жақты талқылаған комиссия мүшелері фабрика құрылысын кідіртпеу үшін, шығынды қайта есептеп, банктен рұқсат алуды ұсынды.

«Нұрлы жол» аясында қолға алынған Махамбет ауданындағы «Меken Chicken» ЖШС құс фабрикасының сорғы стансасына электр тоғының жүйесі қарастырылмаған. Осының салдарынан 90%-ға құрылысы аяқталған стансада бұл мәселе де шешімін таппай отыр.

Ал, бағдарлама шеңберінде іске қосылатын Томарлы селосындағы бекіре балық шаруашылығы ұжымына уақытша электрлік желілерін жүргізу үшін қажетті жер учаскесін бөлу мәселесі жарты жылдай мерзімге кідірген екен. Десе де, нысан ағымдағы жылдың маусымында тапсырылады деп күтілуде.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз