Жапарберді батыр қайда жерленген?
АТЫРАУ МЕН МАҢҒЫСТАУ АЙМАҒЫНА ХІХ ҒАСЫРДА КЕҢ ТАНЫЛҒАН ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БІРІ – БЕРІШ РУЫНЫҢ ҚАРАТОҚАЙ ТАЙПАСЫНАН ШЫҚҚАН ҚАБЫЛҰЛЫ ЖАПАРБЕРДІ БАТЫРДЫҢ ҒҰМЫРНАМАСЫНА ТОҚТАЛМАС БҰРЫН, ОНЫҢ АТА-БАБАСЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМЕТТЕРДЕН ОҚЫРМАНДЫ ҚЫСҚАША ХАБАРДАР ҚЫЛҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІМ. ОНЫҢ ӘКЕСІ ҚАБЫЛ МЕН АТАСЫ ИТЕМГЕН ЗАМАНЫНДА БАТЫРЛЫҒЫМЕН ТАНЫЛСА, БАБАСЫ ЕСБОЛАЙ XVIII ҒАСЫРДА БЕРІШ РУЫНЫҢ АТЫНАН БИЛІК АЙТҚАН БИ, «САУРАН АЙНАЛҒАНДА» ЕЛДІ КІШІ ЖҮЗГЕ, ОНЫҢ ІШІНДЕ АТЫРАУ МЕН ҮСТІРТКЕ БАСТАП КЕЛГЕН РУБАСЫЛАРДЫҢ БІРІ ЕКЕН. ОҒАН ҚОСА, ЕСБОЛАЙ ЕСІМІ АЛАПАТ ЖҰТТА МАЛЫН АҒАЙЫНДАРЫНА ТАРАТҚАН САХИ ЖОМАРТ, ДӘУЛЕТ ИЕСІ РЕТІНДЕ ДЕ МӘЛІМ. БҰЛ ЖӨНІНДЕ АТЫРАУ ЖҰРТЫНА ТАНЫМАЛ АҚЫН МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ БІРАЗ ЖЫРЛАРЫ БАР.
Ескерер жайт – аталған тұлғалар жөнінде мәліметтер тек аңыз әңгімеде емес, сонымен қатар архивтік дереккөздерде де кездеседі. Мәселен, Есболай би туралы мәліметтер XVIII ғасырдың 40-жылдарынан бастап орыс деректерінде берілген. Есболайдың үлкен ұлы Итемген батырдан тараған Қара, Табылды, Қабыл, Қалдыбай және Мәтен өз заманында батырлығымен көзге түскендіктен, жұрт аузында олар «Итемгеннің бес бөрісі» аталған. Олардың арасында Қараның Беріш руының старшыны және батыр ретіндегі есімі 1774 және 1794 жылдардағы құжаттарда кездеседі. Қара кеткеннен кейін Беріш руының атынан оның інісі Жапарбердінің әкесі Қабыл батыр билікке араласқан. Оның есімі 1807 жылғы Байұлы мен Жетіруді басқарушы сұлтан, старшын, би, мырза, батырларының Кіші жүзді басқарған Хандық кеңеске жазған өтініштерінде Беріш руының атынан таңбасын басқан 8 адамның ішінде (оның ішінде би Жүзбатыр мен Махамбет батырдың әкесі Өтеміс те бар) жазылған.
Келесі бір дәйек – Қараның ұлы Есет те әкесіне тартып Беріш руының аузы дуалы биі болса, Табылдыдан туған Құлбарақ 1832 жылы Маңғыстауда Хиуа хандығымен болған ұрыста қаза тапқан батыр еді. Демек, Жапарберді, Есет, Құлбарақтар Итемген батырдың немересі екен. Жапарберді батырдың өмірінің бір бөлігі Атыраумен қатар, көршілес Маңғыстау жерінде өткен. Оған бірнеше себеп те бар. Біріншіден, бабасы Есболай «Сауран айналғаннан» кейін түркімендер жайлаған Маңғыстауға адайлармен бірге алғаш қоныстанған. Халық аузындағы деректерге сүйенсек, Маңғыстауға келген қазақтың алғашқы көші 60 үй Адайдан, 2 үй Беріштен, 1 үй Таздан құралған. Осы көштегі Беріштің екі үйі болған Есболай ұлдарымен бірге қазіргі Бозащы түбегін қоныстанады.
