
Жеңіс жолында жігерлі жандар
Атырауда арбаға таңылған жандардың қоғамға бейімделуіне, өмірге деген құштарлығын арттыруға және инклюзивті спортты дамытуға бағытталған ерекше марафон өтті. «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Тиімді оңалту» жобасы аясында ұйымдастырылған спорттық марафон мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жаңа қырынан танылуына жол ашты.

Жарысқа барлығы 36 қатысушы арнайы арбамен қатысып, төзімділігін сынады. Олардың мүмкіндіктеріне қарай төрт санат белгіленіп, қауіпсіздікке ерекше назар аударылды. Әр қатысушы ресми нөмірмен тіркеліп, нәтижелерін волонтерлар қадағалады.
Марафонның ашылу салтанатында мүгедектер спорттық клубының директоры Есенгелді Пазылғалиев пен «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімі бас менеджерінің орынбасары Хеймиш Полс құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл тек Атырау өңірі үшін емес, ел үшін де маңызды қадам. Біз сіздердің табандылықтарыңыз бен еңбектеріңізден үлкен серпіліс көреміз. Алдағы уақытта да компания тарапынан қолдауды жалғастыруға дайынбыз, — деді Хеймиш Полс.

Тартысқа толы жарыста С1 санаты (400 метр) бойынша мәре сызығын бірінші болып Гүлзира Мұратқызы кесті. Ал С2 санатында (2 км) қыздар арасында Айзада Қуандықова жеңімпаз атанса, Балжан Ерғалиева II орын, Жазира Мәжитова III орын иеленді. С3 санатында (3 км 200 метр) әйелдер арасында бас жүлде Жайнар Дәуренқызына бұйырса, екінші орын Елена Бударинаның еншісінде болды.

Осы қашықтықтағы ерлер бәсекесінде Берекет Ақжігітов жеңімпаз атанып, Жұмабек Жұмалиев екінші, Марат Жұмалиев үшінші орынға ие болды. С1 санатында (1 км 200 метр) Нұрасыл Жігер жеңіс тұғырынан көрініп, одан кейінгі орындарда Данабек Тұржігітов пен Бейбарыс Амангелді бөлісті. Ал ең ұзақ қашықтық саналған С4 санатында (6 км) жеңімпаз болып Қуаныш Тәжіков танылса, Мәди Имахов екінші, Бахыт Бекбай үшінші орынға табан тіреді.
Жарыс соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Ұйымдастырушылар марафонның жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, салауатты өмір салтын насихаттауға серпін беретінін атап өтті.

Айта кету керек, барлық жеңімпазға қалалық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Әнуар Батаев өз дүкенінен арнайы сертификат берсе, II орын иегерлеріне «Атыраубалық» компаниясы бағалы сыйлықтар сыйлады. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген кәсіпкер III орын иелеріне рюкзак пен спорттық бас киім табыстады. Қатысушылардың ешқайсысы назардан тыс қалмай, жұбаныш сыйлықтар да табыс етілді.
Марафонға қатысушылардың табандылығы мен қайсарлығы көрермендерге зор әсер қалдырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шараларды дәстүрлі түрде өткізу – инклюзивті спорттың дамуына, қоғамда тең мүмкіндіктердің кеңеюіне жол ашады. Бұл сайыс тек жарыс емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген жігерін, алға ұмтылысын паш еткен ауқымды шара болды.
Алмас ҚАБДОЛ
суреттер автордікі