Жарнама
Қоғам

ЖАЗУДЫҢ ЖОРҒАСЫ ОЛ ЖАЛЫҚПАЙТЫН…

…Жанды жадыратқан жаз да өтіп, сары күз де жетті. Әне, жап-жасыл боп жайқалып тұратын жапырақтар сап-сары түске боялып, алтын табақшалар секілді аяқ астына тапталып жатты. Күні кеше ғана бұйра шашымызға соңғы рет тағылған ақ бантикпен, мектебімізбен, ұстаздарымызбен, құралыптас сыныптастарымызбен, бала күнгі махаббатымызбен қимай қоштасқанымыз сол-ақ еді. Шығармашылық емтихан тапсырамыз деп әлектеніп жүргенде оқудың басталғанын сезбей де қалыппыз. Енді балалығымыз бен шалалығымыз артта қалды. Алдымызда – армандаған университет, қиялымызда ғана жүретін сүйікті мамандығымыздың қыр-сырын үйрену. Мақсат – біреу. Алтын ұядағы қабырға газеттеріндегі шағын шығармаларымыз секілді, облысымыздың төл айнасы, әрбір жанның үйінен табылатын «Атырау» газетіне мақалалар жазып, шығару. Қалың бұқара көкейіндегі қордаланған мәселелерді билік назарына ұсыну, шыңғырған шындықты жазатын әмбебап журналист болу. Осылардың бәрін екшелеп ойлап жатқанда таңның қалай атып, күннің нұрын шашқанын да білмей қалатынбыз. Басқасы басқа, сабақ үстінде ұстазымыздың «журналист – адам жанының инженері, оларға артылар жүк ауыр» деген сөзін естіген сайын қызығушылығымыз одан сайын арта түспесі бар ма? Бір жағынан,  мамандығымыздың, әсіресе, қыздар үшін  ауырлау болатынын да естіп алып, сенім мен үмітке күдікпен қарайтынымызды қайтерсіз?! Сөйтіп жүргенде дәрісін тыңдауға асыққан Теңдік Жауыр (марқұм) ағайымыздың сабағы басталды.

Әр дәрісін облыс баспасө-зімен байланыстыра, салыстыра талдап отыратын ұстазымыз «Атырау» газеті туралы айта бастағанда, алдымен Меңдібай Сүмесіновті аузына алды. «Меңдібай ағаларың өзінің еңбекқорлығының арқасында талай жетістікке жетті. Журналистикаға деген сүйіспеншілігінің, таңдаған мамандығына деген адалдығының арқасында ол қазір аймақтағы «қаймақ бетіндегі» тілшілердің біріне айналды. Қарасаңыздар, бүгінгі газетке «Тойды да, қойды да жазатын журналист» деген тақырыппен шағын мақала шығыпты. Мен бұнымен толықтай келісемін. Тек тума талантты үнемі ізденімпаздылықпен ұштай білген жаннан ғана жақсы журналист шығуы мүмкін. Мамандықтың қыр-сырын меңгеру бар да, әрі қарай үнемі іздену бар. Соны ұмытпаңыздар. Меңдібай ағаларың сол үдеден көріне білді. Бұрын мұнай саласында еңбек жолын бастаған ол бүгінде сан алуан тақырыпқа қалам тербейді. Тақырыптың осылай деп қойылуы да сондықтан» деген ұстаздың әңгімесі әрі қарай журналистік шеберлік жайына қарай ойысқан еді…

Тағы да сол қызығушылығымыз ғой, университеттегі дәрістен соң орталық көпірмен жаяулатып аймақтың бас басылымының редакциясы орналасқан «Атырау-Ақпаратқа» қарай беттей беретінбіз. Қаһарлы қыста бетті қып-қызыл етіп «сүйіп» алатын ызғарлы желге де қарамаймыз. Ақ Жайықтың үстімен үйреншікті ортамызға  тартамыз. Тіпті, теориямызды тәжірибеге айналдыратын «екінші үйіміз» десек те, артық айтқандығымыз болмас. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Бізді «Атырау-Ақпараттың» екінші қабатындағы 201-бөлмеде отыратын ақжарқын, әркез күлімдеп тұратын Лиза Сейтімова апайымыз аман-саулық сұрасып, редакция қызметкерлерімен таныстыра жөнелді. Бірінен-екіншісіне өтетін ар жақтағы есігі бар кабинетте қара торы, ұзын бойлы, денелі, екі көзәйнегін алмастыра таққан ағай отыр екен. Анда-санда темекісін де будақтатып қояды. Ойымызға Теңдік ағамыздың дәрісіндегі Меңдібай ағай туралы айтқаны сарт ете қалды. Біз «үлгі тұтатын Меңдібай ағаймен таныстық» деп іштей мәз болысып қоямыз. Сұр түспен боялған бөлменің қабырғасында бірнеше Алғыс хаттар ілулі тұр. Байқап қарасақ, әлгі мақтау қағаздарының барлығы   Меңдібай ағайдікі болып шықты. 

