Жарнама
Қоғам

Жеңіске жетелейтін жанкүйерлер

 — «West Side» жанкүйерлер қозғалысы қай жылы кімнің ұйғарымымен құрылды?
— Алғашында ғаламтордағы футбол сайттарында атыраулық бір топ азамат бас қосып, 2008 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының маусымы соңында жанкүйерлер қозғалысын құруға бел буды. Ең алдымен, жанкүйерлер сайтын жасақтап, атауын кең талқыға түсіріп, соңында «West Side» деген атауға тоқталдық. Қозғалыстың эмблемасын да ойластырдық. Эмблемамызда қолын жайып тұрған жанкүйер бейнеленсе, ал, қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен көмкерілген дөңгелек бейнесі бірлікті паш етеді және «Атырау» деген жазу да эмблемада көрініс тапқан. Ең алғаш рет 2009 жылдың 7-нші қаңтарында боранды күні тізеден асқан қарды кешіп жеті жанкүйер жиналды. Дәл осы күн «West Side» жанкүйерлер қозғалысының құрылған күні болып есептеледі.
— Өзіңіз айтып өткендей, қозғалыс жеті жанкүйермен құрылса, қазіргі таңда құрам бірнеше есе толықты. Қазіргі таңда қозғалыстың құрамында қанша жанкүйер бар?
— Бүгінгі таңда қозғалыстың негізгі құрамында 25 адам бар. Ал, кей кезде қатарымыз көбейіп, 50-60 адамға дейін жетіп жатады. Бұл жердегі басты мәселе – кейбірі қатарға қосылып жатса, басқалары «жанкүйерлер қозғалысының идеологиясына» қайшы пікірлерін білдіріп, өз еріктерімен кетіп жатады. Әркімнің өз таңдауы бар. Біздің басты мақсатымыз — әр матч сайын команданы жеңіске ұмтылдыру, жігерлендіріп отыру.
— Алғашында «Атырау» футбол командасына жанкүйерлік ету мақсатында құрылып, кейін «Бейбарыс» хоккей, «Атырау барыстары» баскетбол және «Атырау» волейбол командаларының да жанынан табылып, қолдау беріп келесіз. Жанкүйерлердің қолдауы спортшыларға жігер берері анық. Қарсыластардың аймағында өтетін ойындарға да жиі шығып жатасыздар. Осындай кездерде сіздерге қаншалықты көмек көрсетіліп жатыр?
— Иә, сырт аймақтарда өтетін додаларда ойынның нәтижесіне қарамай, соңына дейін сүйікті командаларымызды қолдау біз үшін өте маңызды. Ойын соңында жергілікті командалардың ойыншылары өз жанкүйерлеріне де шексіз алғыстарын білдіріп жатады. Алаңда, мұз айдынында маңдай терін төгіп, өңір намысын қорғап жүрген ойыншыларды сынаушылар әрдайым табылып жатады. Бірақ, әр кездесуде ойыншылар қарсыластардың берген мүмкіндігіне байланысты өнер көрсететінін ұмытпаған жөн.
Еліміздің шайбалы хоккей чемпионатында үздік ойын өрнегін көрсетіп жүрген «Бейбарыс» командасының қарсыластар мұз айдынында өтетін кездесулеріне баруға аталмыш команда клубының әкімшілігі қолұшын беріп келеді. Ал, футболда 2010 жылы Астана қаласында Қазақстан Суперкубогы мен 2009 жылы Ел кубогы сарапқа салынған кезде қала әкімдігі 200-ге тарта жанкүйерге Елордадағы стадионда командаға қолдау білдіруге мүмкіндік туғызды. Сол жылы «Атырау» футбол командасы Қазақстан Кубогын еншілеген болатын. Бұл – тарихта мәңгі қалатын жеңіс. Аталған ойынға екі жүзге жуық жасыл-ақ түсті жалау мен баннерлер жасақтадық. Ал, қазіргі «Атырау» футбол клубының басшыларымен де тығыз қарым-қатынастамыз. Команданы дамыту жөнінде жаңа идеяларды талқылап, бір шешімге келеміз.
Жалпы қозғалыстың әр фанаттың мүмкіндігіне сай жинақталатын өзіндік бюджеті бар. Бұл қаржы басқа аймақтарға шығуға, жалау-баннерлер дайындауға жұмсалады.
— Жергілікті командалардың ойындарына көңіліңіз тола ма?
— «Бейбарыс» хоккей командасы мен бапкерлер құрамына құрметіміз шексіз. Өйткені, өткен маусымда турнирлік кестенің ең соңғы орнынан финалға дейін көтерілу үшін үлкен күш-жігер жұмсалғаны белгілі. Ал, футбол құрамасы жинақталу, қалыптасу үстінде. Өткен жылдары «Атыраудың» Ел чемпионатындағы жағдайы көңілге қаяу түсіретін, турнирлік кестеде үнемі көш соңында жүргені жасырын емес. Осындай сәттерде көптеген жанкүйерлер командадан теріс айналды. Ал, командасына сенімділік танытқандар қатарымызда қалды.
