ЖАСТАРҒА ЖАЛЫН ЖІГЕР ЖАРАСАР
— Қай қоғамда болмасын, адамдарды жұмыспен қамтылуының маңызы зор. Ендеше, әңгімемізді де осы тақырыптан бастап өрбітсек…
— Басқарма облыс әкімдігінің биылғы 27 ақпандағы №53 Қаулысымен бекітілген «Атырау облысында жастар саясатын дамытудың 2015 жылға арналған іс-шаралар жоспары» бойынша жұмыс жасайды. Жастарды еңбекпен қамту, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі – қызметіміздің басым бағыты. Атқарып жатқан жұмыстарымыздың бір бөлігін жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін бір реттік шаралар тізбесі құрайды. Бұл ретте бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері жүйелі ұйымдастырылуда. Күні бүгінге дейін, 1300 жастың қатысуымен екі рет Атырау мұнай және газ институтында және 500 жұмыссыздың қатысуымен «АПЕК Петротехник» жоғары техникалық мектебінде» жәрмеңкелер өткізілді. Жәрмеңкеге 53 мекемеден 943 бос жұмыс орнына өтінім келіп түсті.
Жастардың жұмысқа орналасуына кедергі келтіретін бір проблема – түйіндемелердің дұрыс жазылмауы, әңгімелесулерде өз-өзін таныта алмауы болып табылады. Осы орайда, облыс орталығында қызмет атқаратын «Кисорион», «Фиркрофт» сияқты рекрутингтік компаниялардың мамандары «Кәсіби маманнан кеңес» тақырыбында тегін шеберлік сыныптарын ұйымдастырып келеді. Жыл басынан бері 275 жасты қамтыған 12 семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында түйіндеменің қалай толтырылу керектігі, қазіргі заманда шет тілді білудің маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар, enbek.kz сайты арқылы да толығырақ ақпарат берілді.
— «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысына тоқталсаңыз…
— Жылдағыша, биыл да облыс, қала бойынша жастардың жазғы демалысын тиімді пайдалану және еңбекке баулу, тәрбиелеу мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағының маусымдық жұмысына студенттер мен жұмыссыз жастар жұмысқа тартылды. Маусым айынан бастап облысымыздағы үш орман шаруашылығында 150 жас жұмыс жасауда. Олардың еңбекақысын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 4 млн. теңге қаржы қаралған. Жұмыс көлемі – жалпы 65 гектар. Қалған Жылыой, Исатай, Мақат, Қызылқоға аудандарында және Атырау қаласында 450 сарбаз жұмыспен қамтылды.
Жыл басынан бері Атырау қаласындағы «Дина» базарында жастарға арналған «Кеңес орталығы» жұмысын жүргізуде. Онда жұмыспен қамту орталығы, «Даму» қоры, жергілікті басқармалар, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мамандары жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды таныстырып, тың ақпараттармен қамтамасыз етуде.
Жастардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, кеңес беру, шығармашыл жастарды қолдау мақсатында қалалық, аудандық деңгейде қызмет ететін жастар ресурстық орталықтарына жыл басынан бері 368 жас, олардың 71-і жұмысқа орналасу туралы, 67-сі кәсіпкерлік бастамаларды қолдау туралы, 70-і шығармашылыққа қолдау көрсету туралы, қалғандары басқа да өзекті мәселелері бойынша көмек сұрады.
Жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында Атырау мемлекеттік университеті базасында «Жас кәсіпкерлер мектебі» жұмыс жасайды. Бүгінгі күні кәсіпкерлер мектебінде 1000-ға жуық жас, олардың 80%-ы ақысыз негізде оқуын аяқтады. Жастардың 10-нан аса нақты жобалары іске қосылды. Сонымен қатар, Атырау қаласы, Нұрсая мөлтекауданында, 23 үйде жалпы көлемі 150 шаршы метр «Коворкинг орталығын» ашу жоспарланды.
