Жарқыра, нұр келбеті Астананың жанарын жаулап алып басқалардың!
Астана – Қазақстанның жаңаруының нышаны, Тәуелсіз мемлекетіміздің мәйегі, дербестігіміздің дәйегі. Елордамыз – халқымыздың ғасырлар бойғы армандаған тілек-мақсаттарының орындалуының шынайы болмысы. Астананы ауыстыру ерен ерлік пен көрегендікті, тәуекелді қажет еткен тарихи шешім еді.
Иә, экономикамыз тұралап тұрған кезде елдің орталығын Алатау аңғарынан Сарыарқаның төріне көшіру оңай шаруа болмағаны белгілі. Астана идеясы бұл күнде жалпақ жұртымызды жарқын болашаққа жұмылдырып, бірлік пен берекеге негізделген Елбасы саясатының басты ұстанымымен ұштасып жатыр. Сондықтан, Астана мерекесі біртұтас мемлекеттік сипат алды, бүкіл халықтың көзайым қуанышына айналды. Елордамыздың болмыс-баяны мен Елбасымыздың ерен еңбегі қала күні мерекесі аталып өткен сайын біте қайнасып, бірге сомдала бермек. Бұл күнде төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген қонақтар Астананың сәулетті көркімен, экономикалық әлеуетімен көз сүйсіндіретін ХХІ ғасырдың ғажайыбы екендігін мойындады.
Елорданың халықаралық дәрежедегі аталып өткен әрбір маңызды мерекелерден бергі өткен уақыттағы даму қарқынына келетін болсақ, жаһанды жайлаған дағдарысқа қарамастан ол күн санап көркейіп, ажарланып келеді. Бұл ретте Президент Ақордасы, асқақ «Бәйтерек», Бейбітшілік пен келісім сарайынан бастап, ішінде мәңгі жаз орнаған «Хан шатыры» ойын-сауық орталығына дейін әлемдік стандартқа сай талаптар мен құндылықтарды бойына жинақтаған. Сәнді көшелер, тақтайдай жолдар, жасыл желектер, гүлмен көмкерілген гүлзарлар, таза да кең аулалар қала көркін әрлендіруде.
Күн сайын өркендеп, көркейіп келе жатқан Елордамызға қарап бой түзеген еліміздің барлық өңірлері сияқты жыл сайынғы Елбасының халқына арнаған Жолдауында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді орындауда Атырауда да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Сәнді ойын-сауық кешендері мен бизнес орталықтарының, көп қабатты тұрғын үйлердің ғимараттарын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көшелерді кеңейту, абаттандыру, жарықтандыру ісі қала орталығымен қатар, қала маңындағы ауылдарда да жалғасын тауып отыр.
Тәуелсіз елдің ертеңі – жастар қолында. Ендеше олардың спортпен көбірек шұғылдануына, шығармашылық бағытта шыңдалуына, тұрғындардың мәдени-демалысын ұйымдастыруға баса назар аударылған. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруда Атырау, Ақсай ауылдық округтерінде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Бағдарлама аясында қала орталығында «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен «Ретросаябақ» пайдалануға берілді. Жұмыскер шағынауданында мәдениет үйі өз көрермендеріне есігін айқара ашты. Аталған нысандар қала көркіне көрік қосып қана қоймай, атыраулықтар мен қонақтар үшін тамаша демалыс орындарының біріне айналды.
Сонымен қатар, Еркінқала, Ақжар, Жаңаталап ауылдарында типтік үлгідегі мәдениет үйлерінің құрылысы жалғасса, Елорданың 20 жылдық мерекесіне орай Томарлы ауылында салынған 400 орындық келбетті мәдениет үйінің пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарына ерекше сый болмақ.
Елбасы мен Тәуелсіздік және Елбасы мен Астана ұғымдары – бір-бірінен ажырамас егіз ұғымдар. Елбасының ерен еңбегімен Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміздің өзге өңірлері сияқты мұнайлы астана да шырайлы шаһарға айнала бастады. Қаланың ежелгі тарихи атауы қайтарылып, «Атырау» қаласы болып аталды. Еркіндік пен тәуелсіздіктің жолында қол бастаған Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы сынды батыр да ақын, дауылпаз күйші бабаларымыздың есімдері қос ауданға берілді. Қос атқа қатар қонған батыр бабаларымыздың құрметіне облыс орталығында қоладан құйылған ескерткіш мүсіндері орнатылды.
Қарқынды дамыған жас мемлекетіміздің әр жылы тарих қойнауына ерекше оқиғалармен енді. Қаланың сәулеттік келбетіне көрік берер бірнеше ескерткіштер мен мемориалдар, кіші-сәулеттік нысандар салынды. Тек қана соңғы жылдардың өзінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жеңіс» саябағында майдан даласынан оралмаған 27 мыңнан астам боздақ бабаларымыздың есімі жазылған «Естелік тақта» мемориалы ашылса, ауған, тәжік-ауған жеріндегі соғыста жанқиярлықпен қаза тапқан ержүрек ұлдарымызға арналып ескерткіш тұрғызылды. Мемлекеттік Гимн авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға ескерткіштер орнатылды.
Елбасының бағдарламалық мақаласы көптеген игі істерге жол ашып, жаңаша серпін берді. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген халық даналығын ұстанған облыс, қала басшылығы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, дәстүрімізді дәріптеуге арнал-ған, Отанын, ұлтын сүюге, ұрпақ тәрбиесіне ерекше әсер беретін шараларға үлкен мән беріп, айрықша қолдау көрсетіп келеді. Облыс және шаһар халқымен өткен кездесулерде айтылған ұсыныстар мен пікірлерді ескеріп, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың кіші-сәулеттік мүсінін, ұлт руханиятының айтулы тұлғалары, Қазақстанның Халық жазушылары Әбу Сәрсембаев пен Хамит Ерғалиевке, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дәулескер күйші-композитор Қаршыға Ахмедияровқа арнап ескерткіш орнату қолға алынды.
Еліміздің Бас шаһарынан бастау алар айтулы оқиғалар мен игілікті іс-шаралар жар-қын келешекке қарай жалғаса бергей. Төрткүл дүние таныған, 30 елдің қатарында болуға қадам басқан, жаңарған жас Астанамен бірге халқымыздың жаны да, рухани әлемі де жаңарып, жасай берсін дейік!
Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ,
Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.