ЖЕРЛЕСІМІЗ ҒАЛЫМЖАН БАЙДЕРБЕСОВ – АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған ауылында қызмет істеген жылдарынан бастап батыр қыздың өмірі мен ерлігі жайлы деректер, жәдігерлер жинастырып, Әлия мұражайын ашты. Екі рет арнайы делегациямен Әлияның ерлікпен қаза тапқан жері Псков облысының Новосокольники деревнясында, Монаково биіктігінде болып қайтты. «Әлия батыр қызы сен халқымның», «Алия – наша гордость», «Әлия – ғасыр аруы», «Аңызға айналған арулар», «Әлия-ғұмыр: ерлік пен өнеге», «Подвиг длиною в жизнь» және «Ржев шайқасының қаһармандары» атты кітаптардың авторы. Бір кітабы ағылшын тіліне аударылды. «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Шапағат» және басқа да бірнеше медальдың иегері. 2003 жылы «Ақтөбе облысының жыл адамы» атанды.
Ғалымжан Байдербесов өткен жылдың қорытындысы бойынша салтанатты марапаттау рәсімінде екі рет сахна төріне шақырылды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әуелі оған Елбасы Жарлығымен марапатталған «Құрмет» орденін табыс етті. Содан кейін кезегі келгенде Ғалымжан Ермағанбетұлын облыс әкімі халық алдына екінші рет тағы шақырып, оның облыстық мәслихаттың шешімімен «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы» мәртебелі атағына ие болғанын хабарлап, кеудесіне төсбелгісін және көгілдір айқарма лентасын тақты. Сөйтіп, Ақтөбе өңірінде жемісті еңбек етіп жатқан, 80 жастың белесінен асқан жерлесіміздің бір күнде екі бірдей үлкен марапатқа ие болып, мерейі өскенін атыраулық тілеулестеріне қуана хабарлаймыз.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі.