«ЖАРТЫАРАЛДАҒЫ» ЖҮРЕКЖАРДЫ ЖҮЗДЕСУ
Кейіннен осы аумақтан «Аджип ҚКО» компаниясының өндірістік-бақылау базасы салынып, Пешной бағытына қарай тақтайдай тегіс жол төселген. Арғы жағында биік қамыстың ортасымен өтетін 2-3 шақырымдай қара жол бар. Бұрындары су мол келген кезде сыңсып тұратын қурайлар суы тартылғандықтан қурап кеткен. Елді мекенмен «Ақжайық» мемлекеттік қорығының аймағы жалғасып жатса, ауылдың жағалау бетінде ауа райын зерттеу бекеті мен екі үй ғана қалыпты. Көпшілігінің орны ғана сақталған. Байырғы тұрғындардың біразы осында бақилық болған. Ана жылдары ескі қорымның бір шетін су шайып кеткендіктен, о дүниелік болған бірқатар адамдардың мәйіті басқа қауымдарға жерленген. «Жартыаралда» кіндігі кесіліп, қаны тамғандардың алды бүгінде 70-ті алқымдаса, ең соңғыларының жастары да 30-ға таяған.
Міне, осылайша өздерін «пешнойлықтармыз» деп елден ерекшелеп дәріптейтін шағын ауылдың бұрынғы тұрғындары жақында атажұртта бас қосты. Пәни дүниеден бақилыққа озған ата-әжелеріне, әке-шешелеріне, туыс-бауырларына арнап ас берді.
— Әкемнің айтқандарынан жадымда сақталғаны, Пешнойға адамдар 1942 жылдан қоныстана бастаған. Кейіннен пешнойлықтардың қатары толығып, Керей Сариев, Жұмағали Әубекеров сынды қазақ отбасылармен бірге, Овчинников, Егоров деген орыс және өзге де ұлт өкілдері осы жерге келіп қоныстанған, — деп әңгіме тиегін ағытты Қажымұрат Нұғыманұлы. — 1951 жылы осы ауылдағы бастауыш мектептің табалдырығын аттадым. Соңынан Дамбы селосындағы Амангелді, қаладағы Абай атындағы орта мектептерде оқып, онжылдық білім алып шықтым. Мұндай жағдай менімен қатарлас дүниеге келген балалардың бәріне де қатысты еді. Бұл күндері әрқайсысымыз әр жақта жүрсек те, ата-аналарымыздың көзіндей болған, кіндік қанымыз тамған, балалық бал дәуреніміз өткен ауылымызды бір сәтке де ұмытпақ емеспіз. Бүгінгі басқосуымызға да себепкер сол өткен күндерге деген сағыныш болса керек.
Осындай тағылымды шараны ұйымдастырып, ізгілікті іске ұйытқы болып жүрген Таубай Зиноллаұлы, Ескендір Ахметұлы, Павел Көшербайұлы, Серік Мәмбетов, Меңсұлу Сәтпайқызы және басқалар да осындай жүрекжарды лебіздерін білдіріп жатты. Ал, еңбек ардагерлері Жақсылық Төлегенов, Марат Қадыровтардың естеліктері де жиналғандарды айрықша толқытты. Біз де атажұртқа деген сағыныш сазын шерткен бұл жиынның кейінгі буынға берер тағылымы мол деп түйдік.
Дәулетқали АРУЕВ.