Бауыр еті – баласын қамқорлаған әкедей жылылық танытып, әзіл-шыны аралас әңгімесімен ақыл-кеңесін айтып қояды. Өзі қозғаған сан алуан тақырыптардың қалай жазылып, зерттелгеніне дейін тарқатудан жалықпайды. Әсіресе, мұнай өндіруші, өңдеуші компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі, олардың экологиялық әсері туралы көбірек толғанады. Ауызша айтқаны бір бөлек, газеттегі ойлы, сараптама материалдарын айтсаңызшы! Елімізде экономика тақырыбын жазатын журналистер аз дейді. Екінің бірі көп түсіне бермейтін тақырыпты шемішкедей шағатын журналист, міне, алдымызда отыр. 

— Балалар, сабақтан босай қалған кезде қолдарыңнан қауырсын қаламдарың түспесін. Жаза беріңдер. Тек адал еңбек қана табысқа жетелейді. Рас, шығармашылық жандарда кейде тоқырау кезеңдері де болып тұрады. Міне, соны болдырмас үшін жүрек қалауларыңмен таңдаған мамандықтарыңа әділдік танытыңдар. Үйренуден жалықпаңдар. Лиза мен Лена апаларыңның әлеумет, құқық, Дәулетқали ағаларыңның коммуналдық қызмет мәселелерін көтерген мақалаларынан жазу стилін емес, тақырыпты қалай ашып жазғанынан сабақ алғандарың өздеріңе жақсы, — деген ол әрі қарай кезекті мақаласын жазуға көшті. Үнсіздікпен басымызды изегендей қалыпта бөлмеден шыға бергенімізде кіреберіс кабинетте отырған журналист Азамат Базарбаев әзілдеп: «Бүгіндікке нешінші дәрістен шығып келесіздер?» демесі бар ма? Бәріміз шиқылдай күлдік…

Студенттік кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар. Шағын бірдеңе жазсақ, редакцияға қарай ала жүгіреміз. Баяғы есігі оқырмандарына айқара ашық 201-кабинет. Бұл жолы Меңдібай ағай бөлмеде жалғыз қалыпты. Шамасы, басқа журналистер тапсырмамен жан-жаққа кеткен болуы керек. Терең ойға шомып, материалын жазып отырған ағайымыз компьютер пернелерін жаймен басқан күйінде  біздің қолымыздағы жазбаларымызды ерінбей оқып шықты да:

— Мынауың тәуір хабар екен. Ал, екінші дүниең мақалаға жатпайды. Себебі, ішінде нақты дерек жоқ. Мақаланың айырмашылығы – деректер мен нақтылықта. Соған сақ болу қажет, — деп ағалық кеңесін берді. Білгенін үйретуден жалықпайтын ағамен содан кейін байланысымызды үзбедік. Әрине, кейін бір кабинетте отырып, қызметтес болатынымызды ол кезде білгеніміз жоқ.

Жұмыс барысында бір таң қалғанымыз, Меңдібай Елемесұлы компьютерде әріптерді байыппен терсе де, қайсы мақаласын да тез, әрі жедел жазып шығады. Қағазға шығарылған соң да, материал беттелгеннен кейін де түгел қайта оқиды. Сондықтан да болар, корректорлардың «Меңдібай ағай қатесіз жазады ғой, оның мақаласын лезде тексеріп шығасың» дегенін жиі естиміз. Ал, мәлімет алуда аға журналистің шеберлігі тым ерек. Кейде қажетті ақпар алу үшін басшылардың ұялы телефонына соғуға тура келеді. Ал, басшысының алдында отыратын хатшы қыздар «рұқсатсыз бермейміз» деп алай да дүлей болады. Сонда Меңдібай ағай: «Қарындасым, қал-жағдайың жақсы ма, айналайын? Мені танып отырсың ба, «Атырау» газетіндегі ағаңмын ғой. Телефон шалып едім, басшың орнында жоқ екен. Алдыңғы күні маған нөмірін беріп еді, жасым алпысқа таяп қалғандықтан ба, сақтауды ұмытып кетіппін. Қайта айта салшы» дегенде, телефон тұтқасының ар жағындағы хатшы қыз басшысының нөмірін бірден бере салады. Ал, факті алатын, сөйлесетін кісіңмен келіскенің – материалды одан әрі әрлендіре  түсу деген сөз.

