Жарнама
Қоғам

«Желтоқсан желі ызғарлы»

148168994544iiu_1000x768

Күллі әлемді дүр сілкіндірген 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы қазақ топырағына ұлттық санасын, намысын жетелеген жаңа әрі қайсар буынның келгенін әйгіледі. Желтоқсаншылардың қақ ортасында болып, Мәскеудің бұл шешіміне қарсылық білдіргендердің бірі – Индер ауданында туып-өскен Нұртілеу Хамитұлы. Өміріне өшпестей ізін қалдырған сол бір қиын-қыстау күндерді ол бізбен сұхбаттасқанда былайша еске алды:

– Кеңес Армиясы қатарынан өзімнің азаматтық борышымды өтеп келіп, 1984 жылы шаруашылықтың жолдамасымен Алматы сәулет-құрылыс институтының дайындық курсына қабылдандым. Сынақ тапсырып, аталған оқу орнының инженерлік жылу-газ желілер мен желдеткіш жүйелері мамандығына оқуға түсіп, 2 курста оқып жүргенмін. Орталық Комитет пленумының республика басшысы Қонаевты жұмысынан босату жөніндегі шешіміне қарсылық білдірген замандастармен бірге желтоқсанның 17-18 күндері Жаңа алаңға бардық. «Менің Қазақстаным» әнін шырқадық. «Ұлт саясаты бойынша әр елді өз ұлтының өкілі басқару» деген талап қойылды. Ұрандар жазылған лозунгілер көтерілді.

Қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысқан өрімдей жігіттер мен қыздарға әскери күш қолданылғандығы, өрт сөндіргіш машиналардан сумен атқылағандығы, жастарды аяусыз жазалап, машинаға тиеп алып, Алматының  шет жағына апарып тастағандығы талай айтылып та, жазылып та жүр ғой. Үсті-басымыз су-су болып, жатақханаға қайтып келдік. Желтоқсан оқиғасы кезінде біз де деректі фильм таспасына іліккен екенбіз. Оны жыл сайын теледидардан көріп жүрміз.

– Одақтық, республикалық басылымдарда сол күнгі оқиғаны «Алматының студент-жастарын маскүнемдер, нашақорлар» деп көрсетіп, солардың қатысымен жаппай тәртіпсіздік орын алды» деген теріс ақпарат таратты емес пе?

– Иә, билік те, газеттер мен Мәскеудің телеарнасы да солай көрсетіп, жалған ақпарат таратты. Бірақ, қазақтың жастары ондай теріс қылықтарға барған емес. Бейбіт шеру болды. Әскерилер мен ішкі істер органдарының өкілдерінің бізге ит қосуы, дубинкамен соққыға жығуы, шаштан сүйреп, қақаған қыста сумен атқылауы, далаға апарып тастауы ақылға сыймайтын сорақылық еді. Бұл алаңға жиналған жастардың ашу-ызысын тудырды.

– Алматы сәулет-құрылыс институтының студенті, желтоқсанның құрбаны болған Қайрат Рысқұлбековпен бірге оқыған  екенсің. Бұл жөнінде не айтар едің?

– «Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар.

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар.

Алам десең алыңдар,

Қайрат деген атым бар.

Қазақ деген затым бар.

Еркек тоқты құрбандық,

Атам десең атыңдар!» — деп өзіне тағылған айыпты мойындамай, қасқайып тұрып қарсы алған Қайрат Рысқұлбековпен бірге оқыдым. Ол да әскери борышын өткеріп келді, оқуға бірге түстік. Ұзын бойлы, ақынжанды, сырықтай алғыр жігіт болатын.  Оған Желтоқсан күндері «телеоператор Савицкийді өлтірдің» деп айып тағылып, өлiм жазасына кесiледi ғой. Ол «Аса қауіпті қылмыскер изоляторында» ұсталды. Кейiннен бұл жаза 20 жылдық үкімге ауыстырылды. 1988 жылы Қайраттың камерасынан оның өлi денесi табылды. Бірақ, құпия қазаның арты ашылмады.1996 жылы Қайрат Рысқұлбековке елiмiздiң ең жоғары наградасы – «Халық Қаһарманы» атағы берiлдi. Желтоқсанның ызғарлы желіне қарамастан әділетсіз шешімге қарсы тұрған замандастарымыздің көпшілігі қудалауға ұшырады.

– Құқық қорғау органдары тарапынан артыңнан іздеу болды ма? Кейінгі тағдырың қалай өрбіді?

– Бейнетаспаға түскендерді іздеп, жауапқа тарту басталғанда жатақханаға тиісті органдардың адамдары барған. Бірнеше күн оқуда болмағандықтан институттан шығарылдым. Бой тасалай жүріп, Алматыда тұратын апамның көмегімен 1987 жылдың көктемінде Ақтауға кетуге тура келді. Сонда жұмысқа орналастым. Кейін ақталып, жоғары білімімді алып шықтым. Осында үйленіп, балалы-шағалы болдым. Қазір Ақтаудағы пәтер иелері кооперативін басқарамын.

– Алматыда бірге оқыған желтоқсаншылармен хабарласып тұрасың ба? Олар туралы не білесің?

– Азаттықты аңсаған сол кездегі жастар қазір еліміздің түкпір-түкпірінде өз Отанына қызмет етіп жүр ғой. Ақтауда отыз шақты «желтоқсаншы» бар. Арнайы қоғамы жұмыс жасайды. Желтоқсан құрбандарын еске алу күніне орай басымыз қосылады. Қала мектептеріне, колледждер мен жоғары оқу орындарына барамыз. Оқушылармен, студент-жастармен кездесіп, жас ұрпақ тәрбиесіне, олардың бойындағы патриоттық сезімді нығайтуға  өз үлесімізді қосып жүрміз. Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына байланысты Ақтау қаласының әкімі бізге құрмет көрсетті. «Желтоқсан – ел есінде» атты арнайы естелік медалімен марапаттады, Алғыс хатын табыс етті.

Жанғазы Оспанов деген замандасым қазір Ақтауда көлік колледжінде оқытушы болып қызмет етеді. Айтулы оқиғадан кейін Қасым деген желтоқсаншы досымның сотына қатыстым. Өзі көп балалы отбасында тәрбиеленген, адамгершілігі мол тәртіпті, әрі салмақты жігіт болатын. Баласының сотына анасы да қатысты. Оған сот бес жыл бас бостандығынан айыру жөнінде үкім кесті. Қасым Ақтау түрмесінде отырып, жазасын өтеп шықты. Кейін ол толықтай ақталды.

Біз қазір әлем мойындаған тәуелсіз мемлекетпіз. Ендеше, «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, іргесі берік, ынтымақ-бірлігі жасасқан халқымыз баянды бейбіт өмірде болғай!» деген тілек бар.

Ұранға «Алаш» деген атты аламын» деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын-сүргінге ұшырап, сталиндік қызыл террордың құрбаны болды. Сол Алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні-қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді. Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол  сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе?

1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің  небәрі 18 минутқа созылған пленумында Дінмұхамед Қонаев республиканың бірінші хатшысы қызметінен босатылды. Оның орнына бұрынғы Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Геннадий Колбин деген беймәлім біреу сайланды. Бұл шешімге қарсылық білдірген  Алматының  оқу  орындарының студенттері мен кәсіпорындарының  жұмысшы-жастары бейбіт мақсаттағы шеруге шықты. Алаңға шыққан  жастарды  қарулы  күшпен  басып-жаншыды.

 Нұртілеу ХАМИТҰЛЫ:

 

Related Articles

One Comment

  1. Желтоқсан ызғарының ұмытылмас анық. Қазіргі кезде желтоқсан айы қатты суық болып жүрген жоқ. Сол 86-шы жылдың қалың қарлы болғаны, тым суық болғанын бұрынғы бейнетаспалардан көріп, шынымен жон арқаң жыбырлап кетеді. Олардың қиналысын тіпті хас дұшпаныңа да тілемейсің. Елімізге Алла тыныштық, бейбітшілігін заманын бергейсің.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button