Жарнама
Қоғам

ЖАСЫЛ АЛАҢДАҒЫ ЖАРҚЫЛ

Осы орайда, футболды дамыту мақсатында қабылданған 2012-2022 жылдарға арналған балалар-жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламасына сәйкес Қазақстанның футбол федерациясы еліміздің бірнеше  аймақтарында футбол орталықтарын ашты. Осындай орталық осыдан екі жыл бұрын алғашқылардың бірі болып мұнайлы өлкеде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен «Атырау» футбол клубы жанынан ашылды.

«Атырау» футбол клубының директоры Асылбек Жүнтербаевтың мәлімдеуінше, мұнайлы астанада 2013 жылдың ақпан айынан бастап жұмысқа кіріскен орталық та неміс моделі бойынша жұмыс жасауда.  

Жергілікті «Атырау» футбол командасының ізбасарларын дайындайтын орталық құрылған жылы 220 бала қабылданып, оларды тоғыз бапкер жаттықтырған еді. Қазіргі таңда мұнда тәрбиеленетін бала саны 500-ге жетіп, 12 жас ерекшеліктері бойынша бөлінген балалар 18 топта жаттығуда. Ал, оларды Қазақстанның футбол федерациясының техникалық орталығында А, В және С санаттылығына оқудан өткен жергілікті 13 бапкер дайындайды.

Орталық жұмысын бастағалы бері материалдық-техникалық базаны жасақтап, дайындық топтарына жас футболшылар жинақталды, — дейді клуб директоры А.Жүнтербаев. – Орталықта әр жастағы футболшылар дайындалады. Олардың ішінде ең үлкені — 1996 жылы туғандар болса, ең кішісі – 2007-2008 жылдары дүниеге келген ұландар. Облыс басшыларының қолдауымен орталық оқу-жаттығу жиындарын «Судоремонтник» және «Ривьера» стадиондарында жүргізеді. Жас футболшылар ойнау-жаттығу орындарымен және қажетті киімдермен толықтай қамтылған. Айта кетерлік жайт, балалар орталықта тегін жаттығады. Олардың спорттық киімдері бірыңғай және таза. Сонымен қатар, доп, спорттық аяқ киім секілді барлық қажеттіліктерден жас футболшылар таршылық көрмейді. Жарыстарға барып-келуі, жататын орындары, тамақтануы – түгелдей клубтың жауапкершілігінде. Баладан тек қана футбол ойнауға деген ынта мен белсенділік байқалса жетіп жатыр.

 

Қанат ұшса қатаяды

Футбол орталығының негізгі мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау, облыстың негізгі командасының құрамына жергілікті жас футболшыларды дайындау болып табылады. Болашақта команданың негізгі құрамы жергілікті футболшылардан құралса, алыс-жақын шетелдерден легионерлерді шақырып, қыруар қаржы жұмсаудың қажеті болмайтыны да анық. Орталықтың техникалық директорлығына балалар мен жасөспірімдер футболында үлкен тәжірибесі бар украиндық маман Анатолий Беляй тағайындалған. Ол  Атыраумен қоса, Ақтөбе қаласындағы футбол орталығының жаттығулар үдерісін қадағалап келеді.

Екі жылдың ішінде футбол орталығында тәрбиеленіп жатқан атыраулық жас футболшылар ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге де жетті. 2013 жылғы біріншілікте «Атырау-99» командасы ел чемпионы атанды.

Өткен жылғы қараша айында Наурызғали Сәриев жаттықтыратын 2002 жылы туған жасөспірімдеріміз Тараз қаласында өткен турнирде І орын алды. Сонымен қатар, биыл наурыз айында алматылық «Қайраттың» қақпашысы болған Құралбек Ордабаевтың құрметіне өткен жарыста «Атырау» футбол орталығының 2004 жылғы тәрбиеленушілері қола жүлде алды. Бапкері – Александр Лобашов.    

Еліміздің Премьер-лига ойындарында өнер көрсететін «Атырау» футбол командасының қосалқы құрамы қазіргі таңда, негізінен,  футбол орталығында тәрбиеленген балалардан жасақталған. Нақтырақ айтсақ, олар – 1996-1998 жылдар аралығында туған балалар. «Атырау» футбол командасы қосалқы құрамының бас бапкері Тимур Үкібаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мұндағы 25 жасөспірім негізгі құрамға өтуге талпынуда. Айта кетсек, өткен бес турдың қорытындысы бойынша «Атырау» футбол командасының қосалқы құрамы турнирлік кестеде І орында келеді.

Негізгі құрамда да атыраулық балалар бар. Олар – Валентин Чуреев, Айбар Нұрыбеков, Алексей Маров. Сондай-ақ, қосалқы құрамдағы ойыншылар – шабуылшы Бауыржан Қасымов, жартылай қорғаушы Алтынбек Сапаров, қақпашы Азамат Жомартов, қорғаушы Қуаныш Қалмұратов негізгі құраммен бірге жаттығуға қатысып, жарыс барысында да сапалы ойын  өрнегін көрсетіп жүр, — дейді Асылбек Сауырбайұлы.

 

ЕЛ  ҚҰРАМАСЫНДА  КЕЗДЕСЕЙІК!..

Орталық құрылғалы бері Атырау футболының дамуында үлкен серпіліс байқалатынын бапкерлер де айтып отыр. Әр топ әр күні  сағат жарым – екі сағат шамасында жасыл алаңда дайындалады. Балаларды ірік-теу әлі де жалғасын тауып келеді. Орталық 500 баламен шектеліп қана қоймайды, ендігі 2007-2008 жылғы туған балаларды футбол орталығына қабылдау жүргізілуде.

Айта кететін бір жайт, мұнда тек облыс орталығының балалары ғана емес, сонымен қатар,  Мақат, Махамбет, Қызылқоға, Индер аудандарының балалары да келіп жаттығуда. Сонымен қатар, аудандарда да футбол спортын дамыту мақсатында Исатай мен Махамбет аудандарында «Атырау» футбол орталықтарының филиалдары ашылды. Мұнда екі жүзге жуық жас жаттығуда.

Орталық ашылғалы бері жаттықтырушылық үрдіс толықтай өзгерді. Қазір біз Қазақстанның футбол федерациясы жасақтаған неміс футбол мектебі бағдарламасымен жұмыс жасаудамыз. Осыған орай, қызметіміз жаңа бағыт алды деуге болады. Балалар орталықтың бағдарламасын тез меңгеріп, жаттығу кезінде де жауапкершіліктері жоғарылығы  байқалуда. Екі жылдың ішінде олардың көзқарастары толық өзгерген. Біздің басты мақсатымыз – тек балаларды ғана емес, сонымен қатар, бапкерлердің де білік-тіліктерін арттыру. Қазақстан футбол федерациясының спорт директоры Қанат Мұсатаев жылына екі-үш рет келіп, ашық сабақ өткізіп, ең алдымен, бапкерлердің жасап жатқан жұмыстарын талқылайды, — дейді «Атырау» футбол клубының жастар футболын дамыту бағдарламасының жетекшісі Қуаныш Қабдулов.

Сәуір айының 20-сынан бастап футбол орталықтары командалары арасында кезекті ел чемпионаты басталады. Атыраудан жеті команда чемпион атағы үшін таласпақшы. Мұнайлы өлкеде де ел біріншілігінің бірінші тур ойындары өтеді.  1997 мен 2002 жылдары туған балаларымыз Павлодар, Тараз және Семей қалаларының ойыншыларын қабылдайды. Бұл біріншіліктен балалар көп нәрсені үйренері сөзсіз. Егер олар жан-жақты дайындалса, бірер жылдан соң Премьер-лига ойындарында облыс намысын қорғап жүрген «Атырау» футбол командасының құрамына кіруге және кәсіби футболшы атануға барлық мүмкіндіктері бар.

Бапкерлердің айтуынша, футбол орталықтарында жаттығатын балалардың ішінде болашақта үміт күттіретіндер де аз емес.