Бұл жердегі «қоныстану» дегенді қыстау деп түсінген жөн. Себебі, Қазан төңкерісіне дейінгі дәстүрлі қазақ қоғамында қазақтың қонысы қыстау мен жайлаудан тұрған. Олардың ара қашықтығы әртүрлі. Дегенмен, ең қашық көшті аумағының басым бөлігі жайылымға жарамсыз шөлді болып келетін Маңғыстау қазақтары бастаған. Мәселен, Адайлар жайлауға Жем, Сағыз, Ойыл өзендерін бойлай шықса, Маңғыстаудағы Беріш Қаратоқайлардың жайлауы Қарабау мен Қаракөлде болған. Сол себепті, Жапарбердінің нақты қай жерде туғаны әзірге белгісіз. Батыр өмірімен байланысты архив деректері бізге кездеспегендіктен, оның өмірбаянын жазуда халық жадында сақталған ауызша тарихнама, яғни жыр мен аңыз әңгімелерді негізге алдық.
Жапарберді туралы ақын Матай Мөңкеұлы, Ығылман Шөрекұлы, жерлесіміз Берік Қорқытов, Ғиният Жұмашев, Мәжит Мұхтаров, өзге де өлкетанудан хабары бар белгілі адамдардың жазбаларында кездеседі. Жапарберді батыр туралы алғашқы мәлімет 1832 жылы Маңғыстауда болған қанды қырғында аталады. Хиуа ханының қолы Адайдың Сүйінқара батырының ауылын шапқанда, жауға қарсы Бозащыда отырған Беріштің Қаратоқай аталығынан 18 батыр аттанып, сол соғыста тек Жапарберді батыр ғана тірі қалады. Батырдың тірі қалуына оның найзагерлігі де себебін тигізсе керек. Ақын Ығылман Шөрекұлының жырлауына қарағанда, Жапарберді түркіменнің Назарбақ деген батырын найзамен шаншып, жау қолынан сытылып шыққан.
Осы ұрыста Жапарбердінің әкесі Қабыл батыр да өлген екен. Оған қоса, ағалары Құлбарақ пен Батырбек, өзге де бауырларының кегі үшін Жапарберді 1833 жылы Хиуаға 300 адамдық қолды басқарып барған. Ғиният Жұмашев пен Мәжит Мұхтаров құрастырған «Қаратоқай шежіресінде» Жапарберді сол сапарында түркіменнің Сүйінпышақ атты қолбасшысын өлтіріп, қазақтар қолы өткен жылдың есесін қайтарып жеңіске жеткендігі жазылады.
Жапарбердінің батырлығы ақын Мұрат Мөңкеұлының ағасы Матайдың жырында төмендегіше сипатталады:
Ер бапа, жас күніңде атқа міндің,
Үстіңе тәуекелдің тонын кидің.
Қараойда Қайып Құлкеш шабылғанда,
Қара атпен жалғыз жетіп шеттен тидің…
Облысқа танымал ақсақал, марқұм Ғатих Маштаховтың айтуынша, осы өлеңде айтылған оқиға кезінде Жапарберді 14 жаста болған деседі. Ол өмір сүрген ХІХ ғасырдың ортасы тек түркімендер мен қазақтар ғана емес, сондай-ақ, Кіші жүз руларының арасында да жер дауы мен барымташылықтың дәуірлеп тұрған кезеңі еді. Осындай оқиғаның бірі маңғыстаулық Төрәлі Отаралиевтің «Жапарберді батыр» мақаласында көрініс тапқан. Онда барымта жасаған Адай жігіттерінің соңынан қуған Табын Дәуіт (Дәуқара) ақсақалдың естелігі берілген. Оқиға желісі бойынша қуғыншыларды бастаған Дәуіт алға шығып, барымташыларға жақындағанда, соңғысының тобынан біреуі төбеде жалғыз қалып, келген қуғыншыны (Дәуітті) найзамен атының үстінен аударып түсіріп, кейін шылбырын қолына ұстатып кетеді.