— Жастар арасындағы діни ахуалды таразыласаңыз…
— Діни экстремизмнің алдын алу, дәстүрлі емес діни көзқарастарға бейім жастарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу, олардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында бірқатар шаралар атқарылып келеді. Жоба аясында жоғары және арнаулы орта, орта оқу орындарының студенттері мен оқушылары, ірі мекемелер мен кәсіпорындардағы жұмысшы жастармен имамдар, теолог мамандардың кездесулері тұрақты өткізіледі.
Атырау қаласының жастар ресурстық орталығы мен «Иманғали» орталық мешітінің бірлесе ұйымдастыруымен құранды жатқа мәнерлеп оқудан ІІІ облыстық «Құран жарыс» сайысы өткізілді. Мақсаты – қоғамдағы дәстүрлі емес діни ағымдардың арбауынан өскелең ұрпақты арашалау. Жастардың бойында отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерге тәрбиелеу арқылы өз дініне деген оң көзқарасын қалыптастыру. Алдын-ала қабылданған өтініштер бойынша жарысқа барлығы 30 адам қатыстырылды.
— Жастар арасында еріктілер қозғалысының белсенділігі артқаны аңғарылады. Осы үрдісті қалай бағалайсыз?
— Өткен айда жастар арасында ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраға құрметін арттыруға бағытталған «Жас Отан» ЖҚ ұйымдастыруымен бір топ белсенді жастар Ресей Федерациясы Астрахан облысы, Малый арал ауылындағы Бөкей хан кесенесі және Алтынжар ауылындағы Құрманғазы Сағырбайұлының кесенесіне барып, тағзым етті.
«Жүректен жүрекке» жастар қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешіті «Менің алғашқы оразам» атты шығарма байқауын жариялады.
Шілде айында қала және аудандар арасында «Келіндер арасында ертегі оқудан» сайыс өткізілді. Енді 13 тамыз күні Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда облыстық сайыс өткізіледі. Сайысқа қала және аудандарда өткен сайыстардың жеңімпаз келіндері қатысып, бақ сынасады. Аталған сайыс жас келіндер арасында бала тәрбиесіндегі ұлттық өнерді, салт-дәстүрді қайта жаңғыртуға бағытталған.
— «Жас қоғам» жастар бастамаларын дамыту қоры мен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының жұмыстарына көңіліңіз тола ма?
— Д.Нұрпейісова атындағы мұнайшылар мәдениет сарайында Атырау облыстық Ашық және Премьер лигаларының 1/4 финалдық жайдарман ойындары өтті. Ашық лига ойыншылары «Өткен күннің іздері», Премьер лиганың командалары «Сөздің ең ұлысы – тарих» тақырыптарында жақсы ойын өрнегін көрсетті. Д.Нұрпейісова атындағы мұнайшылар мәдениет сарайында өткен Атырау облыстық Ашық және Премьер лигаларының 1/2 финалдық жайдарман ойындары көптің есінде ұмытылмастай боп қалды.
«Жас Ұлан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Елдікті жырлаймыз» жас ақындар мен көркемсөз шеберлерінің қалалық байқауы, сондай-ақ, жасөспірімдердің ел тарихын зерделеуге қызығушылығын арттыру, жас таланттар мен ақындарды анықтау және оларды ынталандыру мақсатында Ғ.Сланов атындағы облыстық кітапханада Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Елдікті жырлаймыз» жас ақындар мен көркемсөз шеберлерінің қалалық байқауы да маңызы зор шаралар.
Осыдан бір-екі жыл бұрын аймақта «Жас отау» бағдарламасы аясында 90 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарланған еді. Батыс Қазақстан облысында бастау алған бұл жоба Атырауда да сәтті жүзеге асырылуда. Жобаға жергілікті бюджеттен 628 млн. теңге қаржы бөлінді. Басты ерекшелігі – жас отбасылар алдын-ала төлемсіз пәтер иеленді. «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» арқылы 5 жыл мерзімге дейін алғашқы жарналарын жинау арқылы, жастар тұрғын үй несиесін еншілеуге қол жеткізеді. «Жас отаудың» бірінші үйіне 711 отбасы құжаттарын тапсырып, солардың ішінен сараланып, тоқсанының ғана өтініші қанағаттандырылды.
Әңгімелескен Амандық АБДОЛ.