Ағымдағы жылдың ақпан айында «Атырау-1999» командасы Шымкент қаласында өткен республикалық «Жастар» турнирінде топта үш кездесу өткізіп, финалдық кезеңге жолдама алған. «Ақтөбе» мен «Жетісу» командаларын 4:0 есебімен тізе бүктіріп, қарағандылық «Шахтерді» 4:2 есебімен жеңді. Алайда, «Тараз» және «Каспий» командаларына жол берді.

Биыл 1999 жылы туған жас футболшылардан құралған Қазақстан құрамасы жасақталған. Ел құрамасына шақырту алған атыраулық Аманжол Ерасыл, Алексей Блинов пен Владимир Волкогонов Алматыда және Грузия елінде өткен алғашқы оқу-жаттығу жиындарына қатысып келді. Ал, U-17 Қазақстанның жастар құрамасының бас бапкері, испандық маман  Карлос Марторель Шымкент қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарына Ерхан Таласпаев пен Аманжол Ерасылды шақыртты. Қазір футболшы жерлестеріміз өз өнерлерін оқу-жаттығу жиындарында көрсетуде.  

 

ЖАТТЫҒУ ЖЫЛ БОЙЫ ЖҮРСЕ…

Айта кетсек, өткен жылы Тұрғындар қалашығындағы «Мұнайшы» стадионының футбол алаңын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. Ескі жабынды толықтай ауыстырылып, су құю жүйелері жаңартылды. Сонымен қатар, дренаждық жүйелер де жаңғыртудан өтіп, тиімділігі артты. Және  Волгоград қаласынан тасымалданған табиғи жасыл көгал төселді.  

Клуб директорының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта «Судоремонтник» стадионының жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынып, алаңға жылытқыш орнатылмақшы.

—  Қыс мезгілінде 500 бала толық жаттығатын зал таба алмай қиналамыз. Кей кезде басқа жерлерден жалдаймыз. Залдың аз болуына байланысты балаларға жаттығуға бөлінген сағатты да қысқартуға тура келеді. Осы мәселе бүгінгі күні өзекті болып отыр. Өйткені, біз үшін мұндай зал міндетті түрде қажет. Жылдың төрт мезгілінде де жас футболшылардың жаттығуы үзіл-меуі шарт. Сондықтан, осы бағыттағы ұсынысымызға клуб президенті, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қолдау көрсетіп, биыл сондай алаң салыну жоспарда бар екенін айтты, – дейді клуб директоры Асылбек Сауырбайұлы. 

ҮЛКЕН ҮМІТ ҮРДІСІ

Жас жеткіншектің өмірлік жолын таңдауда ата-ананың атқарар рөлі орасан зор. Есейе келе, баланың айналадағы құбылыстарға қарап, таным көкжиегі кеңейе түседі. Сол кезде олардың ішінде футболшы болғысы келетіндер де табылады.

Айта кетсек, Қуаныш Қабдулов та – Атырау футболының тәрбиеленушісі. Он екі жасында футболға келген ол футболды кеш бастағанын айтады. Алайда, 18 жасында бапкерлік бағытқа ауысып кеткен. Жалпы, болашақта баласын кәсіби футболшы ретінде көретін ата-ана оны 6-7 жасында футбол орталығына әкелгені жөн. Өйткені, жас жеткіншекке жаттығуларды еркін меңгеріп кетуіне себеп болады.

Футболға «Атырау» футбол командасының қосалқы құрамында өнер көрсетіп жүрген Алтынбек Сапаровтың кеңесімен 11 жасында келген «Атырау-1999» командасының капитаны Аманжол Ерасылдың аталған спорт түріне деген көзқарасы осы бес жыл ішінде мүлдем өзгерген. Аманжолдың әкесі Берікқали Қызылбаев ұлының футбол десе, ішкен асын жерге қоятынын, бірде-бір жаттықтыруды жібермейтінін айтады.