Өзін жаралы күйінде тастап кеткен адамның ісіне тәнті болған Дәуіт «Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық» деген халық даналығын есіне түсіріп, екі ру арасында сол кезде болғалы тұрған дауды басады. Кейін Дәуіт ақсақал өзінің қарсыласын татуласу үшін іздеп, ақыр аяғында оның Жапарберді батыр екенін білгені туралы айтылады.
Батырдың өмірбаянына қатысты соңғы м ә л і м е т т і ф о рт — ш е вч е н кол ы қ , ө з і Жапарбердінің кіші ұлы Үмбетбайдың жиені болып келетін Жолымбек Есқалиев 1997 жылы «Маңғыстау» газетінде жариялады. Мақалада Жапарберді 1899 жылы балаларымен Қаражамбастан
Қарабау, Қаракөлге түпкілікті көшкені айтылады. Автордың жазуынша, бұл деректі әжесінен алған екен. Әрине, халық аузында Жапарбердіге қатысты бұдан өзге де аңыздар баршылық, алайда заманының текті ұлы турасындағы әңгімені одан әрі тереңдете беруді жөн көрмедік. Соңғы мәселе – батырдың ұрпақтары жөнінде. Шежірелік деректерге сүйенген Берік Қорқытов өзінің «Атырау билері мен батырлары» атты кітабында Жапарбердінің үш әйелінен 10 ұл, 1 қыз көргенін жазды. Ал, «Қаратоқай шежіресінде» олардың саны 13, яғни 11 ұл, 2 қыз деп көрсетілген. Оның ішінде Ұлжан атты қызын Шеркеш руының биі Асаудың ұлы Тұрлан батыр алған. Дегенмен, батырдың өмірбаянындағы басты ақтаңдақ – оның ұрпағы туралы емес, Жапарбердінің өмір сүрген жылдары мен мүрдесінің қайда жерленгендігінде.
Бұл сұраққа жауапты батырдың алтыншы ұрпағы әрі тарихшы ретінде өзім 20 жылдан астам іздедім. Айта кетер жайт, оның бейіті туралы ақпарат әр жерде әртүрлі айтылып келді. Мәселен, бір деректе ол өзінен бұрын қайтыс болған Игілік атты баласының атына орай пайда болған «Игілік» атты қорымға қойылды десе, бірқатар ақпарат берушілер ескі Қарабаудағы «Мән» зиратында, енді бірі Мұрат Мөңкеұлы жерленген қорымда жатыр деген әңгімені айтты. Келесі бір деректе «Дәрі қауымында жерленген» делініп, оған Жайық бойындағы Жапарбердінің ұрпақтары ескерткіш тақта қойған еді. Бұл мәліметтің аныққанығын анықтау үшін 2003 жылдан бастап арабтанушы мамандармен аталған зираттарды іздеп, олардағы арабша жазуларды оқытуға жұмыстандым. Бірақ, талпынысымыз бірден нәтиже берген жоқ. 2004 жылы Дәрі қорымындағы құлпытастарды оқытқанда, ол жерде Жапарбердінің 1898 жылы 72 жасында қайтыс болған ұлы Қожанияздың құлпытасы анықталды.
Ескертер жағдай, қорымдағы құлпытастардың бірқатары сынып, құлап қалған екен. Осыған орай, соңғы уақытта кейбір ағайындар арасынан осындай бірнеше бөлікке бөлініп, жазуы кетіп қалған құлпытастың бірін Жапарбердінікі ретінде көрсету жайттары болды. Әрине, бұл әрекеттің астарында батырдың есімін ұлықтау сияқты жақсы бастама болғаны сөзсіз. Дегенмен, жазуы көрінбейтін құлпытасты батырдікі ретінде тану, тарихқа қиянат жасаумен тең болатынын түсініп, әлеуметтік желіде «Жапарбердінің құлпытасын таптық» дегендерге асығыстыққа бармауға шақырдым. Мұндай күмәнге келуге мынадай жайттар себеп болды.