Журналистердің тек мақала жазып емес, аударма жасайтын кездері де болады ғой. Қазірде көпшілігі ғаламтордағы аударма сайттарының көмегіне жүгінсе, бізде «сөйлейтін сөздік» бар. «Материалды сөзбе-сөз аудару міндетті емес. Алдындағы сөзіне, мағынасына қарай тәржімалау қажет» деп қояды да, сұрағанымызға мүдірместен жауап береді. Ал, өзінің туған жері, қазақ мұнайының қарашаңырағы саналатын Жылыой ауданы туралы айтыла қалса, туған жерін сағына еске алып, тіпті демалыс күндері ауылына қарай жол тартып кететіні де бар. Құлсарыдағы қарапайым отбасында дүниеге келген Меңдібай Елемесұлы еңбек жолын геологиялық барлау экспедициясында қатардағы жұмысшылықтан бастап мастер, цех бастығы дәрежесіне дейін көтерілді. Журналистикаға деген қызығушылығы мен құлшынысының арқасында газетке өндіріс хабарларын жіберіп тұрды. Жас жігіттің таудай талабы ескерусіз қалмады, көлемді-көлемді суреттеме, репортаждары жарық көрген соң ол редакцияға қызметке шақырылды. Бір кездері үміт арқалап, тағдырдың жазуымен журналистика әлеміне келген ақкөңіл ағаның осы салада қызмет еткеніне отыз жылға жуықтап қалыпты. Сынаптай сырғыған уақыт бір орында тұрмайды ғой. «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінде өнеркәсіп бөлімінде тілші, «Прикаспийская коммунада» Жылыой және Мақат аудандары бойынша меншікті тілші, Құлсары қалалық радиоредакциясында жауапты редактор, «Ар-честь» газетінде бас редактордың орынбасары болды.

Айтпақшы, ағайымыздың әп-сәтте аударма жасауы да тектен-тек емес.  Ол орыс тілінде де материалдарды күпсіте салады. Оның радиода жұмыс жасаған кезі – әңгіме түгілі, тұтастай романға татырлық дүние. «Ар-честь» газетіндегі сын  мақалаларынан кейін талай мін түзелді.

Бәрінен бұрын еңбекқорлықты алға қойып, ізденуден тынбайтын кейіпкеріміз түрлі марапаттарды иемденді. Ол – Жылыой ауданындағы Меңдекеш Сатыбалдиев атындағы, Атырау облыстық Тауман Амандосов атындағы сыйлықтардың, Қазақстан Журналистер Одағының Тауман Амандосов атындағы ұжымдық сыйлығының иегері. Үш мәрте Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Құрмет грамоталарымен, бірнеше рет  Атырау облыстық және Атырау қалалық әкімдерінің Алғыс хаттарымен, Атырау облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды, өзге де сыйлықтарға ие болды.

Ал, осыдан тура бес жыл бұрын оған 55 жасқа толар шағында осынау еңбектерінің бәрі ескеріліп, «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Қашанда қарапайымдылығынан айырылмаған ағайымыз туралы шағын бағдарлама түсіріліп, облыстық телеарнадан көрсетілді. Сол кезде редакциядағы үлкенді-кішілі қызметкерлер бәріміз де топтасып, бала көңілмен әріптесіміз туралы деректі фильмді көруге бас редактордың бөлмесіне үйіріле жинала қалғанымыз есімізде.

Әр ұжымда өзінің үздіктері болатыны іспетті, бас редакторымыз Исатай Балмағамбетов лездеме сайын кейіпкеріміздің тапсырманы уақытында орындап, жедел жиналыстарды шапшаңдықпен жазып беретінін бізге үнемі үлгі етіп айтып отырады.

Күн сайын көретін ұжымдастар тума-туыстан да артық болып кетпей ме? Өйткені, қуаныш пен қайғыны сол сәтінде-ақ бөлісіп, қиналғанға демеу болып, қуанышқа ортақтасады. Біз ағайдың Құдай қосқан қосағы Мәрия апа мен қызы Әйгеріммен де жақсы тіл табысып кеттік. Кездесе қалсақ, қашанда әріптесіміздің қамын ойлап жүретін апай: «Жазудан ешқашан да қол үзбейді ғой. Ауырса да, тықылдатып бірдеңе теріп жатады. Сендер де ағаларыңа қарап қойыңдар» деп аманаттап жатқаны.  Ал, қызы Әйгерімді телефонмен болсын, жұмысқа аяқтай келгенде болсын – атымен атағанын көрмеппіз. Қашан да «Айкуля, Айком, жаным сол» деп әкелік мейірімін төгіп жатады.

Міне, бүгінде облыстық «Атырау» газетінің экономика мәселелері бойынша шолушысы, өзіміздің Меңдібай ағай асқаралы алпысқа да келіп қалды. Әлі де сол сүйікті мамандығынан ажыраған жоқ. Талай үлкен мекемелерге қызметке шақырғанмен, қарашаңырағын қимады. Себебі, біздің Меңдібай Елемесұлы – журналистикаға адал жан. Әнеки, ертемен жаймен басып, анда-санда ақ түскен шашын тарап қойып, редакцияға келе жатыр…

Айбөпе САБЫРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button