Жәнібек АМАНОВ, Шахматтан халықаралық гроссмейстер: «АТЫРАУДА ШАХМАТ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛСА…»
2007 жылы шахматтан жасөспірімдер арасында «Қазақстан чемпионы» атағын иемденген ол кейін өз шеберлігін шет елде де мойындата білді. 2008 жылы қыста Индияның Дели қаласында бес жүздей шахматшы қатысқан дүниежүзілік шахмат фестивалінен ІІ орынмен оралып, кейін Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Соңғы бірер жыл Америка Құрама Штаттарының Лос-Анджелес қаласында тұрып, жуырда елге оралған Жәнібекпен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Жәнібек, әңгімемізді шахматқа келген кезіңізден бастасақ. Спорттың осы түрін таңдауға кімнің ықпалы тиді?
— Әкем Қамбарбек Аманов шахматқа ерекше ден қойып, үлкен сүйіспеншілік танытады. Әкемнің осы спорт түріне құмар болуы маған да ықпал етті. Алты-жеті жасымда ол маған бұл ойынның қыр-сырын үйреткен болатын. Бірақ, балалық шағымда мен басқа спорт түрлеріне қызығушылық танытатынмын. Сөйтіп, шахматқа тек 13-14 жасымда келдім. Алайда, қазіргі деңгей бойынша бұл жас шахматты үйрене бастауға тым кеш кезең болып есептеледі.
— Шахмат логикалық ойлау қабілетін жақсартып, мидың жұмыс жасауын жүйелететіні белгілі. Оны спорт түрлері қатарына жатқызып келеміз. Өмірлік ұстанымыңыз етіп неліктен нақ осы шахмат спортын таңдадыңыз?
— Әуел бастан бұл ойын мені әдемілігімен, тереңдігімен баурады. Әдемі жоспарларды іске асыру, ойын барысында туындайтын жаңа идеялар маған үлкен ләззат сыйлайтын. Сонымен қатар, спорттық қызығушылығымның артуы да үлесін тигізді. Өйткені, бір-бірімізбен жарыса отырып, өз шеберлігімізді де аңғартамыз. Қарсыласқа физикалық тұрғыда ешқандай күш көрсетпеу арқылы жеңіске жетуге болатыны да қызықтырды. Және бұл ойынның бір ерекшелігі – өзің мен қарсыластан өзге ешкім жарыс нәтижесіне еш әсер ете алмайды.
— Сіз үшін шахмат ойынының қыр-сыры неде? Жеңіске жету үшін шахматшы, ең алдымен, нені көздеуі керек?
— Менің ойымша, ең үздік шахматшының есте сақтау қабілеті мықты, ұйымдастырушылық деңгейі жоғары болып, тың идеяларды туындата білуі, еңбекқор болуы шарт. Және, ең бастысы, шахматқа деген үлкен сүйіспеншілік қажет.
— 2013 жылы Сізді әлемдік шахмат жұлдызы Анатолий Карповпен шаршы тақтада кездеседі деген ақпарат таралды. Бұл кездесу қашан іске асқалы отыр?
— Анатолий Карпов әлемдік шахмат тарихында ең үздік шахматшылардың бірі болып есептеледі. Онымен ойнау әр шахматшының арманы деп білемін. Әлемдік деңгейдегі мұндай шахматшының облысқа келуі үлкен жаңалық болары сөзсіз. Бірақ, бұл істі жүзеге асыру үшін демеушілердің қолдауы қажет-ақ. Сабырбай Гайсин жетекшілік ететін облыстық шахмат федерациясы бұл мәселенің шешімін қарастыруда.
— Сіз дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатыстыңыз, «Қазақстан чемпионы» атанып, Қазан қаласында Ресей Кубогы үшін халықаралық турнирде ФИДЕ спорт шебері нормасын орындапсыз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Лос-Анджелес қаласының чемпионы, тағы басқа ауыз толтырып айтарлықтай көптеген жетістіктеріңіз бар. Бірақ, Сіздің бойыңызға шахматтың негізі Атыраудан бастап сіңді. Осы орайда өзіңіздің ұстазыңыз деп кімді бағалайсыз?
— Жоғарыда атап өткенімдей, бұл ойынға мені әкем үйретті. Ал, кәсіби деңгейде 2002 жылы жаттықтырушы Сабырбай Гайсиннен үйрене бастадым. Ол менің шахматшы болып қалыптасуыма үлкен еңбек сіңірді. Тәжірибелік және теориялық білімімді шыңдай түсті. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ол менің жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысуыма үлкен ықпал жасады. Сол жарыстардың арқасында көптеген жетістікке жеттім. Сонымен қатар, ата-анамның да қосқан үлесі зор болды.
