ЖЕР ДАУЫНЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
ОтырыстаАтырау қалалық жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және бірқатар азаматтардың шағымдары бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Ш.Әлекешев баяндады.
Ағымдағы жылы аталмыш департаментпен жер қатынастары саласында пара алу және қызметтік міндеттерін асыра пайдалану фактілері бойынша үш қылмыстық іс қозғалған, сондай-ақ, департаментке келіп түсетін лауазымды тұлғаларға қатысты шағымдардың 12 пайызынан астамы – жер мәселесімен байланысты. Талдау нәтижесінде, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтер бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол беретін көптеген себептер мен жағдайлар анықталған. Атап айтсақ, жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бірі – жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат беру. Көптеген жағдайларда Атырау қалалық әкімдігімен, қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерімен жер қатынастары саласында азаматтарға тиісті рұқсаттар жұмыс комиссиясы және коммуналды қызметтің қажетті келісімдерінсіз берілген. Көрсетілген келісімдер міндетті түрде қажет болғандықтан азаматтар коммуналдық қызметтерді өз бетімен алуға мәжбүр болған. Тіпті, рұқсаттарды беру мерзімі 4 айдан 3 жылға дейін жасанды созудың 109 фактісі анықталған.
Осы мәселелерге байланысты кеңес мүшелеріне түсінік берген қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары өздерінің әрекеттерін кадр тапшылығымен, әкімдіктегілердің жиі ауысуымен дәлелдеуге тырысты. Олар алға қарай орын алған олқылықтарды түзетіп, жерге қатысты заңнамалардың қатаң сақталуын бақылауға алатындықтарын мәлімдеді.
Кеңес мүшелері әкімдіктің ішкі мәселелері азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын бұзуға жол бермеуі тиіс екендігін, жермен байланысты сұрақтар төңірегінде тұрғындар арасында насихаттау және сауаттандыру жұмыстарының жүргізілу қажеттігін ескертті. Тәртіптік кеңес бір ай мерзімде анықталған барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша шара қолдану, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшыларын тәртіптік жазаға тарту ұсынылды.
Кеңес отырысында облыстық қаржы бақылау инспекциясының Мақат аудандық құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне «Мемлекеттік сатып алу» Заңының талаптарын бұзу дерегі бойынша жүргізілген тексерістер қаралды.
Тәртіптік кеңес Мақат ауданының әкіміне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына жол берген бөлімдердің басшыларын «қызметтерінен босату» түріндегі тәртіптік жаза қолдану бойынша ұсыныс берді.
Бақытжан ЖҰМАТ.