Жазудың жорғасы ғой Жолдас деген…
Әдеттегідей үйде демалып жатқанмын. Шыр еткен телефон дауысы тыныштықты бұзып жіберді. «Бұл кім болды екен?» деп тұтқаны көтерсем, өзімнің досым Жөкең, яғни қызылқоғалық журналист, жайсаң жігіт Жолдас Жанқуатов екен. Амандық-саулықты сұрасып, өткен-кеткенді еске алысып дегендей, әңгімеге ерік бердік. Бір кезде Жөкең «Ау, Қайреке, біз де қартайып қалыппыз ғой. Жетпіске толғалы жатырмын» дейді. Сол сәтте-ақ көз алдыма бозбала шағымыз, қызметтес болған кезіміз елестеп қоя берді. Шіркін-ай, қандай тамаша сәттер еді сол!..
Жөкең де, мен де «Қызыл ту» кеңшарының орталығындағы Орлыкөл мектебінде (қазір ол жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері Шүкір Еркіновтің есімімен аталады) оқып, 1966 жылы бітірдік. Сыныптастарымыздың көбі қалаға кетті. Біз туған ауылда қалдық. Өзіміздің мектебімізге оралып, Жолдас – аға пионер жетекшісі, мен зертханашы қызметіне орналастым.
Жөкең жұмысын жақсы атқарды, ұжымның көңілінен шықты. Мектепішілік қоғамдық шараларға белсене араласты. Қабырға газетінің уақытында шығып тұруын қадағалады. Оның журналистикаға бейімділігі де сол кезде байқалған болар. Өйткені, біртіндеп аудандық газетке де мақала жаза бастады. Содан Жолдастың жазуға икемі барын байқаған сол кездегі аудандық «Коммунизм туы» газетінің редакторы Ізни Нұрқасымов жұмысқа шақырды. Бастапқыда корректорлық қызметті тапсырды. Бұл да оңай міндет емес. Абайсызда қате кетіп қалса, шаруаңның біткені. Бұл жұмысты да ұршықша иірген Жолдас әдеби қызметкерлікке жоғарылатылды. Ал, мен газеттің фототілшісі едім. Енді Жөкеңмен бірге іссапарларға шығып, шаруашылықтарды жиі араладық.
Жөкеңнің газет жұмысына ынта-жігері өте күшті болды. Жұмысын шапшаң меңгеріп кетті, ұжымға тез бауыр басты. Сол шақта редакцияда мықты журналистер қызмет етті. Ізни Нұрқасымов, Жолдығали Бақытов, Нұрлан Қабылов сынды басшылар, Әлімбай Жанғазиев, Арыстанбек Наурызғалиев, Мақажан Қабиев, Әнуарбек Қосанов, Төлеген Жаңабаев, Хамит Әубәкіровтей ағалар бар-ды. Олардың ізін қуып жас қаламгерлер Оңайбай Досанов, Мағрупа Қазиханова, Шолпан Ұғыбаева, Серік Жанғалиев, Әбілхан Төлеуішов, Лес Жолдиев, Серік Қаражановтар қалыптасты.
«Газеттің қаруы – қалам, асырайтыны – қол-аяғы, сосын қырағы көзі». Осы қағиданы ұстанған мен аудандық газетте жиырма бес жыл еңбек еттім. Осы уақыт ішінде Жөкең екеуіміздің бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады десек те болады. Жылдың төрт мезгілінде іссапарға бірге шығамыз. Мен суретке түсірем, ол мақала жазады. Көпшілік арасында «ұзынды, қысқалы» деп аталып та жүрдік.
Ол арнаулы білімі болмаса да, тума талант журналист болатын. Талай дипломды мамандар оның шаңына да ілесе алмайтын. Редакция басшылығы оның жоғары қабілетін бағалап, небір қиын тапсырмаларға жұмсайтын. Ол да барған жерінен фельетон немесе сын материал жазып келетін. Бүркеншек аттарымен де мақалалары көп жарияланады.
Әдетте өзің адал болсаң, шыншыл қалам сілтесең – жауың да қашық жүреді. Бірде аупарткомның жиналысынан көңілді оралған редактор кабинетіне барлық журналистерді жинап, аудан басшыларының «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қой зауытының тәжірибесін газетке беру туралы тапсырмасын айтты. Осы жауапты жұмыс Жолдасқа тапсырылды. Алдын ала хабарланып қойылса керек, журналисті зауыт директоры мамандарымен бірге күтіп алады. Директор шаруашылықты мақтай отырып, барлық нысандарды аралатып шығады. Ерекше құрметтеп, редакцияға да жеткізіп салады. Ал, Жолдас көрген-білгендерін сүзгіден өткізе отырып, озық тәжірибе таратудың орнына сын материал жазады. Материалды оқып шыққан редактор сасқалақтап, «Сені тәжірибе жазсын деп жібердік қой, мұның не?» деп реніш білдіреді. Жөкең үнсіз жеңді, материалы газетке шықты. Зауыт директорының салы суға кетті. Газеттегі сын мақаланы тексерген комиссия шындыққа көз жеткізді. «Зауытқа сол сопақ тілші енді келсе, атамын немесе көлікпен басып өлтіремін» деген директордың ызалы сөзі көпшіліктің арасына тарап кетті. Абай атындағы кеңшардың пішеншілері жұмыс уақытында арақ ішіп, бір-бірінің жағасына жармасып жатқандарының үстінен шыққан Жөкең газетке сын материал жазады. Өздері жайлы жазылған сын мақаланы оқыған олар «Жолдасты дарға асып өлтіру керек» депті кейін. Жанға жайсыз тиетін сөздерге көп мән бермейтін ол сын жазудан ешбір қаймықпады. Көптеген басшылар газетке шыққан сын материалдардан кейін қызметінен қоштасып та жатты.
Қызметін корректорлық-тан бастаған Жолдас ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Облыстық телерадиокомпанияның Қызылқоға аудандық редакциясындағы жауапты редакторы қызметін де атқарды. Тәуелсіз «Ар-Честь» (қазіргі «Сахара») газетінің Қызылқоға ауданындағы меншікті тілшісі болды.
Қабілетті журналистің ұзақ жылғы жемісті еңбегі лайықты бағаланып, облыстық атқару комитетінің, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің Құрмет грамотасымен марапатталды, ауданның «Үздік журналисі» атанды. Ол – «Өлген адам», «Қасиет» атты кітаптардың авторы.
Жолдастың елге сыйлы болып, жора-жолдастарымен, ағайын-туыспен жақын араласуы, әрине, мінезі ашық, өзі кішіпейіл, дастарханы мол жұбайына байланысты. Айман Тастажова ұзақ жыл аудандық статистика бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарды. Ауданның «Құрметті азаматы» атанды, «Қазақстан Республикасы статистика ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Олардың үлкендері Қисымеден – Атырау мұнай және газ институтын бітірген, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бөлім басшысы. Кішілері Асылбек – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегі, аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарады. Келіндері Айнұр – дәрігер-эпидемиолог болса, Ақмарал – Х.Досмұхамедов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Өнегелі отбасында Шәмші, Шыңғыс, Қорлан және Дінмұхаммед есімді немерелер өсіп келеді.
Бақыт деген осы емес
пе?!
Қайрош ҚАБДЕШЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.