— Осы уақытқа дейін бірнеше жыл бойы Лос-Анджелес қаласында тұрдыңыз. Ол жақта қай салада қызмет атқарып келдіңіз?
— Америкада көптеген істің басын біріктірдім. Колледжде оқып, жергілікті шахмат клубында нұсқаушы және жарияланатын материалдардың авторы болып қызмет атқардым. Сондай-ақ, жергілікті шахмат турнирлеріне қатысып жүрдім. Солардың бірінде алғаш рет халықаралық гроссмейстер дәрежесін орындадым. Лос-Анджелес командасы құрамында Америка чемпионатында ІІІ орын еншілеп, сонымен қатар, 2012-2013 жылдары аталған қалада екі рет әлем чемпионы Вишванатан Анандтың қатысуымен семинар өтіп, осы жиында маған оның көмекшісі болу сәті түсті. Мұндай тәжірибелі шахматшымен бірге жұмыс жасау кезінде үлкен тәжірибе жинақтадым.
— Сіз — әлемдік деңгейде танылған шахматшысыз. Өзіңіздің әлемдік деңгейдегі басты қарсыласыңыз ретінде кімді бағалайсыз?
— Қазір шахмат әлемінде мықты бәсекелестік орныққан. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен шығып жатқан үздік шахматшылар көп болғандықтан, ішінен біреуін ғана бөліп-жару мүмкін емес. Алайда, осылардың ішінен норвегиялық Магнус Карлсенды атап өтер едім. Ол қазіргі таңда әлемдік рейтингте алдыңғы орында тұр.
— Сіздің ойыңызша, Америкамен салыстырғанда Қазақстанда, соның ішінде Атырауда шахмат спорты қандай деңгейде дамуда? Және кемшін кетіп жатқан қандай тұстарымыз бар? Әлі нені жетілдіру керек?
— Америкада шахмат спорты кең дамыған. Барлық білім беру мектептерінде дерлік шахмат факультативті пән ретінде енгізілген. Ата-аналар шахматтың баланың қалыптасуына оң нәтиже беретіндігін ескеріп, бұл дәрістерге қуана қатыстырады. Өзіңіз айтып өткендей, логикалық, аналитикалық ойлау қабілетін дамытып, жауапкершілікті арттырады. Бұған қоса, әр шахмат сабағынан соң баланың сабаққа үлгерімі жақсара түскені байқалады. Сондықтан, американдық қоғам бұл ойынға үлкен құрмет танытады.
Ал, Қазақстанда бұл спорт түрі тек бастау алуда. Елорданың өзінде 15-ке жуық шахмат орталығы ашылды. Халықаралық деңгейде де жетістіктер бар. Атап айтсақ, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен соңғы үш-төрт жылда елімізден қыздар арасында бірнеше әлем чемпионы шықты.
Өкінішке орай, Атырау облысында бұл спорт түрі кенже қалып келеді. Мұнда тек №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ғана шахмат үйірмесі жұмыс жасайды. Бұл үйірмеде де үздік шахматшылар тәрбиеленіп шығуда. Мәселен, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Нұрбол Ғалымжанов, ел чемпионы Оксана Ерланқызы. Бірақ, менің ойымша, олардың шеберлігінің әрі қарай қалыптасуы тоқтап қалды. Өйткені, өзге аймақтарға турнирлерге баруға мүмкіндік жоқ. Мысалға, әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған алматылық Жансая Әбдімәлік демеушілердің арқасында жылына сегіз-он рет Еуропа мен Азиядағы халықаралық үлкен турнирлерге қатысып, әлемнің үздік шахмат мамандарымен жеке жаттығады. Бұл қолдау оның кәсіби түрде шыңдалуына үлкен серпін береді. Сондықтан, біліктілік пен шеберлікті дамытып, қалыптастырмаса, шахматшының кәсіби өсуі ұзаққа созылмайды.
— Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
— Облыстық шахмат федерациясымен бірігіп, қаланың бір бөлігінен шахмат орталығын ашуды, оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін шетелдерден тәжірибелі мамандарды шақыртуды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде Атыраудан чемпиондар тәрбиелеп шығару – басты мақсатымыз.
Бірақ, бұл жетістікке қол жеткізу үшін демеушілердің қамқорлығы қажет екендігін тағы да атап өткім келеді. Келесі жылға басты жоспарым – Азия ойындары мен Дүниежүзілік олимпиадаға ілігу. Бұл үшін барлық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өту шарт. Мықты бәсекелестер көп болғанымен, бар күш-жігерімді саламын. Қазір бос уақытымда өзім тәрбиеленген №1 спорт мектебінде жас шахматшыларды үлкен додаларға дайындап жүрмін.
— Алға қойған жоспарларыңызға сәттілік тілей отырып, әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет айтамыз.
Әңгімелескен
Айгүл ЕРТІЛЕУ.