— Ал, төрешілердің қызметіне ше?
— Төрешілердің қызметі әр матчта жанкүйерлерге айдай анық көрінеді.
— Команданың формасының түсіне тән алыстан көздің жауын алатын шарф, футболка, баннерлерді дайындауға қайда тапсырыс бересіздер?
— Шарфтарға үнемі Ресейдің Санкт-Петербург қаласына тапсырыс береміз. Онда сапасына да үлкен мән беріледі және сенімді тұтынушысы болғандықтан, бізге жеңілдіктер ұсынылуда. Төрт жыл ішінде біз 600 шақты шарфқа тапсырыс бердік. Алайда, неге екені белгісіз, ойынды тамашалауға келген жанкүйерлердің көбі шарф тағып келмейді. Ал, футболкаларды Қарағандыдан сатып алып жүрміз.
— Жанкүйерлер қозғалысының мүшелері өлең шумақтары арқылы ойын барысында ойыншыларға күш беріп, алға жетелеп отырады. Сіздер де жігерге жігер қосатын үндеулеріңізбен ерекшеленесіздер. Осы өлеңдерді кім шығарады, әлде бұған да тапсырыс бересіздер ме?
— Өлең шумақтарын өзіміз дайындаймыз. Біреуі әуенді ойластырса, басқасы сол әуенге арнап сөз жазады. Тағы біреулер жалаулар мен баннерлерді дайындауға кіріссе, дауылпаз соғудың да өз шебері болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, қай-қайсысымызға да айналысатын шаруа табылып жатады.
— Ойындар барысында қарсылас командалардың жанкүйерлері бір-бірімен келісе алмай қалатын жайттары жиі кездесетіні де жасырын емес. Өзге аймақтардағы жанкүйерлік қозғалыстармен қандай қарым-қатынастасыз?
— Қостанайлық жанкүйерлермен және қызылордалық «Қыр қасқырлары» («Степные волки») жанкүйерлер қозғалысының мүшелерімен қарым-қатынасымыз жақсы. Ал, қалған ұйымдармен жай ғана араласамыз.
— «West Side-ты» толғандырған қандай проблемалар бар?
— Өз ісіне адал берілген ұйымның толғандырған мәселелері әрдайым болады. Әсіресе, сырт аймақтардағы ойындарда командаға жанкүйерлік етуге басшылықтар тарапынан қолдау білдірілсе деген тілегіміз бар. Өйткені, облыстың абыройын республикалық деңгейде қорғап жүрген командалар, ең алдымен, жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыласына зәру. Барлық жол шығындарын өз күшімізбен өтеп келеміз. Осыған орай, кейбір жанкүйерлер еш қиналмастан қарсыластар аймағында өтетін ойындарды тамашалауға өз қаржысына жолға шыға алса, ал, студенттердің мұндай мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, студенттерге жағдай жасау қолға алынғанын қалаймыз. Атап айтсақ, Орал, Қызылорда, Көкшетау, Талдықорған, Қостанай, Ақтөбе және тағы басқа көптеген қалаларға 23 рет сапар ұйымдастырылды. Біздің қала Қазақстанның шет аймағында орналасқандықтан, басқа облыстарға барып-келу үшін бір аптадай уақыт жұмсалады. Ал, мұның бәрі түптеп келгенде қаржыға тірелетіні тағы бар.
Сондай-ақ, команданың чемпионаттағы жағдайы да жанкүйердің көзқарасына үлкен әсер етеді. Егер үздік нәтиже көрсетіп жүрсе, стадионда жанкүйер де көп болады. Ал, матчтарды тамашалауға келген әр көрерменді команданы қолдауға және тек жеңісті сәттерде ғана емес, жеңілген тұста да ойыншылармен бірге болуға шақырамын. Кей көрерменге қарап театрда отырған секілді ойда қаласың. Ал, басқа қалалардың жанкүйерлерімен салыстырғанда атыраулықтардың ойын кезінде белсенділігі төмен екендігі байқалады. Ойыншылардың жіберген қателіктерін сынға алып отыратындар да баршылық. Жанкүйерлер мен фанаттар бір арнада болуы тиіс, сонда ғана команда жақсы ойнауға күш-жігер жинақтап, батыл қадамдарға барады, ойыннан алған әсер де оң болады.
— Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
— Қатарымызды көбейтіп, еліміздегі үлкен жанкүйерлік ұйымдардың бірі болу және әр кезде де жергілікті командалармен бірге болу.
— Сұхбатыңызға рахмет. Сүйікті командаларыңыз жеңіс тұғырынан көріне берсін!

Сұхбаттасқан
Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button