ЖАСТАР – БІЗДІҢ ЕРТЕҢІМІЗ
— Сын айтушылар да, мақтайтындар да бар, жастарға қатысты жұмыстарды даттаушылар да табылады. 1994, 2004 және 2014 жылдарды алып қарайық, осыдан 20 жыл бұрын жастардан гөрі қарттардың мәселесі басым болды. Ең әлжуаз топ ретінде үлкен кісілер саналды. Себебі, коммуналдық төлемдер өсіп жатты, зейнетақы төлеу қиын болды. Қазір ол мәселелер толық шешілді. Ал, қазіргі протестік топ, сұранысы қанағаттандырылмайтын топ, бұл – жастар. Сондықтан, ең басты көкейкесті болып отырған мәселе – жастар мәселесі, — деді ол.
Шыңғыс Жұмабекұлы жастарды баспанамен қамту мәселесінің жолға қойылып келе жатқанына да тоқталды. Яғни, «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы бойынша, 29 жасқа дейінгі, үш баласы бар адам кедергісіз пәтерлі болады. Бұл – үй алу реттілігі жақсарып келе жатқанының көрінісі.
Облыстық бағдарламалар да бастауын алуда. Мәселен, облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жас Отау» бағдарламасы бойынша 90 пәтерлік үй салынды. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан айтып өткеніндей, келесі жылы 320 пәтерлік үй мен 150 бөлмелік жатақхана салыну жоспарланып отыр. Биылғы 90 пәтерлік үйдің әр пәтеріне 14 адам құжат тапсырған.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де форумда кеңінен әңгіме болды.
— Соңғы бес жылда облыста индустриялық-инновациялық бағдарламалар аясында 42 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жаңа жұмыс орындары ашылып отырғанын көрсетеді. Техникалық мамандықтарға жұмыс берушіден сұраныс артып келеді. Қазір ақпараттық технологияның заманы. Бірақ, бізде осы саланың мамандары жетіспейді, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Ел жастары Елбасының мемлекетті одан әрі нығайту, динамикалық әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу және Қазақстанның әлем алдындағы беделін нығайту жөніндегі стратегиялық жоспарын қолдайды және қуаттайды. Қазіргі таңда әрбір қазақстандық жастың өзін-өзі дамытуына, білім алуына, түрлі идеяларын жүзеге асыруына елімізде барлық жағдай жасалған.
Жиын барысында жастардың кітап оқу тенденциясы туралы да әңгіме өрбіді. Осыған орай ойын білдірген саясаттанушы Р.Жұмалы «Бүгінде ақпараттың балама көздері пайда болды. Технологияның дамыған заманы, ғаламтор арқылы қажетті ақпаратты ала аласың. Біздің елде, мүмкін, кітап оқу төмен болар. Ал, Еуропа елдерінде технология мықты дамыса да, ұшақта немесе метроларда 100 пайыз болмағанымен, 70 пайыз адам кітап оқып отырады» десе, облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан кітап оқудың әр адамның өзінің білім көкжиегін кеңейтуі үшін қажеттігін айтты.
Еркін өзара пікір алмасу, әңгімелеу форматында өткен форумда медиакеңістік және ақпараттық қауіпсіздік, кәсіпкерлік және оның Қазақстандағы даму келешегі туралы да сала мамандары әңгімеледі.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.