Жауапсыз ана, қараусыз бала
Әр бала жас өскін секілді, қалай күтіп-баптасаң солай қарай бой түзейді. Ал, жас өскін жапырағын жайғанша қамқорлыққа зәру. Алайда, ата-ананың өз перзенті алдындағы жауапкершілігіне атүсті қарауы бала саулығына зиян келтіріп қана қоймай, орны толмас қайғылы жағдайларға душар етіп жатыр. Олай дейтініміз, Атырауда ересектердің әлі бұғанасы қатпаған бейкүнә сәбилерге бас-көз болмауы себепті жыл басынан бері термиялық күйік алған 3 бүлдіршін шетінеп кеткен. Бұл жағдай әлі ақыл-есі кірмеген балалардың бақылаусыз қалғанын білдіреді. Ал, күйік шалған балалардың аянышты, ауыр халде ауруханаға түсетініне алаңдаулы дәрігерлер мұндай дәйектің азаймай тұрғанына қынжылады.
Дүние есігін жаңа ашқан сәбилердің осындай жағдайда өмірден өтуіне кім кінәлі? Қоғамда сәбиінің қауіпсіздігіне салғырт қарайтын ата-ана неге көбейді?
Сорға айналған смартфон
«Баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді» деп өзара әңгімесіне қосатын қариялар сөзінің астарында терең мағына жатса керек. Перзентті дүниеге әкелумен қатар, оны аман-есен өсірудің де зор міндет екенін соңғы кездері елде болып жатқан оқиғалар айқындай түскендей. Әр нәрсені ұстауға қызығып тұратын сәбилер үшін бүгінде қауіпсіз орта азайып бара ма дерсің? Тіпті, өз үйіндегі терезе, ток көзі, от, ыссы су мен ұшты заттың өзі де сәбиге қауіпті екенін ересектердің ескере бермейтіні өкінішті. Кішкентайларды жанында үнемі бақылауға алып, сақтандыратын, нақтырақ айтсақ қақпайлап отыруға тиісті қарапайым ережені де бүгінгі буын білмей жүр-ау, сірә.
Иә, отқа, суға күйіп, денесінде сау-тамтығы қалмаған балдырғандарды көріп жаны ауырып, өміріне араша түсіп жүрген дәрігерлер мұның басты себебін қоғамның бір дертіне айналған телефонға тәуелділіктен көріп отыр. Соның кесірі кейде адам өмірін қиятындай қайғылы жағдайларға соқтырып жатқанын олар айтудай-ақ айтып жүр. Ата-ана түрлі қоңыраулар мен хабарламалар, әлеуметтік желілерге алаңдап баланы бақылауынан шығарып алатынын, бұл өкінішті жағдайларға душар ететінін түсіндіріп, мұны көпке құлақдар етуден де кенде емес.
Дәрігер де адам, олар да сіз бен біз секілді ата-ана. Денесі күйіп, жаны шырқырап жатқан сәбиді көру кім-кімге де оңай емес. Ал, сол гаджет, интернет баланың жанынан артық па еді?! Бұдан соң есі кіресілі-шығасылы сәбиіне немқұрайдылық таныту барып тұрған жауапсыздық демеске амалымыз жоқ.
Дәрігер де дәрменсіз
Өз перзентін жамандыққа қиятын ата-ана жоқ қой. Көз алдында қаннен-қаперсіз күліп жүрген бейкүнә сәбиі аяқасты қауіпке душар болады деген кімнің ойына келеді дейсіз. Тек қайғылы жағдайлар ғана көпке сабақ. Десек те, ересектердің салғырттығы салдарынан жыл сайын жүздеген баланың саулығына зақым келіп, мүгедек болып, тіпті, өмірмен қоштасып жататыны жасырын емес.
Атырау облыстық балалар ауруханасының статистика маманы Нұрғазы Нұрболатұлының айтуынша, биыл 9 айда 5601 бала ауруханада емделіп шықса, оның бір мыңға жуығы түрлі дене жарақатымен түскен. Ол ол ма, 113 баланы күйік шалыпты.
Бұл – жай сөз емес, статистикалық шындық!..
Бауыр еті – баласының жарақаты жанына батқан соң ата-ананың соңғы үміті дәрігерде болатыны бесенеден белгілі. Алайда, кейде қанша тырысқанымен дәрігер де оны аман алып қала алмайды.
Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын термиялық күйіктен үш бірдей бала өмірмен қоштасты. Содан соң ата-аналары «емдік шаралар тиісті деңгейде жүргізілген жоқ» деп дәрігерлерге ауыр кінә артқан болатын. Ал, ақ халаттылар сәбилерді ажалдан арашалап қалу мүмкін болмағанын айтып ақталды.
Қоғамдық резонанс туғызған бұл мәселе шынында да соңғы жылдары ата-ана жауапкершілігінің төмендеп кеткенін айқындап берді. Қазір мұның кең ауқым алып, күрделі мәселеге айналып бара жатқанын күйік шалған балалардың көбейіп бара жатқанынан көруге болады.
Ақпаратты кәдеге асырыңыз
Дертті баланың қандай күйде болатынын, оның тәні мен жаны қалай қиналатынын жылдар бойы өз көзімен көріп, мыңдаған балаға ем жүргізіп, кішкентай тағдырларды ажалдан да арашалаған бала дәрігері Забида Қожаниязова оның қауіпсіздігіне ата-анасы тікелей жауапты екенін айтады. Медицина саласында жарты ғасырға жуық еңбек еткен тәжірибелі маман соңғы кездері балалар арасында термиялық күйік пен қайғылы жағдайлардың көбеюін ата-аналардың өз ұрпағын жеткілікті қадағалай алмағандығынан көреді. Сондықтан, ол мәселеге атүсті қарамай, зор маңыз беру керектігін атап өтті.
– Ұзақ жыл медицинада, соның ішінде педиатр ретінде жұмыс істедім. Мен институт бітірген 1977 жылдардағы педиатрия мен 1990 жылдардағы қалалық педиатриядағы кезді немесе қазіргі кездегі педиатрлардың жұмыс істеу жағдайлары салыстыруға келмейді. Айырмашылық жер мен көктей. Өйткені уақыт өзгерді, өмір сүру жағдайы өзгерді, адамдар өзгерді. Дәрігерлермен қарым-қатынас та өзгерді. Адамдар анағұрлым сауатты болып, өмір сүру жағдайы айтарлықтай жақсара түсті. Қажетті ақпарат алатын көздер де көбейген. Мұндай орта бала денсаулығын сақтауға, оны қауіптен қорғауға анағұрлым қолайлы. Осы мүмкіндікті, яғни, қолжетімді ақпараттарды бала саулығын сақтап, сәби күтімімен айналысуға, ауруды асқындырмауға пайдалана білу керек қой. Бірақ, солай екен деп ата-ана ауруды өз бетінше емдемегені жөн. Дәрігер дертті емдейді. Ал, баланы аурудан қорғайтын, қауіп-қатерден сақтайтын – ата-ана. Адамдар осыны ұмытпаса екен, — деді Забида Тайжанқызы.
Жастарға жағдай жасаңыз!
Қыз ұзатып, келін түсіріп, бүгінде немерелерін бағып отырған Гүлжанай Иманова балдырғандардың бақылаусыз қалуын ата-аналардың салғырттығымен қатар, жұмысбастылығынан көреді. «Баласын бағып, жанында болудың орнына жас аналардың ер-азаматтармен қатар еңбек етіп жүруі – елдегі қымбатшылықтың салдары» дейді.
– Аналардың балалары бір жасқа толмай жатып жұмысқа шығуы қалыпты құбылысқа айналып барады. Мемлекет оған сәбиі бір жарым жасқа дейінгі демалысты бекерге беріп отырған жоқ қой. Ал, бала күтіміне алатын жәрдемақысы сәбиі жас жарымға толған соң тоқтайтын болған соң амалсыздан қайтадан жұмысқа шығады. Әлі буыны бекімеген бүлдіршіндердің бақылаусыз болуының бірден-бір себебі осы. Сондықтан, бала күтіміне арналған жәрдемақы кемінде екі жасқа дейін берілуі керек деп ойлаймын. Барлық үйде бірдей мен секілді әжелер жоқ. Кішкентай балаларын кілттеп, табыс табу үшін таңның атысынан күннің батысына дейін үй көрмейтін әйелдер көбейді, — деді ол.
