ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА – ЖЕРЛЕСІМІЗ!
Әлемдік додада 77 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған қазақстандық спортшы жұлқа көтеруде 165, ал, серпе көтеруде 207 келілік зілтемірді ырқына бағындырды. Қос жаттығу қорытындысы бойынша 372 келіні көтеріп, әлем чемпионы атан-ған Нижат Рахимов келер жылы Бразилияда өтетін Олимпиадалық ойындарға жолдама алып, мерейімізді асырды. Өткен жылдан бері Атырауға қоныс аударған ауыр атлетші Қазақстан құрама командасы сапына алынып, алдағы жауапты сынға дайындалуда.
Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов әлем чемпионы Нижат Рахимовты және оның жеке бапкері, ауыр атлетикадан ҚР олимпиадалық құрамасының жаттықтырушысы Энвер Турклериді қабылдап, спорттағы қол жеткізген үлкен табыстарымен құттықтады. Аймақ басшысы тәуелсіз еліміздің атын әлемге танытудағы орасан зор еңбек сіңірген, есімі төрткүл дүниеге мәшһүр атақты бапкер мен шәкіртіне Рио олимпиадасында да жеңіс тіледі. Энвер Турклери төрт жылда бір болатын байрақты бәсекеден шәкіртінің алтыннан алқа тағынатынына нық сенімді.
— Нижаттың әлемдік додадағы жеңісі Атырауда спорттың бұқаралық сипат алуына, ауыр атлетикамен айналысушы жастар қатарының көбеюіне ерекше қозғау болады деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан спортшыға қолдан келетін көмегімізді көрсетіп, әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ететін боламыз, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Бақытжан ЖҰМАТ.