Ең алдымен, Жапарберді – текті, дәулетті тұқымнан. Сол кезеңнің өзінде құлпытас, оның ішінде сапалысын қою екінің бірінің қолынан келмеген. Олай деуге себеп – Дәрі қорымында немере ағасы Есет биге 1869 жылы, баласы Қожаниязға 1898 жылы қойылған құлпытастар әлі күнге дейін сыр бермей тігінен тұр. Олардан кейін қайтыс болған Жапарбердінің құлпытасы да сапалы тастан жасалуы керек деген ой келді. Екіншіден, қорымнан Жапарбердінің 10 баласының біреуі ғана табылуы «батырдың өзі қалған балаларымен өзге қорымда жерленуі мүмкін» деген ойға да жетеледі. Дейтұрғанмен, батырдың үлкен ұлы Сүйіннен тарайтын апайдың бірі өз әкесінен «батыр Дәрі қорымында жерленді» деп естіген әңгімесін және жоғарыда айтылған рулас ағайынның «таптық» деген ойын қаперге алғанда, қорымдағы құлпытастарды қайтадан мұқият оқытуға тура келді.
Құлпытастарды Атырау облысы тарихимәдени мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары Фархад Байдаулетов пен орталықтың тарихшысы Р. Қуанов биыл жазда қорымға жүргізілген мониторинг барысында бірлесе оқыды. Нәтижесінде, бірнеше қырлы оюланған, бірақ түбінен бір сынып жатқан құлпытастан (суретте) батырдың есімі анықталды. Құлпытастың сақталуы жақсы, дегенмен бірқатар жазулары өшкен. Соның өзінде мамандар одан: «Әль марһум, мағфур, Беріш руғының Қаратоқай тайпасынан Айтболат бөлімінен Жабар Қабылұлы опат 83 жасында 1899 жылы … бақиға рихлат қылынды ұшбу … тасты жаздырды Сүйін мырза» деген сөздерді оқыды.
Ерекше назар аударар жайт – Жапарбердінің негізгі есімі «Жапар» болған деп есептейміз. Себебі, жоғарыда аты аталған Матай ақынның Есболай тұқымы жайындағы толғауында батырдың аты Жапар деп беріледі: Жапар атқа мінген соң Көк найзаға жалынды… Батырдың есіміне қатысты келесі бір деректі маңғыстаулық арабтанушы Нұрлан Құлбай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Ол Қызылқоға ауданындағы Мәтенқожа әулие қорымындағы бір құлпытастан: «Беріш руғы Қаратоқай тайпасы Есболай бөлімі Жапар батырдың баласы Арыстан мырзаның зайыбы», — деген сөздерді оқыған екен.
ҚОРЫТА КЕЛГЕНДЕ, ОСЫ КЕЗГЕ ДЕЙІН «ҚАРАТОҚАЙ ШЕЖІРЕСІНДЕ» ЖАЗЫЛҒАН ЖАПАРБЕРДІ БАТЫРДЫҢ 1816 ЖЫЛЫ ТУҒАНДЫҒЫ ДҰРЫС БОЛСА ДА, ҚАЙТЫС БОЛҒАН УАҚЫТЫ 1917 ЖЫЛ ЕМЕС, 1899 ЖЫЛ ДЕГЕН ТҰЖЫРЫМҒА ТОҚТАЛҒАН ЖӨН. СОНЫМЕН ҚАТАР, ОСЫ КЕЗЕҢГЕ ДЕЙІН ҚАЙДАН ТОПЫРАҚ БҰЙЫРҒАНЫ БЕЛГІСІЗ БОЛҒАН ЖАПАРБЕРДІ БАТЫР ҚАБЫЛҰЛЫ НЕМЕРЕ АҒАСЫ ДӘРІ БАТЫРДЫҢ АТЫМЕН АТАЛАТЫН ҚОРЫМДА ЖЕРЛЕНГЕНІН ШҮБӘСІЗ ДӘЛЕЛДЕДІК, ЕНДІ ОСЫ МАҒЛҰМАТТАРДЫ БҰЛТАРТПАС ДӘЙЕК РЕТІНДЕ ТАРИХ ПАРАҒЫНА ТҮПКІЛІКТІ ЕНГІЗУГЕ БОЛАДЫ.
Мұхамбетқали ҚИПИЕВ,
тарихшы, гуманитарлық ғылымдар магистрі