Елдің, одан әрі әлем экономикасындағы тұрақсыздық кез-келген отбасына оңай тимесі анық. Қымбатшылық салдарынан табысын арттыруды ойлап, жұмыста жүрген ата-ананың бала қауіпсіздігі мен тәрбиесіне үнемі көңіл бөле алмайтыны ащы болса да шындық. Сондықтан, қаржылық жағдай түзелмейінше балаларын «бір Аллаға тапсыратын» ата-аналардың саны азаймайтыны рас. Облыста күйік шалған балалардың көбеюі – қараусыз бүлдіршіндер санының артқандығының көрінісі. Ал, бұл жай жылы жауып қоя салатын мәселе емес. Өйткені, облыста былтыр да, биыл да 100-ден астам бала күйікпен ауруханаға түсіп, 5 бала қайтыс болған.
Алғашқы көмек аса маңызды
Бұл сандардың артында қаншама тағдыр бар десеңізші. Ол – соншама отбасының қайғысы!..
Қынжылтатыны, бұл балалардың дені термиялық күйік алған. Ал, мамандар тұрмыста күйіктің термиялық түрі жиі кездесетінін растап отыр. Сондықтан, қызу, ыстық салдарынан пайда болған күйік ауруы барлық сырқат статистикасы бойынша үшінші орында тұр.
Көз, аяқ пен қол дененің басқа мүшелеріне қарағанда күйікке жиі ұшырайтыны белгілі, ал термиялық күйік кезіндегі алғашқы медициналық көмек зардап шегушіге жоғары температураның ықпалын тоқтатуға, анығында жанған киімді сөндіру, оны жоғары температура аймағынан әкету және оның денесінен күйген киімді шешуге бағытталады. Дәрігерлер күйген жерді міндетті түрде суық судың астына 10-15 минут ұстау керектігін ескертеді. Егер дененің зақымдалған жерінің ауқымы үлкен болса, оның үстіне суға малынған ақжайма жабу қажет, зардап шегуші есінен айырылмаса, оған суық су берген дұрыс. Ең бастысы, мұндай жағдайда қорқыныш пен эмоцияға берілмей, алғашқы көмек көрсетуді ғана ойлау керектігін қаперге береді.
Сөз соңы
Әлеужеліге көз жүгіртсеңіз, «газ жарылысынан төрт айлық нәрестенің денесінің 80 пайызын күйік шалды», «Тоғыз жасар бала сорпаға күйіп қайтыс болды», «ыссы суға күйген сәби ауруханаға жетпей шетінеді» секілді төбе құйқаңды шымырлатар суыт хабарлар жетіп-артылады. Сонда салғырттықтың осындай аса ауыр жағдайға соқтыратынын біле тұра немқұрайдылыққа жол беретініміз қалай?! Бізді ойландыратын да осы.
Елдегі заңнама бойынша ата-ананың жауапкершілігіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127, қылмыс орын алған жағдайда Қылмыстық кодекстің 441-баптарында тайға таңба басқандай жазылған. Алайда, соңғы уақытта өз баласына жауапсыздықпен қарағанның кесірінен қылмыстың артуы заң талаптарын қатаңдата түсу қажеттігін аңғартып отыр. Егер талап күшеймесе, әлі қанша баланың талқаны таусыларын ойлаудың өзі қорқынышты…
Бала ата-анасына тиесілі. Алайда оны меншіктеп, оған деген жауапкершілігін төмендету заң алдында да, Алланың алдында да дұрыс емес. Өйткені, бала да ересектер секілді құқы заңмен қорғалған қоғамның мүшесі. Сондықтан, әр ата-ана жауапкершіліктен жалтармауы тиіс.
Балаңызды қараусыз қалдыру – үлкен қауіптің басы екенін естен шығармағайсыз!
Мәлике ҚУАНЫШЕВА