![Жастар «жең ұшынан жалғасуды» қолдамайды 1 dddddddddddddddddddd](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/dddddddddddddddddddd-780x470.jpg)
Жастар «жең ұшынан жалғасуды» қолдамайды
Қоғамның құқықтық мәдениеті – заң үстемдігі мен адам құқықтарын құрметтеуге негізделген мемлекетті қалыптастырудың ажырамас бөлігі. Осы орайда Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті «Заң және тәртіп – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізі» зияткерлік ойынын өткізді. Ондағы мақсат – жастардың жемқорлық туралы хабардарлығын арттыру, оған теріс көзқарасты қалыптастыру және құқықтық мәдениетті нығайту.
![Жастар «жең ұшынан жалғасуды» қолдамайды 2 dddd](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/dddd-1024x576.jpg)
Ойынға әртүрлі факультеттердің командалары қатысты. Студенттер заңнама, жемқорлыққа қарсы жұмыс, құқықтық нормалар мен этика саласындағы білімнің жоғары деңгейін көрсетті. Командалар құқықтық жағдайларды талдауға, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заңды жолдарын іздеуге байланысты міндеттерді шешті.
– «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы жемқорлыққа қарсы саясаттың негізінде жатыр және заңдарды сақтау мен қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын көрсетеді. Ойынға қатысушылар заңдарды қолдана білу жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі элементтері екенін түсінді, — дейді ұйымдастырушылар.
Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды, бірақ басты нәтиже барлық қатысушылардың кейінгі өмірде оларға көмектесетін құнды білім мен дағдыларға ие болуы еді. Жастар сыбайлас жемқорлыққа байланысты қиын жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігін және оның құрбаны болмауды үйренді.
Осылайша, «Заң және тәртіп – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізі» ойыны жастар арасындағы құқықтық сауаттылық деңгейін арттырып қана қоймай, олардың жемқорлыққа қарсы күресте белсенді азаматтық ұстанымға дайындығын нығайтты.
Майра ЕРҒАЛИ