Жарнама
Қоғам

ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІНЕН – ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА

Мақаттық Ботагөз Жалмұханова да өзі құралыптас барша жас сияқты мектепте білім алып, одан әрі Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің мемлекет және жергілікті басқару бөліміне оқуға түседі. Жоғары оқу орнында ойдағыдай білім алған соң, өзі қалаған мамандығы бойынша жұмыс іздейді. Бірақ, біраз жерден «күте тұр, әзір бос орын жоқ» деген жауап естиді. Ботагөздің өзі бұл туралы: «Күте берсем, уақытым текке кете береді. Одан да бос отырмайын» деп шештім. Ақырында өткен жылдың қыркүйегі мен желтоқсаны аралығында Мақат аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде «Жастар тәжірибесінен» өттім. Тәжірибе барысында өзімді жақсы қырымнан көрсете білдім деп ойлаймын. Осылайша, Мақат аудандық «Қазпошта» АҚ мекемесіне тұрақты жұмысқа — операторлыққа орналастым», — дейді.
Жас маманның айтуынша, ол тәжірибеден өту барысында бар болғаны 21 мың теңге жалақы алған. Мұны өзіне қанағат тұтқан. Ал, тұрақты жұмысқа орналасқаннан кейін айлығы 40 мың теңгеге жеткен. Ата-анасы зейнеткерлік жастағы Ботагөз шаңырақтағы алты ұл-қыздың кенжесі екен. Қолдағы барға риза болу, қандай жұмыстан да тартынбау, алдына келген клиентті жылы қабылдау — жас маманның өмірлік ұстанымы. Қашан көрсеңіз де, пошта бөлімшесіне келушілер аз емес. Бірі зейнетақысы мен жәрдемақысын алмақ, екіншісі несиесін өтемек, үшіншілері коммуналдық қызмет ақыларын төлемек, тағысын тағылар. Осы адамдардың бәріне егжей-тегжейлі түсіндіру, қабақ шытпау — оларды қабылдайтын операторлардың міндеті.
— Бұрын қалай білмегенмін, жұмыстың қызған жері пошта екен ғой! — дейді бізбен әңгімесінде 23 жастағы жас маман Ботагөз Жалмұханова. — Ертемен жұмысқа келгеннен түскі үзіліске әрең босаймыз. Содан кешке шейін тағы қарбалас жұмыс. Пошта бөлімшесіне түрлі шаруасымен келетіндерде есеп жоқ десе де болады. Бір күнде алдымызға жүз адам келетін шығар…
Қоштасарда ол оқу орнын жаңа бітірген жастардың «жұмыс жоқ» деген сылтаумен бос жүрмей, «Жастар тәжірибесіне» баруларына ақыл қосты. «Өзін көрсететін жас осы жерде-ақ жақсы жұмыс тауып кетеді» дейді ол. Жұмысы өзіне қызықты көрінген жас маманға біз де сәттілік тіледік.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button