ЖАПЫРАҒЫН ЖАЙҒАН БӘЙТЕРЕК

немесе  көп  балалы  отбасылар  туралы  сыр

Былтыр елімізде тұңғыш рет өткізілген республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, түркістандық Бимаханбетовтер жанұясын марапаттау сәтінде Президент: «Жас келген сайын бұл өмірді түсіне бастайсың. Сенің жетістігің, миллиард ақшаң, қызметің басты орында емес. Ең бастысы, адамға керегі – отбасы, балалары….», - деген болатын. Сол салтанатты жиында Елбасы ХХI ғасырдың ортасында тыныштық пен молшылықта өмір сүретін отбасылары басым ел ғана ең дамыған мемлекет қатарында болатынын айтқан еді. Ендеше, ел боламыз десек, алдымен бесігімізді түзейік, ағайын!

Екі жыл қатарынан өткен облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушылар аймағымызда түтіні түзу, босағасы берік, ынтымақ-бірлігі жарасқан жанұялардың көп екенін аңғартты. Сондай-ақ, бұл сайысқа қатыспаса да үлгілі әулеттердің қатарынан көрінуге лайықты отбасылар да баршылық. Солардың бірі – зейнеткер Нағима Қанатбаева, ол Құрсай селосында тұрады. Он баланың анасы, «Алтын алқа» иегері. Бүгінде жетпіс бес жасқа толған кейуана 1940 жылы Махамбет селосында дүниеге келген. Он сегіз жасында Балықшыдағы «Атыраубалық» комбинатында, жәшік жасайтын цехта еңбек жолын бастады. Сол кезде бұл цехта еңбек ететін әйелдер ағашты арамен кесіп, шегелеп, балық салатын жәшік жасаған. Әйелдер цехы деп аталғанымен, мұндай жұмыс ерлер атқаратын кәсіпке жатады.

Нағима апа комбинатта 2000 жылға дейін жемісті еңбек етті. Бақытын да осы жерден тапты. Мұндағы ағаш дайындайтын ерлер цехында жұмысшы болып еңбек ететін Сәбит Торғаев деген азаматпен отбасын құрды. Ерлі-зайыптылар 11 баланың ата-анасы атанып, бақытты ғұмыр кешті. Әттең, өмірдің қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Тағдырдың жазуымен ұлдары Нұрланды жиырма жасында жер бесікке тапсырды.

Жастық шақтарын бел шешпей тынымсыз еңбек етумен өткізген ерлі-зайыптылар «бірге қартайып, балаларымыздың қызығын бірге көрсек» деп армандайтын. Бірақ, адамның емес, Алланың дегені болады екен. Құдай қосқан қосағы Сәбит 54 жасында дүниеден озды. Бұл кезде кенжесі бес жаста болатын.

Нағима апа басына түскен ауыр күндерде нардың жүгін арқалап жүріп, балаларын қатарға қосты. Құдай көпсінбесін, қазір сегіз ұлы мен екі қызының қызығын қызықтап, ана бақытына кенелді. Кенже қызы Айнұрдан басқасы аяқтанып, отбасылы болды. Қазір ұл-қызынан 21 немере, 20 шөбере, үш жиен сүйіп отыр.

Жарық күнге талпынған жапырақтай бір-бірін жетелеп жүріп ержеткен Торғаевтар отбасының ұл-қыздары бүгінде әр саланың үздік маманы атанып, туған өлкеде абыройлы еңбек етуде. Әулеттің үлкен ұлы Амантай «Атырау Жарық» АҚ-ында жұмыс істейді. Алма Атырау гуманитарлық-инженерлік институтында ұстаздық қызмет атқаруда. Қара шаңырақты ұстап отырған кенже ұл, аға лейтенант Еламан Торғаев облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасында инспектор болып еңбек етсе, оның жұбайы Амангүл – Құрсай орта мектебінде мұғалім. Өз кәсіптерінің қыр-сырын меңгерген олар отбасында да үлгілі шаңырақ иелері. Жүрген орталарында сыйлы. «Орнында бар оңалар» деген осы. Отағасы Сәбиттің артында қалған ұрпақтары бүгінде өсіп-өніп, әулет сабақтастығы жалғасуда.

Атырау қаласының тұрғыны, мемлекеттік қызметкер Әлібек Ермекқалидың отбасы туралы да бірер сөз арнайық. Бұл азаматтың зайыбы Жанна Ермекқали – облыстық білім беру басқармасының бас маманы, «Алтын алқа» иегері. Ерлі-зайыптылар төрт қыз, үш ұл өсіріп, тәрбиелеуде. Тұңғыштары Алтынай 13 жаста, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның 8-сынып оқушысы. Ұлдың алды Әділет №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясында үшінші сыныпта оқиды. Кенжелері Айсана жастан асты. Шаңырақ иесі Әлібек балаларының білімді, тәрбиелі, қатарының алды болып өсуін басты назарда ұстайды.

 Көп балалы жанұялардың тілегі бір. Олар шаңырағындағы шаттықты «Қазақстан халқына еркіндік, мамыражай бейбіт өмір сыйлаған тәуелсіздіктің арқасында дарыған бақ» деп біледі.

«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы – жерлесіміз Жеңіс Қанатбаев «абыройлы отбасы болу үшін ең алдымен бала тәрбиесіне мән беру керек» деп есептейді. «Мен өз балаларымды әрқашан адал еңбек етіп, әр іске жауапкершілікпен қарауға тәрбиеледім. Бүгінде менің жолымды балаларым жалғастыруда. Болашақта немерелерім де мұнайшы атанып, еліне қызмет етсе, бұл – мен үшін үлкен бақыт» дейді ол. Ардагер мұнайшы зайыбы Маржан екеуі облысымыздағы «қара алтын» өндіру саласында ұзақ жыл еңбек етіп, қазір зейнет демалысына шықты. Алты баласынан он үш немере, бір шөбере сүйіп отыр.

«Біздің еңбексүйгіш қарапайым жанұямыз «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында назарға ілініп, бір аймақтың қалың жұртшылығына танымал үлгілі шаңырақ атандық. Бұл – біз үшін үлкен мерей, зор қуаныш! Осы күнге еліміздің егемендігінің арқасында қол жеткіздік» дейді әулеттің отанасы Маржан Дәулетова.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз