ЖАТТЫҒУДА ШЫҢДАЛҒАН ҚЫСТА ҚЫСЫЛМАЙДЫ
«Қысқы кезеңде орын алуы ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жою мақсатында апаттық құтқару және басқа шұғыл атқарылуы тиісті жұмыстарға әзірлік және оларды жүргізу» тақырыбында үйымдастырылған іс-шараның барысында оған қатысушы барлық салалық және күштік құрылымдар мен қызметтердің сын кезеңде әрекет етуге әзірліктері тексеріліп, сараланды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің мұрындық болуымен жалғасын тапқан осынау маңызды шараға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко басшылық жасады. Ал, аймақта өткізілген осындай шараға облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев жетекшілік етті. Іс-шара басталмас бұрын ол жанындағы төтенше жағдайлар департаментінің басшыларымен бірге жаттығуға қатысушы құрылымдардың дайындығымен танысып шықты.
Көп кешікпей оқу-жаттығуларына қатысушы жасақтар өздеріне жүктелген тапсырмаларды орындап, шартты түрде берілген төтенше жағдайлардың салдарын жою жұмыстарына кірісті. Алдымен олар «Атырау-Астрахан» тас жолының бойында қалыңдап жауған қарға батып қалған автобустағы адамдарды құтқарумен айналысты. Қауіпті жағдайда қалғандарды басқа көліктерге отырғызып, зардап шеккендерін «Апаттық медицина» орталығынан бөлінген «Жедел жәрдем» көліктеріне мінгізіп, тоңған адамдарды жақын жерде орналасқан жылыту бекетіне жеткізіп, алғашқы дәрігерлік көмектерін көрсетті.
Қаланың Авангард-2 және 3 мөлтекаудандарындағы жылу тарату бекеттерінің біріне электр қуатын жеткізілетін, бағанның қатты аяздан сынып, құлап кетуі салдарынан осы жерде бірнеше көп қабатты үй жылусыз қалған. Келесі арнаулы жасақ осындай апатты жағдайды ауыздықтап, қалпына келтіруді мойнына алады. Бұл жұмыстарға негізінен «Атырау-Жарық» және «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамдарының жұмысшы-мамандары жұмылдырылды. Әуелі, қауіпті учаске тоқ көзінен ажыратылып, залалсыздандырылды. Келесі кезекте жылу тасымалдаушы құбырдың қатып қалуы себепті істен шыққан бөліктері жөнделді. Сөйтіп, санаулы сағаттарда жағдай қалпына келтірілді.
Бұл күні қаланың Алмагүл мөлтекауданындағы көп қабатты (16 қабат) үйлердің бірінен өрт шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаменті мен мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметі мекемесінің арнайы жасақтары тартылды. Осындағы пәтерлердің бірінде сұйытылған газ баллонының заңсыз, яғни рұқсатсыз пайдаланылуы салдарынан газ ауаға тарап, қауіпті жағдайдың орын алуына септігін тигізген. Өрттің аумағы 40 шаршы метрді қамтыған, оны өшіруге үш бірдей өрт сөндіру көлігі мен ондаған адам тартылды. Оқиға орнына апаттық-құтқару жұмыстарына қатысуға тиісті құрылымдар мен көлік-техникалардың жедел жетуі қамтамасыз етілді.
Оқу-жаттығулары кезінде шараға қатыстырылған қызметтердің жеке құрамының, құрал-жабдықтар мен арнаулы техника-көліктердің әзірлік дәрежесі мен нақты жағдайда әрекет ету мүмкіндіктеріне назар аударылды. Төтенше жағдайда қолда болуы қажетті жанар-жағармай мен азық-түлік қорының жай-күйіне көңіл бөлінді. Қысқаша қайырғанда, республикалық «Қыс-2014» іс-шарасы атыраулықтардың да сындарлы шаққа қамсыз еместігін аңғартты және ол лайықты бағаланды.
Тұтастай алғанда, Атырауда өткізілген оқу-жаттығуларына барлық құрылымдардан 200-ге тарта адам мен ондаған бірлік техника (олардың ішінде машина, трактор, судан, өрттен, табиғат апатынан құтқару, дәрігерлік көмек көрсету, байланыс-белгі беру құралдары, т.б.бар) тартылды. Дәл осындай іс-шара облыс аудандарында да ойдағыдай ұйымдастырылып өткізілгендігінен, берілген тапсырмалар мен алға қойылған міндеттердің тиянақты орындалысын тапқандығынан хабардар болдық.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.