Жарнама
Қоғам

ЖЕЛДІ ЖАРҒАН ШАБЫТЫ ДҮР ШАЙЫРСЫҢ

 

Бойға құйған қылығын Қарашаның,
Аманқосты сағынтты бала сағым.
Туған жерде қаз басқан сәби тірлік,
Сезді ме екен заңғармен таласарын?!

Қанжығаға тай күнде-ақ жыр бөктерді,
Қысқа жіпті қолға алса күрмеп берді.
Қосылды да бәйгеге басып озды,
Аруақ өлең арбаған дүрмектерді.

Шаршы топтан шықты ақын дараланып,
Тұлпар талап шырқауға барады алып.
Тіледі де сәттілік қалды танып,
Дарын кейпін айырған дана халық.

Шапса жүйрік көрінбес ерсі жұртқа,
Көтермеле қолтықтан тер шығып па?!
Ауылда тұрып атанған академик,
Ғалымдардың кейпі бар Ершуовта.

Қиырларға беттеген құла дөңнен,
Сапар сайын қағады құлақ елең.
Желді күнгі толқындай Жемде ойнаған,
Бұйра бастан бұрқырар бұлақ өлең.

Ерлікке тең қауіптен жасқанбауы,
Бұлтпен сырлас қиялы аспандады.
Оттан, судан, тау, тастан өтті қарғып,
Тыншу бермей келешек дастан қамы.

Ұстаз туын қолынан түсірмеді,
Үздік болды ағарту ісіндегі.
Ұқтыдағы баланың тілін, жанын
Бал дидарын қаламмен мүсіндеді.

Шақырғанда шабытын тасып жігер,
Қаршығадай шүйіліп асылды ілер.
Аманқостың талғамы тым биікте,
Қасаң сөзден қарадай қашып жүрер.

Сабылмаған жол іздеп бақ табатын,
Қаламаған баруды таққа жақын.
Тума талант төл балаң Аманқоспен,
Атырауым, жөнің бар мақтанатын.

Үңілді ол саз-өмір арнасына,
Жазбай қалған тақырып бар ма, сірә?!
Жүрек шіркін, тағатын бір таппайды,
Барлай қарап болашақ сан ғасырға.

Ойланады Аманқос қайырламай,
Толғанады ішінен қайырмалай.
Ең керегі ақынға ой, толғаныс,
Сол бақыттан, құдайым, айырмағай!

2. АТАЛЫ СӨЗ АҚТАРЫП…
Бір жас үлкен молдан құрдас, қайдасың?
Пысықтықтың көріпсің-ау пайдасын.
Жетпіс шыңға шығып апсың сен бүгін,
Тауып кетіп бұрын өрлеу айласын.

Жыр додада көзге ілмедің әнтекті,
Ақпа ақынсың жазу білмес әртекті.
Жемнен шығып, желік қуып, Аманқос,
Қазақ жұртын жырмен баурап тәнті еттің.

Жеті емес, жетпіс қырды астың да,
Сексен елін іздеп алға бастың ба?
Ауылдан-ақ аталы сөз ақтарып,
Бұрынғыша біз «байғұсқа» бас бұрма.

Өлеңде сен әу бастан-ақ ептісің,
Үзеңгіңді шіреп тепкен тектісің.
Желді жарған шабыты дүр шайырсың,
Құтты болсын, тәуба құмар жетпісің.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
ақынның қаламдас, курстас досы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button