ЖАПЫРАҒЫН ЖАЙҒАН БӘЙТЕРЕК
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда…»
Байқауда бақ сынаған отбасылардың ішінде ең үздік атанып, республикалық байқауға жолдама алған Құрманғазы ауданынан теміржолшы Кеңес Аймұрзаев пен мақаттық мұнайшы Жеңіс Қанатбаевтың отбасылары болды.
Атаны асқар тауға, ананы мөлдір бұлаққа, баланы жасыл құраққа теңеп, бала тәрбиесін ұлы мақсат тұтқан бұл отбасылар ұлттық тәрбиені өскелең ұрпаққа жеткізуді өздерінің қасиетті борыштары санайды.
«Елбасы әр Жолдауында көп балалы отбасына, ана мен балаға қамқорлық жасауға және өмір сапасын жақсартуға үнемі көңіл бөлуде. Мұндай жағдай көрсетіліп жатқанда біз отбасындағы құндылықтарды өзгеге үлгі етіп, бұл байқауға қатысуға ниет білдірдік. Өз өнегемізді өзгелерге көрсетуге тырыстық» дейді теміржолшы Кеңес Аймұрзаев. Ол еңбек жолын Құрманғазы ауданында темір жол жөндеу бригадасының бригадирі қызметінен бастаған. Бұл салада жол дистанциясының кадр бөлімінің бастығы қызметінен зейнетке шыққан. «Отандық темір жолға – 150 жыл» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, бірнеше рет Ақкөл поселкелік кеңесінің депутаты болып сайланған.
Жұбайы Ұлболсын Ай-мұрзаева да ұзақ жылдар темір жол саласында қызмет еткен. «Алтын алқа» иегері. Отбасында сегіз баланы тәрбиелеп өсірген. Олардан тоғыз немере-жиен сүйіп отыр. Бес баласы ата-анасының жолын қуып, осы салада қызмет етеді. Қалған балаларының бірі мұғалім, бірі журналист, енді бірі заңгер. Ер азаматын қашан да биікке көтерген Ұлболсын апай бүгінгі жеткен жетістіктерін өмірлік серігі, отағасының еңбегінің жемісі деп санайды.
«Отбасында қашан да ер азаматтың беделі жоғары болуы тиіс. Әйел-ана оған қолдау жасауы керек. Сонда ғана отбасының бірлігі жарасып, береке болады» дейді Ұ.Аймұрзаева.
Ал, байқау жеңімпазының бірі, мақаттық мұнайшы Жеңіс Қанатбаев – бүгінде зейнеткер. Елу жылдан астам уақыт «Доссормұнаймаш» мекемесінде абыроймен қызмет еткен. Іскерлік қабілетінің арқасында бірқатар жетістіктерге жетіп, марапаттарға ие болған. «Құрмет» орденінің иегері. Доссор кентінің және Мақат ауданының Құрметті азаматы. Өмірлік жары Маржан Дәулетова екеуі екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді.
— Өмірлік серігіммен 1960 жылы таныстым. Сегізінші сыныпты бітірісімен екеуміз де ата-анамызға қолдау көрсету мақсатында кешкі сыныпқа ауыстық. Күндіз «Доссормұнаймаш» мекемесінде қызмет етсек, кешке сабаққа барамыз. Шаршау дегенді білмейтінбіз. Үш жылдан кейін отбасын құрдық. Одан кейін жұбайым үш жыл әскерде болып, азаматтық борышын өтеді. Үйде енеммен бірге өмір сүріп, әскердегі азаматымды күттім. Үйдің тірлігімен қатар, аталған мекемеде есепшілік қызметті қоса атқара жүріп, жанұядағы үлкендерге бас-көз болдым.
Біздің аяққа тұрып, өнегелі отбасы болуымызға енемнің көп көмегі тиді. Мені келіні емес, өз қызындай көріп бауырға басты. Енемнің қолдауының арқасында отбасының ұйытқысы болуға көп күш салдым. Кезіккен қиындыққа еш мойыған емеспін. Нәтижесінде бүгінде үлкен саялы шаңыраққа айналдық. Ең бастысы, адам сабырлы және еңбексүйгіш болуы тиіс. 1967 жылы тұңғышымыз Динара дүниеге келді. Оның артынан ерген басқа да балаларды жетектей жүріп, еңбектен бір сәт те қол үзген емеспіз»,-дейді «Күміс алқалы» ана Маржан Дәулетова.
Байқауда екінші орынға ие болған үздік отбасылардың бірі – Басаролла Харасовтың жанұясы болды.Атырау қаласының тумасы Басаролла Харасұлы жұбайы Базаргүл Мырзағалиева екеуі өзгелер қызыға қарайтындай отбасыға айналған.
Басаролла Харасұлы – дәрігер, уролог. Ал, Базаргүл Мырзағалиқызы – дәрігер-фтизиатр. Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген «Күміс алқа» иегері. Нұрлан есімді ұлы мұнай саласында еңбек етсе, келіні Гүлбану мейірбике болып қызмет атқаруда. Олардан тараған екі немере бар. Қызы Салтанат «Қазақтелеком» мекемесінде жұмыс жасайды. Әлібек есімді ұлы мен келіні Гүлсім – әке мен ананың жолын қуған, Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлері. Олар – алты баланы тәрбиелеп отырған өнегелі отбасылардың бірі.
Ал, 22 немере-жиен және 32 шөбере сүйіп, берекелі қазақ жанұясының үлгісін көрсетіп келе жатқан исатайлық Ибрайм Қарабалиннің жанұясы да екінші орын иегері атанды. Бірнеше жыл білім саласында тер төккен ол – бүгінде зейнеткер. Жұбайы Мағиза Қарабалина – ардагер ұстаз. Отбасында бес ұл, үш қызды тәрбиелеп, жеткізген. Ибраймның отбасы Атырау өңіріне мұғалімдер әулеті ретінде белгілі. Екінші орынды қанжығаға байлағандардың бірі – махамбеттік Жаңабай Жайлашевтың отбасы туралы да айтпай кетуге болмайды. Ол «Редут» желілік өндірістік басқармасының жабдықтау қызметінің маманы болып қызмет етеді.
Жұбайы Мәншүк Жәленова Бейбарыс ауылындағы «Жас дәурен» мәдениет үйінде басшылық қызметте. Отбасында төрт бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде немере-жиендерінің тәтті қылықтарына бөленіп отырған бақытты ата мен әже. Жайлашевтар отбасы «Халықтық өнерпаздар ұжымы» атағын иеленген. Республикалық, облыстық байқаулардың лауреаттары.
«Бос уақытымды немерелеріме арнаймын»
Байқау жеңімпаздарының ішінде сан түрлі мамандықтың иегерлері бар. Солардың бірі – үшінші орын иегері, тау-кен инженері, жылыойлық Байтаңат Оңдашевтың отбасы ерекше көзге түсті.
Шаңырақтың беріктігін отбасы үшін ең басты құндылық санаған Б.Оңдашев жұбайы Қағазғали Аманжан екеуі үш ұл, үш қызды тәрбиелеп, өсірді. 29 немере мен 9 шөбере сүйіп отыр. Олар негізінен мұнайшылар әулеті болып қалыптасқан. Балаларының бәрі «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында қызмет етеді. Б.Оңдашев – «Жол бастауы Қарашүңгіл» кітабының авторы. «Лениннің туғанына – 100 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарын кеудеге таққан.
«Мерейлі отбасы» байқауы жыл өткен сайын өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Аймақтың әр түкпірінен байқауға қатысуға ниет білдіргендердің көп болуы бұл сөзімізге дәлел.
Мысалы, Индер ауданындағы еңбек ардагері Салауат Әжіғұловтың отбасы байқауы барысында үшінші орынды иемденді. Жұбайы Әсия Әжіғұлова екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. «Алтын алқалы» Әсия – аудандық «Асыл әжем» әжелер ансамблінің белді мүшесі. Зейнеткерлікке дейін құрылысшы болып қызмет еткен ол алдына келген кез-келген жұмыстан тартынбаған. Қиындығына қарамай тас қалаушы болып та тер төкті. Ата-бабадан қалған жәдігерлерді, зергерлік бұйымдар мен тоқыма төсеніштерді жинақтап, оны бүгінгі ұрпақтарына өнеге етіп келеді. 40 немере-жиен, 5 шөбере сүйіп отырған олар бүгінде отбасындағы өнегенің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы қажеттігін айтады.
— Бала өсіп келе жатқан жас шыбық секілді. Қалай ексең, солай өседі. Сондықтан, бала тәрбиесінде салғырттық танытуға болмайды. Бүгінде немере сүйіп отырған ардақты әже ретінде мен бос уақытымды немерелеріме арнаймын. Ата-анасы жұмыстан қол үзбейді. Сол себепті немерелерімнің тәрбиесіне өзім жауаптымын. Олар дүние есігін ашқаннан бастап бесік жырына қанығып өсті. Қазақ ертегілері мен батырлар жырын оқудан кенде емеспін, — дейді Әсия апай.
Өнер саласына ден қойған қызылқоғалық Алмасболат Қарабалиндер отбасы үшінші орынға ие болды. Ол аудан орталығындағы «Самал» мәдениет үйі жанындағы драма ұжымында режиссер болып қызмет етуде. Жұбайы Қымбат Қарабалина – «Отбасылық халықтық ұжымының» режиссері. Бір шаңырақ астында төрт буын өкілдері өмір сүріп жатқан, жапырағын кеңге жайған бәйтерек дерсің. «Жылдың үздік мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша «Үздік отбасылық ансамбль» атағын және V республикалық «Айтқыштар Ақтөбеде» атты әзіл-сықақ театрлары байқауында үшінші орын алған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен «Халықтық ұжым» атағына ие болған.
«Байқауда бақ сынау да – мәртебе»
Елбасының айтқанындай, отбасы неғұрлым мықты болса, мемлекетіміз де соғұрлым қуатты болады. Конкурс ұйымдастырушыларының айтуынша, байқауға қатысушылар осыны іс жүзінде көрсетуге тырысып, әрдайым отбасындағы бірлік пен берекені бірінші орынға қоятындықтарын байқатты. Облыстық кезеңге дипломант атанған отбасылар «орын алу міндет емес, байқауда бақ сынаудың өзі мәртебе» дейді.
Солардың бірі – Атырау шаһарының тұрғыны Жамал Ермағанбетованың жанұясы. Оның жұбайы Ұлы Отан соғысының ардагері Халидолла Ермағанбетов өмірден өтіп кетсе де, Жамал апай үш ұлы, алты қызын тәрбиелеп өсірді. «Алтын алқа» иегері бүгінде отбасында 21 немере-жиен мен 29 шөбере сүйіп отыр. Ұрпақтары өз заманында атағы одаққа әйгілі болған «Атыраубалық» мекемесінде еңбек еткен.
Сондай-ақ, ұлттық байқауға қатысып, облыстық байқауға үміткер атанғандардың ішінде ауыл шаруашылығы саласының маманы, жылыойлық Әбдірахман Сартаев, Индер ауданының судьясы, «Судьялар одағының Құрметті мүшесі», «Құр-мет» белгісінің иегері Әділ Құспанов, Исатай ауданының үлгілі отбасылары қатарынан орын алған Сағидолла Мұхтаров, Құрманғазы ауданынан Талапқали Зайнуллиндер отбасылары бар. Бұдан басқа, балаларынан 30 немере мен 7 шөбере сүйіп отырған қызылқоғалық Аманкелді Сәрсембаев, Мақат ауданында қазақтың қара сөзінен түйін түйіп, жыр-термені халық арасында насихаттап, ілтипатқа бөленіп жүрген Алтай Сәрсенбаев, денсаулық сақтау саласының ардагері, махамбеттік Жеміс Досымбаеваның отбасылары да бар.
Байқауда бағы жанған «Мерейлі отбасының» үздіктері туыстық қатынастарды жоғары қойып, бірлікті сақтағанда ғана жанұяда береке болатынын баса айтады. Ендеше, алдағы уақытта олардың бүгінге дейінгі өнегелі өмірі кейінгі ұрпақтарға үлгі болып жалғасады деп сенеміз. Сонда ғана еліміздегі әр шаңырақтың түтіні түзу шығып, мемлекетіміздің іргетасы одан әрі нығая түспек.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.