Жарнама
Қоғам

«ЖАСЫЛ ЕЛДІҢ» ЖОСПАРЫ КӨП

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, аймақта жергілікті билік тарапынан көгалдандыру жұмыстарына баса мән беріліп, қолдау көрсетілуде. Аталмыш басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде бұл іске өткен жылы республикалық бюджеттен 2 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жоба аясында штаб кеңсемен, автокөлікпен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ, облысымызда оқу орындарындағы студенттер және жұмыссыз жастардан қамтылған 502 адам жұмыс жасады. Жергілікті бюджеттен 18 млн. теңге бөлінді. Жасақтың республикалық штабының есебінен және облыстағы жұмыс беруші мекемелердің төлемдерімен қоса 40 мың теңге көлемінде еңбекақы төленді.

Көгалдандыру жұмыстары қаламыздағы «Арнаулы автобаза» коммуналдық кәсіпорны мен «Атырау Жасыл Құрылыс» мекемесімен бірлесе іске асырылды. Мұндай жұмыстар аудандарда орман шаруашылығында жүргізіледі екен. Бүгінге дейін Құрманғазы, Индер, Махамбет аудандары қатыстырылған. Маусымдық жұмыста әр студент бір ай жұмыс жасап, жалақы алды. Қалған екінші, үшінші айында оны басқа студент алмастырады.

Үстіміздегі жылы бұл шараға 500 жүзден астам студент қатыстырылып, студенттік құрылыс отрядтарының да жұмысы жандандырылады. Оған 400 жас қатысады деп күтілуде. 

«2015-2017 жылдарға арнал-ған жоспар бойынша сарбаздар қатарын бірнеше есеге өсіру көзделген. Биыл облыс орталығынан бастау алған «Жасыл ел» қозғалысының барысында аудан орталықтарындағы саябақтар мен демалыс орындарында бірнеше мың көшет отырғызылатын болады. Өткен жылы «жасылелдіктердің» араласуымен үш мыңнан аса көшет егілді» дейді біз тілдескен «Жасыл ел» еңбек жасағы Атырау облыстық штабының  жетекшісі Ринат Ғилажев.

Оның айтуынша, басты жаңалық, Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Атырау-Астрахан тасжолын жөндеу жұмыстарына студенттік құрылыс отрядтарын қатыстыру жоспарда бар. Құрылыс отрядының жұмысы соңғы екі жыл бойы  қолға алынбаған екен.

Айта кету керек, биыл «жасылелдіктер» қатарында бір студенттің үш ай бойына жұмыс жасауына мүмкіндік туды.

Түйіндеп айтқанда, көгалдандырудың негізгі тетігі саналатын бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. Өйткені, атмосфералық ауа бассейні ластанған Атырау өңірі үшін көгалдандыру – ең басты қажеттілік. Осы тұста айта кету керек, бір тәулікте орташа бойлы қарағаш үш адамға қажетті оттегіні бөледі екен. Ал, бір гектар ағаш жүздеген адамның жұтатын көмірқышқыл газын өзіне сіңіреді. Олай болса, «жасылелдіктердің» жұмысын Атырау өңірінің экологиясын қорғауға бағытталған басты қадам деп қарағанымыз жөн.

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button