— Қазақта «Үлгі болар ағаның ізін бас та, жолын қу, болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген дана сөз бар. Бұл ұлағатты сөзді әр ата-ана есте сақтауы тиіс. Өйткені, спортқа әуес баланың бетін қақпай, таңдаған спорт түріне жол сілтеу – ата-ана алдындағы бір парыз. Осыдан бес жыл бұрын футболға баруға ниет білдіргендіктен, ұлымды өзім апардым. Кезінде мен де, әкем де мектепаралық аула футболын ойнағанбыз. Ол кезде қазіргідей мүмкіндік жоқ. Сүйікті командаларымызға бірге жанкүйерлік етеміз. Сондықтан, футболға деген махаббат бізде атадан балаға жалғасып келе жатқан қасиет десе де болады. Қазір ұлым С.Мұқанов атындағы №10 орта мектепте оқиды. Сабағында үлгерімі жақсы, футболды да тастамай келеді. Осы бес жыл ішінде адаммен қарым-қатынасы өзгерді, ашық, емін-еркін сөйлеседі. Көптеген достар тапты. Клуб толықтай тегін формамен қамтамасыз етіп, кроссовкасына дейін сатып алып береді. Жарыстар мен жиындарға барар жолы да тегін. Мұндай орталықтарды ашу – жастарға жасалған үлкен мүмкіндік деп бағалаймын. Ұлымнан кейін өзім 10 баланы орталыққа апардым — дейді ол.

1999 жылы туған балалардан жасақталған Қазақстан құрамасының Грузияда өткен оқу-жаттығу жиынындағы кездесуде қарсылас қақпасына гол соғып, ерекшеленген «Атырау-99» командасының ойыншысы Алексей Блинов та орталықта жаттыға бастағаннан бері үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізгенін айтады. Футболмен жаттыға бастаған алты жылдың ішінде Алексей түрлі республикалық, халықаралық додаларда топ жарып үлгерді. «Атырау» футбол командасының қосалқы құрамына ену – басты мақсатым», – дейді ол. Бүгінгі таңда Каспий маңы қазіргі заманғы колледжінің мұнай өңдеуші технология мамандығының І курсында оқып жатса да, болашақта өзін кәсіби футболшы ретінде көретінін айтады.

— Мен футболға 12 жасымда келдім. Бір жылдан соң осы орталық құрылып, біздің болашағымызға үлкен жол ашылғандай болды. Осы үш жыл ішінде екі рет Қазақстан чемпионатына қатысып келдім. Бұрын-соңды мұндай үлкен додаларда бақ сынап көрмеген болатынмын. Біз үшін бұл үлкен сын болды. Ал-ғашқы жылы «асығымыз алшысынан түсіп» ел чемпионы деген атаққа лайық болдық. Атырау қаласындағы №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясынан менімен бірге Эльдар Борисов пен Айбек Тілеуғалиев те осы орталықта жаттығады. Мектеп бағдарламасынан да қалыспауға тырысамыз. Өйткені, футбол бізді жан-жақты болуға тәрбиелейді, — дейді «Атырау-99» командасының ойыншысы Әділбек Кәрімов.

18 жастағы Әнет Елеусіновтің футболмен айналыса бастағанына да он жылдай уақыт өткен.

— Алғашында біз «Мұнайшы» стадионында жаттығып жүрдік. Қазір Балықшыда үлкен футбол базасы салынып, біздің жігерімізді жандыра түсті. Осы жылдар ішінде футбол, ең алдымен, мені көп нәрсеге үйретті. Көптеген қалаларды көріп, жан-жақтан достар таптым. Футбол деген – бұл команда. Командамен жұмыс жасап, бір-бірімізді жігерлендіріп, алға жетелеп, ұйымшыл болуды осы футбол орталығына келгеннен бастап үйрене бастадым, — дейді ол.

P.S. Қазақстанда салынып жатқан футбол орталықтары еліміздегі балалар футболының дамуына, спорттық инфрақұрылымның алға басуына жол ашары кәміл. Сондай-ақ, қазіргі кезде бос уақытын тиімсіз, босқа өткізетін балалардың спортпен шұғылдануына ықпал етіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға да  берер пайдасы өте көп. 

Бала тәрбиесіне берері мол бұл игі бастама толық жүзеге асып, футбол орталықтары үлкен күшке айналып,  болашақта әйгілі Пеле, Марадона, әлемнің үздік футболшысы атан-ған Криштиану Роналду мен Лионель Мессилар сынды шандоздар біздің мұнайлы өлкедегі қазақтың қара домалақ балалары арасынан да шығып қалатынына үміт зор.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button